Нұр-Сұлтан - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Асқар Мамин ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар тапсырма берді

Асқар Мамин ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар тапсырма берді

Премьер-Министр Асқар Мамин ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Алдағы уақытта, алқаптарға күтім жасау және егін жинау жұмыстарына дайындық бойынша маңызды жұмыстар бар. Осыған орай Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Индустрия министрліктеріне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, агрохимикаттар мен минералды тыңайтқыштар, сондай-ақ арзандатылған дизельдік отынның қажетті көлемін уақытында беруді тапсырамын», - Асқар Мамин Үкімет отырысында.

*****

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,7 млн гектар жерге егілді, бұл 2020 жылғы деңгейден 78 мың гектарға көп. Ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, егіс алаңдарының құрылымын рентабельділігі жоғары дақылдардың, сондай-ақ импортты алмастыруға бағытталған дақылдардың пайдасына әртараптандыру жұмысы жүргізілді. Осылайша, биыл майлы дақылдар, көкөніс-бақша дақылдары, картоп алаңы, азықтық дақылдар алаңы ұлғайды. «Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсаттарының бірі күріш пен мақта сияқты ылғалды көп қажет ететін дақылдар алаңдарын біртіндеп қысқарту болып отыр. Өйткені олар суды көп қажет етеді, - деді министр.

*****

Елордада Есіл өзенінің бойындағы саябақта балаларға арналған ерекше алаң ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап. Ойын алаңы «Қалалық романс» тұрғын үй кешені жанында орналасады. Оның бірегейлігі – ойындарға арналған түрлі сценарий болады. Сондай-ақ, алаңда құмсалғыш, сырғанақ, бақылау орны және өзге де түрлі ойын элементтері орнатылады. Балалар алаңының жалпы ауданы – екі мың шаршы метрден астам. Қалалық Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкеннің айтуынша балалар ойын аймағы осы жазда ашылады. Ал бос уақытын таза ауада өткізгісі келетіндер үшін алаңның айналасында әткеншек пен орындық қою жоспарланып отыр.

***** 

Германия тұрғындарына ғылыми тәжірибе аясында ақша үлестіріледі. Жобаға әзірше 122 адам қатысады. Үш жыл бойы жобаға қатысушылардың банк карточкаларына ай сайын 1200 еуро түседі. Бұл үшін ештеңе істеудің қажеті жоқ, тек кейде анкеталарды толтырып, қосымша табыс өмірін қалай өзгерткені жайлы жазуы керек. Тәжірибеге кәсібі мен табысына қарамастан Германияның 21 жастан асқан кез келген тұрғынына қатыса алады. Жоба ұйымдастырушылары қосымша табыстың адамға, оның әдетіне, ең бастысы – көңіл-күйіне қалай әсер ететінін зерттейді. Зерттеушілер қатысушылар ақшасы көбейсе, бақытты бола ма және бұл оларды өзін-өзі дамытуға немесе қайырымдылыққа итермелей ме деген сауалдарға жауап іздейді.

*****

Албания парламенті ел президенті Илир Метаға импичмент жариялады, - деп хабарлайды Deutsche Welle. 104 депутат импичментті қолдады, тек жетеуі қарсы болды. Тағы үшеуі дауыс бермеген. Енді үш ай ішінде оны қызметінен босату туралы шешімді Албанияның Конституциялық соты мақұлдауы керек. Албаниядағы президент негізінен салтанатты функцияларды орындайды, бірақ сот жүйесінде және әскери салада кейбір өкілеттігі бар. Импичмент мәселесі парламенттік тексеріс нәтижесінде көтерілген. Парламент Президентті елдегі тұрақсыздық пен зорлық-зомбылықты қоздырды деп айыптайды.