Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Әлеуметтік кәсіпкерлік және инклюзивті білім беру туралы заң қабылданды

Әлеуметтік кәсіпкерлік және инклюзивті білім беру туралы заң қабылданды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті.

Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік, әлеуметтік кәсіпкерлік және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, қабылдады. Бұл заңға Парламент депутаттары бастамашы болды. Құжатта еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлікті заңнамалық реттеу және оны дамыту тетіктерін жүйелеу көзделген.

Заңға сәйкес енді әлеуметтік кәсіпкерлер әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар қатарына жататын өз қызметкерлерін оқытып, олардың біліктілігін арттыратын болса, салық жеңілдіктеріне ие болады. Сондай-ақ, мемлекет әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатымен оларды инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді және осы саладағы кәсіпкерлерге қаржылық, ақпараттық, консультациялық, әдістемелік көмек көрсетеді.

«Мемлекет басшысы әлеуметтік мәселелерді шешуге, сондай-ақ, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетуге үнемі баса мән беріп келеді. Бұл ретте әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың маңызы зор. Соның аясында заңдарға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға Сенат депутаттары бастамашы болып, дайындады. Осы ретте отандық заңнамада алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлік деген бағытқа анықтама беріліп отырғанын айта кеткен жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатымен заң аясында экономикалық өсімді қалпына келтіруге және пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдауға арналған қосымша шаралар қарастырылғанын тілге тиек етті.

«Өңдеу өнеркәсібінің жаңа кәсіпорындары үшін қосылған құн салығын 70 пайызға азайту, өңдеу өнеркәсібінің жаңа негізгі қорларына қайта инвестицияланған табысты корпоративтік табыс салығынан босату сияқты шаралар қарастырылған. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлікті қолдау үшін арнайы мобильді қосымшаны пайдалану арқылы жүргізілетін арнаулы салық режимі енгізілуде. Бұл жеке кәсіпкерлер қызметінің жекелеген процестерін және олардың салық органдарымен өзара іс-қимылын жеңілдетеді», – деді Сенат Спикері.

Отырыс барысында Сенат депутаттары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңды қабылдады.

Одан бөлек, сенаторлдар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, қабылдады. Бұл заңға да Парламент депутаттары бастамашы болғанын айта кеткен абзал.

Аталған заң ерекше білім беруді қажет ететін азаматтардың қолжетімді білім алуға құқықтарын іске асыруға және оқытудың барлық деңгейінде оларды инклюзивті білім берумен қамтамасыз етуге арналған.

Соған сәйкес бұдан былай ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытатын ұйымдар білім беру бағдарламаларын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жеке даму ерекшеліктеріне және әлеуетті мүмкіндіктеріне сай бейімдеуге тиіс. Мүмкіндігі шектеулі балаларды балабақшалар мен мектептерге қабылдау тәртібі заңмен нақтыланады.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға білім алу үшін тиісті жағдай жасауды тапсырды. Соның аясында Парламент депутаттары осы заңды арнайы әзірледі. Алдағы уақытта бұл заң мемлекеттің білім беру саясатын жетілдіреді және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кемсітусіз білім алуларына тең мүмкіндіктер туғызады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат отырысында депутаттар «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды қабылдады.

Бұл құжаттарда тараптардың халықтың және аумақтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері жазылған. Заңдар бұрынғы міндеттемелерді үйлестіруге, сондай-ақ, «Байқоңыр» кешенінің ғылыми-техникалық, өндірістік және әлеуметтік-мәдени әлеуеті мен инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.

«Байқоңыр – адамзатқа ғарыш әлемінің қақпасын ашқан алғашқы ғарыш айлағы. Қазіргі таңда да Байқоңырдың ғарышты игеруде орны бөлек. Сондықтан оны тиімді пайдалану аса маңызды. Соған байланысты қабылданған бұл заңдар осы салада екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан басқа, Палата отырысында депутаттар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау және қызметінен босату туралы мәселені қарады. Ел Президентінің ұсынуы бойынша Қанат Мусин Жоғарғы Сот судьясы болып сайланып, ант берді. Сондай-ақ, сенаторлар Мемлекет басшысының ұсынуы негізінде және Конституцияға сәйкес Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалуына байланысты Денис Шиппті Жоғарғы Соттың судьясы лауазымынан босатты.

Бүгінгі Сенат отырысында депутаттық сауалдар да жолданды. Жолданған екі сауал да Атырау облысындағы мәселелерге қатысты болды. Сенатор Ғұмар Дүйсембаев өңірдегі екі балық өсіру зауытының материалдық-техникалық базасын қайта құру, жаңарту және олардың қызметкерлерінің жалақысын көтеру қажет екенін айтты. Ал, депутат Сағындық Лұқпанов облысқа «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында бөлінген қаражаттың тапшылығына назар аударды.


Сенаттың Баспасөз қызметі