Нұр-Сұлтан - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

А. Мамин БАӘ азық-түлік қауіпсіздігі министрімен бірлескен инвестициялық жобаларды талқылады

А. Мамин БАӘ азық-түлік қауіпсіздігі министрімен бірлескен инвестициялық жобаларды талқылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) азық-түлік қауіпсіздігі министрі Марьям әл Мухейримен кездесу өткізді.

Кездесуге БАӘ-нің ірі бизнестері — «Al Dahra Holding», «DP World», «Fish Farm» және т. б. өкілдері қатысты. Тараптар сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіп, энергетика және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

ҚР Премьер-Министрі Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. 2021 жылдың 4 айында ҚР мен БАӘ арасындағы өзара тауар айналымы $276 млн құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 13,1%-ға артық.

Қазақстаннан БАӘ-ге экспорт көлемі 38,7%-ға артып, $247,8 млн жетті. 2020 жылы қаржы және капитал нарықтарының бұрын-соңды болмаған қысқаруына қарамастан, БАӘ-ден Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 12,3%-ға артып, $181,7 млн құрады.

ҚР Премьер-Министрі БАӘ Үкіметінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударатынын ескере отырып, ынтымақтастықтың басым бағыты АӨК саласындағы жобаларды бірлесіп іске асыру екенін атап өтті.

Үкімет басшысы Қазақстан әлемдегі ең перспективалы АӨК өнімдерін өндірушілердің бірі екенін атап өтті. 2020 жылдың қорытындысы бойынша the Economist Intelligence Unit рейтингінде Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігі деңгейі бойынша 113 орынның ішінен 32-орынды алып, 2019 жылмен салыстырғанда өз позициясын 16 тармаққа жақсартты.

ҚР мен БАӘ бірлескен инвестициялық жобалары қосылған құны жоғары, сондай-ақ Парсы шығанағы елдерінде зор сұраныс әлеуеті бар жаңа өндірістерді құруды көздейді. Оларды іске асыру Қазақстанда жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға, озық технологиялар мен іс-тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте ҚР БАӘ жүзеге асырып жатқан 2051 жылға дейінгі азық-түлік қауіпсіздігі Стратегиясының маңызды буынына айналады, ал бұл екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға ықпал етеді.

БАӘ делегациясының ҚР-ға сапары нәтижесінде құс фабрикаларын («Alel Agro» және «Al Dahra Holding»), сүт-тауар фермаларын («Dinara Group» және «Al Dahra Holding») салу, сиыр және қой етін өндіру («Nurym Group» және «Al Dahra Holding»), жемістерді өндіру және қайта өңдеу («Amal Bio» және «Al Dahra Holding»), балық өсіру және қайта өңдеу («Fish Farm»), астық дақылдарын өндіру және қайта өңдеу («Olzha Agro» және «Al Dahra Holding») тәрізді бағыттар бойынша жобаларды дайындау және іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Келіссөз қорытындысы бойынша «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ мен «DP World» компаниясы арасында Қазақстанның жүк ағынын арттыру және көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытудағы ынтымақтастықты көздейтін ниеттестік туралы хаттамаға қол қойылды.

Кездесуге Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев, «Kazakh Invest» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, Қазақстанның тікелей инвестициялар қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, ҚР-ның БАӘ-дегі елшісі Мадияр Меңілбеков және т. б. қатысты.


Дереккөз: primeminister.kz