Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 11.06.2021

Қорытынды жаңалықтар 11.06.2021

Ақорда резиденциясында төрт мемлекеттің жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті елшілерінің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап. Іс-шара барысында Жапонияның елшісі Джун Ямада, Үндістанның елшісі Шубдаршини Трипати, сондай-ақ, Камбоджаның Қазақстандағы елшісі міндетін қоса атқарушы Ким Хенг Миэ және Шри-Ланканың Қазақстандағы елшісі міндетін қоса атқарушы Ламаванса Мигахаланде Дураге сенім грамоталарын табыстады. Мемлекет басшысы елшілерді дипломатиялық миссияларының ресми басталуымен құттықтап, олардың еліміздегі аса жауапты қызметтері Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

*****

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Қарин бейбіт жиындар туралы заңның бір жыл ішінде қандай нәтиже бергенін айтты. «Президенттің саяси реформаларының аясында жарияланған бірінші пакет толық жүзеге асырылған болатын. Соның аясында 8 заң қабылданды. Оның ішіндегі ең үлкен заңдардың бірі – жиындар туралы заң болатын. Бұл заңның қабылданғанына бір жылдан асты. Сол бір жылдың ішінде бейбіт жиындар мен митингілер туралы заң қалай жұмыс істеді? Жақында ғана сарапшылармен осы мәселені талқылағанбыз. Сол кезде сарапшылар бұл заңның іс жүзінде қандай өзгерістер алып келгенін айтты. Байқасаңыздар, әртүрлі қоғамдық топтар емін-еркін бейбіт жиындар өткізу құқығына ие болып, үлкен қалалардың орталықтарында жиындар өтіп жатыр», - деді Ерлан Қарин Ұлттық кеңестің екі жылдағы жұмысы талқыланған жиында. Сондай-ақ, ол аталмыш заңнамалық өзгеріс еліміздегі саяси плюрализмнің дамуына, белсенді азаматтық және қоғамдық топтардың өз мәселелерін ортаға шығарып талқылауына мүмкіндік бергенін атады.

*****

Бүгін Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палата бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Депутаттарға бірқатар ратификациялық заң жобасын қарау ұсынылды. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Армения және Қырғыз республикаларының қосылуына байланысты өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жайлы заң жобасы. Бұдан басқа күн тәртібінің жобасында мемлекеттік сатып алу мәселелері туралы заңнамалық түзетулерді II оқылымда қарау көзделген. Сондай-ақ, алдағы жалпы отырыста палата комитеті Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты және ТМД қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен байланыс жүйесі туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң жобаларын жұмысқа алмақ.

*****

Премьер-Министр Асқар Мамин Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) азық-түлік қауіпсіздігі министрі Марьям әл Мухейримен кездесу өткізді. Жүздесуге БАӘ-нің ірі бизнестері — «Al Dahra Holding», «DP World», «Fish Farm» және т. б. өкілдері қатысты. Тараптар сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіп, энергетика және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылады. ҚР Премьер-Министрі Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. 2021 жылдың 4 айында екі ел арасындағы өзара тауар айналымы $276 млн болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 13,1%-ға артық. Келіссөз қорытындысы бойынша «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ мен «DP World» компаниясы арасында Қазақстанның жүк ағынын арттыру және көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытудағы ынтымақтастықты көздейтін ниеттестік туралы хаттамаға қол қойылды.

*****

Бүгін Павлодар «сары аймақтан» «жасылға» өтті. Ал, Нұр-Сұлтан қаласы әлі де «қызыл аймақта». Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау көрсеткішіне сүйенсек, Алматы қаласы, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары «сары аймақта» қалып отыр. Ал Қалғандары «жасылға» өтті.

*****

UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов Алматыға келеді. Ол аралас жекпе-жектен өтетін халықаралық турнирдің қонағы болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Іс-шара 18 маусымда «Almaty Arena» кешенінде өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде Шамиль Зовуров бразилиялық Рикардо Тирлониге қарсы шығады. Сонымен қатар, кешке бірнеше мемлекеттің спортшылары қатысады. Оның ішінде қазақстандықтар да бар. Хабиб Нурмагомедов – ресейдің аралас жекпе-жек спортшысы, жеңіл салмақтағы UFC экс- чемпионы. Кәсіби деңгейде ол 29 жекпе-жек өткізіп, барлық қарсыластарынан басым түсті. 2020 жылдың 24 қазанында жеңіл салмақта UFC ұйымының чемпионы Хабиб Нурмагомедов Әбу-Даби қаласында 254 турнирінде америкалық Джастин Гэтжиді жеңгеннен кейін карьерасын аяқтағаны туралы мәлім еткен болатын.

*****

Жеңіл атлетика шеберлері Қазақстан чемпионаты нәтижесі бойынша тиісті нормативті орындады. Бүгін Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы қазақстандық спортшылардың нәтижесін ресми жарияланды. Сонымен, #teamKZ қоржынына Мария Овчинникова, Кристина Овчинникова және Надежда Дубовицкая үш жолдама алып келді. Мария Овчинникова үш қарғып секіру жарысының қорытындысы бойынша лицензия жеңіп алды. Спортшы 14,34 метр нәтижемен үздік көрсеткішке қол жеткізді. Бұл нәтиже олимпиадалық стандарттан екі сантиметрден асып түседі (14.32). Кристина Овчинникова мен Надежда Дубовицкая биіктікке секіру лицензияларын жеңіп алды. Надежда Дубовицкая Азия рекордын жаңартып, 2,0 метр нәтиже көрсетті. Кристина Овчинникова 1,96 нәтижесін тіркеді. Лицензияны орындау нормасы 1,96 нәтижесі болғандықтан, екі нәтиже де Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының қоржынында бұған дейін төрт жолдама болды. Оны Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Григорий Шейко мен Айман Ратова (спорттық жүріс) және Жанна Мамажанова (марафон) жеңіп алған болатын. Бүгінде Қазақстан қоржынында спорттың 25 түрінен 66 жолдама бар.