Салт аттылар алғашқы 10 күндігін қорытындылады

Нұр-Сұлтан қаласындағы Бозоқ қалашығының орнынан бастау алған салт аттылар алғашқы 10 күндігін қорытындылады.
Қазіргі таңда салт аттылар Қарағанды облысы мен Павлодар облысының шекарасында орналасқан Қаратомар ауылына келіп тоқтады. Жол жөнекей тарихи жерлерге соғып, ата-бабалардың рухына зиярат та етті.
«Салт аттылар алғашқы 10 күндікті бағыңдырдық, ат көлігіміз тегіс аман. Қазіргі таңда Павлодар облысы мен Қарағанды облысының шекарасында орналасқан Қаратомар, Жайма ауылына ат басын тіредік. Жол бойы Олжабай батыр кесенесінде, Бұйратау ұлттық паркінде, Әлкей Марғұлан ауылында, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының зиратында болдық. Сонымен қатар, Жасыбай көлінде 1 күн ат демалттық. Сол кезде Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылында болып, ұлы ақынның басына барып, құран бағыштап қайттық. Баянауыл өңіріндегі әйгілі орын – «Қоңыр әулие» үңгіріне барып, сол жерде шырақшы Алтынбек Құрманов деген ағамызға жолығып, үңгірдің тарихына, ерекшелігіне қатысты мәліметтер алдық. Жасыбай көлінен 18 маусым күні аттанып, Жаңатілек ауылында келіп, қондық. Жаңатілек ауылынан аттанып, Бұхар жырау бабамыздың кесенесінің басына түнедік. 20 маусым күні Қаратомар ауылына келдік»,- дейді «Арғымақ» танымдық порталының бас редакторы Ержан Жаубай.
Еске сала кетсек, 10 маусым күні Үркер шағын ауданындағы Бозоқ қалашығы орнында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық Ат туризм федерациясының ұйымдастыруымен салт аттылардың көпкүндік экспедициясы бастау алған болатын. Экспедицияның негізгі мақсаты – еліміздегі тарихи нысандарды атпен аралау, Елбасымыздың «Атқа міну мәдениетін» насихаттау, Қазақстанда жылқы туризмін дәріптеу және еліміз жастарының тарихымызға, киелі жерлеріміз бен атқа мінуге деген қызығушылығын ояту.
Нұр-Сұлтан – Жидебай бағытында 1000 шақырымды бағындыруға аттанған әуесқой салт аттыларға ұлт үнжариясының туы табысталды.