Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 24.06.2021

Қорытынды жаңалықтар 24.06.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Lancaster Group Kazakhstan» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Берік Қаниевті қабылдады. Кездесу барысында Президентке компанияның спорт, білім беру және экология салаларындағы іске асырылып жатқан жобалары таныстырылып, холдингтің пандемияға қарсы күреске қосқан үлесі туралы баяндалды. Берік Қаниев Қасым-Жомарт Тоқаевқа балалар мен жасөспірімдер футболына жан-жақты қолдау көрсету, жаттығу орталықтарының инфрақұрылымын жақсарту және бапкерлер құрамының біліктілігін арттыру мақсатында құрылған «Jas Qyran» футбол лигасының жетістіктері туралы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы қаласының экологиясын жақсарту мақсатымен құрылған «AirVision.kz» қоғамдық қорының жұмысы таныстырылды. Мемлекет басшысы компаниясының әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға қосқан үлесіне оң баға берді.

*****

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының үшінші отырысын өткізді. Комиссияның отырысында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын ұйымдастыруға және олардың міндеттеріне қатысты мәселе қарастырылды. Жиында Мемлекеттік комиссия мүшелері өңіраралық ынтымақтастық пен аймақтық комиссиялардың тәжірибе алмасу ісін жетілдіруге, архив құжаттарын сараптау жөніндегі оң тәжірибелерді ортаға салатын алаң құруға, іздестіру-зерттеу жұмыстарын тиімді қалыптастыруға қатысты ұсыныс-пікірлерін айтты. Мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев өз сөзінде ғалымдардың зерттеу жұмыстарын жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасау қажет екеніне басымдық берді.

*****

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясындағы жұмысын қорытындылады. «Бүгін біз жетінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясындағы Сенаттың қорытынды отырысын өткізіп отырмыз. Сессия барысында Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Парламент 63 заң қабылдады. Олардың ішінде 15-іне депутаттық корпус бастамашылық жасады. Палатаның қарауына түскен әр заң жобасы жан-жақты қаралып, тұрақты комитеттер мен жалпы отырыстарда кеңінен талқыланды. Азаматтар мен сарапшылар қоғамдастығының ұсыныстары да назардан тыс қалмады. Сонымен қатар ол 30 маусымда бірлескен отырыс өтетінін, онда бірінші сессияның жұмысына қорытынды жасалып, парламеттік каникул жарияланатынын айтты.

*****

ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина ауыл әкімдерін сайлауын өткізуге қанша қаржы жұмсалатындығын айтты. «Бюджет кодексінің 42-бабы 7-тармағына сәйкес жоғары тұрған орган қабылдаған нормативтік-құқықтық актілерден туындайтын төменгі бюджеттердің шығыстарын өтеу жоғары тұрған бюджеттен ағымдағы мақсатты трансферттер бөлу арқылы жүргізіледі. Республикалық бюджет туралы» заңда ауыл әкімдерін сайлауға осы жылдың соңына дейін 4,7 млрд теңге қарастырылып отыр», - деді Сәбила Мұстафина.

*****

Үш жылдың ішінде Шымкент қаласының бюджеті 131,2 млрд. теңгеден биыл 481,6 млрд. теңгеге жетеді деп күтілуде, яғни өсім 3,7 есе. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Айтенов айтты. Оның айтынша өңірде Кәсіпкерлік белсенділік те артты. Инвестиция көлемі соңғы үш жылда 1,9 есе өсті.

*****

Тәуелсіздік жылдарында елдегі ақпарат құралдарының саны 407-ден 4,5 мыңға көбейді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева URKER-2021 ұлттық бәйгесінің марапаттау шарасында айтты. «Осы сәтті пайдаланып журналистер қауымы мен барша ақпарат саласының мамандарын кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын», - деді Аида Балаева.

*****

URKER-2021 сыйлығының Арнайы жүлдесі биыл 100 жылдығын атап өтетін Қазақ радиосының ұжымына бұйырды. Арнайы жүлдені Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақ радиолары ЖШС-нің Бас директоры Ернұр Бураханға тапсырды.