Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 19.07.2021

Қорытынды жаңалықтар 19.07.2021

Коронавирустың жаңа толқыны ең жойқын болып отыр. Азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Сондықтан шұғыл түрде іс-шаралар жоспарын қабылдау керек. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте айтты. Бұған дейін Үкімет жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеген. Алайда эпидемиологиялық ахуал күннен күнге нашарлап барады. Елордада жағдайы ауыр әрі аса ауыр науқас көбейген. Президентті қауіпті вирусқа балалардың жиі шалдығуы алаңдатады. Елде күн сайын коронавирус жұқтырғандардың саны 5 мыңнан асып жатыр. Жансақтау бөлімдері түгел іске қосылған. Қосымша дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтар сатып алынды. Осыған қарамастан жағдай көңіл көншітпейді деді Мемлекет басшысы.

*****

Алдағы уақытта қазақстандық вакцина дамушы елдердің нарығына жеткізілуі тиіс. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге жеке тоқталды. Мемлекет басшысы үкіметке екі жақты келісімдер аясында QazVac екпесінің жеткізілуін назардан тыс қалдырмай, бір айдың ішінде есеп беруді тапсырды. Бұдан бөлек, жетекші мемлекеттер ұсынған екпе түрлерін елімізге әкелу мәселесіне де мән берілді. Мәселен, Ресейдің жаңадан шығарған Спутник Лайт вакцинасын отандық фармацевтикалық компанияларға жеткізу және оны Қазақстанда өндіру қажет. Сондай-ақ Президент Ashyq жүйесінің аясын кеңейту қажеттігін айтты. Бұл ретте жүйенің жұмысын жіті қадағалау аса маңызды. Кәсіпкерлік нысандарын Ashyq тізіміне қосу қағазбасты жұмысқа айналып кеткен. Осыны ескерген Президент жүйеге енгізу жұмысын жылдамдатуды тапсырды.

*****

Жалған вакцина паспортын жасағандар қатаң жазалансын. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңесте қадап айтты. Өйткені, бұл жағдай иммунизация процесін тежейді. Айналып келгенде ұлттық қауіпсіздікке кері әсер етеді. Сондықтан, осындай деректерді уақытылы анықтап, оған қатысты жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Мемлекет басшысы жалған паспорт жасаушылардың жолын кесу үшін Ішкі істер министрлігі жанынан ведомствоаралық арнайы топ құрып, бүкіл жұмысты үйлестіруді тапсырды. Ол қоғам тарапынан көтерілген мәселелерді реттеп, тиісті шешімдер қабылдап отырады.

*****

Бүкіл мұсылман үшін қасиетті Құрбан айт мерекесінде құрбандық шалатын жерлерде жұрттың жиналуына жол берілмейді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. «Елде күрделі ахуал қалыптасып отыр. Сондықтан біз жұрттың құрбандық шалатын жерлерде жаппай жиналуын болдырмауымыз керек. Жағдайды одан бетер ушықтырып алуымыз мүмкін. Үкімет пен әкімдер осы мәселені ерекше бақылауда ұстауы керек. Құрбан айтта инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Енді атқарушы органдар нақты жоспар жасап, оны бір ай көлемінде Президентке таныстырып әрі жүзеге асырып үлгеруі тиіс.

*****

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін 40 мыңға жуық өтініш берілді. Құжаттарды қабылдау 16 шілдеде басталып, 25 шілдеге дейін жалғасады. Құжаттар Egov электрондық үкімет порталы арқылы қабылданады. Білім беру гранты конкурсына қатысу үшін құжаттарды тапсыру кезінде медициналық анықтама талап етілмейді. Медициналық анықтаманы тек тамыз айында университетке қабылдау кезінде тапсыру қажет.

*****

Қазақстанда ата-аналарды ДДСҰ бағдарламасы бойынша оқыту басталды. Ата-аналар дамуында ерекшелігі бар балаларға күтім жасау дағдыларын меңгереді. Бағдарлама бойынша ата-аналардың арасынан жаттықтырушыларды даярлау қолға алынады. Шымкентте 14 адамнан тұратын болашақ жаттықтырушылардың бірінші тобын оқыту 19-23 шілде аралығында өтеді. Олар қажетті білім мен дағдыларды игергеннен кейін тәжірибесін өзгелермен бөліседі. Аталған бағдарламаның мақсаты дамуында кідірісі бар, оның ішінде аутистік спектрдің бұзылуы байқалатын 2 мен 9 жас аралығындағы балаларды күтіп-бағумен айналысатын адамдарға әдістемелік көмек көрсету. 

*****

Алматыдағы эпидемиологиялық ахуал ушығып тұр. Бұл вакциналанбаған және бұрын ауырмаған тұрғындардың коронавирус инфекциясының дельта штамын жұқтыруына байланысты. КВИ-дің одан әрі таралуын болдырмау жөніндегі қалалық штаб отырысында ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралды. Қаланың Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, Алматыда жыл басынан бері жалпы КВИ жұқтырудың 65 878 жағдайы тіркелген. Базалық болжам бойынша дерттің шарықтау шегі 3-4 тамызға тура келеді әрі тәулігіне 1600-ге жуық жаңа жағдай тіркелуі мүмкін. Пессимистік болжам бойынша дерттің шарықтау шегі 10-11 тамызға тура келеді, 1900 жаңа жағдай тіркелуі мүмкін. Мектеп оқушыларының оффлайн оқуын қамтамасыз ету үшін мониторинг жұмыстары жүргізілуде және мұғалімдер вакцина алуда. Бүгінде педагогтардың 97%-і I компонентпен, 67,9%-і II компонентпен вакциналанды.

*****

Ұшу-қону жолағы мен жарық-сигналдық жабдықтың жөнделуіне байланысты 21 шілде мен 9 тамыз аралығында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында ұшып шығу және ұшып келу кестесі өзгереді, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Әуежайдың жұмыс уақыты тәулігіне 24 сағаттан 17 сағатқа дейін қысқарады. Жөндеу жұмыстары күн сайын сағат күндізгі 11-ден кешкі 18:00-ге дейін жүргізіледі. Бұл жұмыстар 1 сәуірден бастап барлық әуекомпаниялармен алдын ала бекітілді, соған сәйкес олар рейстер кестесін өзгертті. Осыған байланысты жолаушылар әуежайға алдын ала тіркелуі және компаниялардың колл-орталықтарында рейстердің ұшу уақыты туралы толық ақпаратты нақтылауы керек. 

*****

Канададағы Батыс Онтарио университетінің ғалымдары жараға жаққаннан кейін қанауды тоқтата алатын желім ойлап тапты. Препараттың негізгі құрамы - ланцегол жыландарының уынан бөлінетін батроксобин. Дәрігерлер бұл затты гидрогельмен араластыра отырып, хирургиялық операциялар кезінде қан кетуді тоқтату үшін қолданады. Тәжірибе кезінде оны жарықта қататын арнайы желатин құрамына қосқан. Кеміргіштерге зерттеу кезінде ғалымдар жараны 45 секундта бітей алды, осылайша қан жоғалту 78% төмендеген. Препарат кесілген жерлерге, қолқаның жарылуына және бауырдың зақымдануына тиімді екендігі дәлелдеді.