Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 22.07.2021

Қорытынды жаңалықтар 22.07.2021


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты. Мемлекет басшысы Қытайдың Хэнань провинциясындағы толассыз жаңбыр мен су тасқыны салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны және зардап шеккені туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдады. «Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтардың және жеке өзімнің атымнан Сізге, жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ, бүкіл Қытай халқына қайғыра көңіл айтамын. Табиғи апаттан жарақат алғандардың тез арада сауығып, із-түссіз жоғалғандардың аман-есен отбасыларына оралуына тілектестігімді білдіремін», – делінген жеделхатта. Қасым-Жомарт Тоқаев қажеттілік болған жағдайда Қазақстан Үкіметі тиісті көмек көрсетуге дайын екенін нақтылады.

*****

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевпен өңірді дамытудың өзекті мәселелерін телефон арқылы талқылады. Мемлекет басшысына облыстың бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары баяндалды. Негізгі көрсеткіштер бойынша өсімнің оң қарқыны бар екені атап өтілді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирус індетіне қарсы күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімет берілді. Облыста вакцина салдыруға тиісті халықтың 49 пайызы екпе алған. Сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры әзірленген.

Бұдан бөлек облыс әкімі Президентке егін егу және жем-шөп дайындау мәселелері туралы айтты. Ауыл шаруашылығы дақылдары егілген жер көлемі 5 миллион гектардан асады. Өңірдегі жауын-шашынның аздығынан Жарқайың, Есіл, Жақсы аудандары көбірек зардап шекті. Осыған байланысты көршілес аудандарда бірлесе шөп дайындау жұмыстары ұйымдастырылады.

 Сонымен қатар Ермек Маржықпаев Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады. Атап айтқанда Қосшы ауылына облыстық маңызы бар қала мәртебесін беру жөнінде, жылу электр орталығын салу үшін әлеуетті инвесторлар іздестіріп жатқанын, сондай-ақ, су басатын аймақ тұрғындарын көшіру үшін Атбасар қаласында 100 пәтерлік екі үйдің құрылысы басталғанын жеткізді. Еліміздегі елеулі саяси оқиға – ауыл әкімдерін сайлауға дайындық барысына ерекше мән берілді. Жалпы облыс бойынша 95 әкім сайланады. Әңгімелесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

*****

 Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында "Медина клиник" ЖШС дәрігерлік амбулаториясына барды. Клиника 2018 жылы жеке инвесторлардың қаражаты есебінен салынған. Былтырдан бастап мемлекеттік тапсырыс аясында Бауырластар және Сазда ауылының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, министр Ақтөбе қаласында бір ауысымда 500 келушіге есептелген және 55 мың адамға қызмет көрсететін "№ 3 қалалық емхана" ШЖҚ МКК-да болды. Алексей Цой вакцинация кабинеттерінің жұмысын, екпелерді сақтау шарттарын зерттеп, медицина қызметкерлерімен әңгімелесті. Дәрігерлердің тілектерін тыңдап, халықпен жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

*****

Енді еліміздегі эпидахуалға тоқталайық. Қазақстанда өткен тәулікте 5708 адамда коронавирус індеті анықталды. Ең көбі Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен Қарағанды облысында тіркеліп отыр. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 509998- ге жетті. Ал, эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, «сары» аймақта: Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары қалды. Қалған өңірлердің барлығы қауіпті аймақта.

*****

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина алғандар саны 5 миллионнан асты. Нақтырақ айтсақ, 1 - ші компонентті 5 009 408 адам, 2 - ші компонентін 2 992 214 адам салдырды. Вакциналау науқанында Алматы қаласы, Түркістан, Алматы, ШҚО және Шымкент қаласының тұрғындары белсенділік танытуда.

*****

Елордадағы эпидемиологиялық ахуал қиындап, ауру өсімі шарықтау шыңына жетті. Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың айтуынша, қаладағы инфекциялық стационарлар 72 пайызға толды. Сондықтан, қалалық ауруханалар инфекциялық режимге ауыстырылып, күндізгі стационарлар мен жоспарлы емдеуге жатқызу тоқтатылды. Жағдайдың оңалуы үшін басқарма басшысы тұрғындарды вакцина алуға шақырды.

*****

Алматыда қосымша шектеу шаралары еңгізіледі. Тиісті мәселе коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі Қалалық штабтың отырысында қаралды,-деп хабарлайды zakon.kz. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин шілденің үш аптасында індеттің 12 мыңнан астам жағдайы тіркелгенін айтты, бұл маусым айының осы кезеңіндегі көрсеткіштерден төрт есе жоғары. Сондықтан Ведомствоаралық комиссияның ұсынысы бойынша инфекцияның таралуын болдырмау үшін шектеу шараларын күшейту жоспарлануда. Арнайы қаулы алдағы күндері жарияланады.

*****

ҚР Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылына дайындыққа қатысты ұсыныстар әзірледі. Санитарлық қызметтің талабы бойынша алдағы оқу жылында мектептерді ашу шарттарының бірі – мұғалімдер мен қызметкерлерді вакциналау. Сонымен қатар, барлық мектептерде қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, кабинеттердің ауасын зарарсыздандыру және дезинфекциялау шараларын жүргізу керек. Әкімдіктердің білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері балалардың дәліздер мен буфеттерде жиналуын болдырмау үшін үзілістерді әртүрлі уақытта өткізуді ұйымдастыруы қажет. Сондай-ақ бір сынып бір кабинетте оқуы тиіс. Білім беру ұйымдары бұқаралық, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуді шектеуі керек. Дәстүрлі оқыту форматында мектеп формасы бұрынғыдай сақталады. Дегенмен, білім беру ұйымдарын дәстүрлі форматқа қайтару шешімі елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданады.

*****

 Ал, ертең Токио Олимпиасының ашылу салтанаты өтеді. Коронавирусқа қарсы шектеулерге байланысты ашылу шарасы көрерменсіз ұйымдастырылады. Қазақстан олимпиадалық құрамасы Токио төрінде 27 спорт түрінен бақ сынайды. Бүгін дзюдо, теннис, үстел теннисі және таэквандодан қазақстандық спортшылардың қарсыластары анықталды. Жалпы Жапония жерінде 95 отандық атлет ел намысын қорғайды. Төртжылдықтың басты додасында барлығы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.