Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 23.07.2021

Қорытынды жаңалықтар 23.07.2021

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өз еркімен отставкаға кету туралы сұрақтарға жауап берді. «Денсаулық сақтау министрлігі соңғы кездері жиі сынға ұшырап жүр. Сіздің де министр ретінде жауапкершілік арқалайтыныңыз анық. Мұндай жағдайлар қайталана берсе, өз еркіңізбен отставкаға кетуге дайынсыз ба?», - деген сұрақ қойылды министрге Орталық коммуникациялар қызметінде. Өз кезегінде А. Цой Денсаулық сақтау министрлігі алдында көптеген мәселелер тұрғанын айтты. «Өкінішке қарай, пандемия жаппай барлығына ықпал етіп жатыр. Министрліктің де бар күші коронавирус инфекциясымен күреске бағытталған. Бүкіл қызметкерлеріміз іс жүзінде тәулік бойы жұмыс істеуде. Егер еліміздің басшылығы басқа мамандарды тартуды дұрыс деп ұйғарса, біз әрдайым дайынбыз. Қазір біз тікелей жұмысымызға кірісіп кеттік, басқасына уақыт жоқ. Біз азаматтарымызды құтқарумен айналысып жатырмыз», - деп жауап берді Алексей Цой.

*****

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова вакцинациядан кейін вирус жұқтырған науқастардың қандай екпе түрін алғанын айтты. «Бүгінгі таңда вакцина алғаннан кейін коонавируспен ауырудың 4 765 жағдайы тіркеліп отыр. Бірінші кезеңнен кейін 2 384 жағдай, екінші кезеңнен кейін 2381 жағдай болған. Бұл жалпы вакцина алғандардың 0,09 пайызы ғана. «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентімен 2048, екінші компонентімен 2 101 жағдай (0,09 пайыз), Hayat-Vax – 246 және 221 (0,09 пайыз), CoronaVac - 45 және 11, QazVac – 41 және 45 жағдай тіркелді», - деді комитет басшысы орталық коммуникацилар қызметінде өткен брифингіде.

*****

Айжан Есмағамбетова қай өңірде қандай вакцина түрлері қалғаны туралы да мәлімет ұсынды. «Бүгінде 582 141 бірінші компоненттің дозасы, 1 млн 194 мың екінші компонент дозасы бар. CoronaVac вакцинасының 20 мың бірінші компонент дозасы бар. Барлық өңірлерде әр түрлі мөлшерде бар. Ең көбі Маңғыстау облысында. Тек Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жоқ. «Спутник V» екпесінің 581 мың бірінші компонент дозасы барлық өңірлерде бар. QazVac-тың 3000 дозасы бар. Маңғыстау және Атырау облыстарында көп. Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Түркістан облыстарында бұл вакцина қалған жоқ. «Синофармның» 6 286 бірінші компонент дозасы қалды. Бұл вакцинаның бәрі тек Маңғыстау облысында», - деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы.

*****

Ресей Тәжікстандағы Ауғанстан шекарасына жақын маңдағы әскери базасына бірнеше әскери техникасын жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл маңда келесі айда әскери-оқу жаттығуы өтуі тиіс. Бұл туралы Ресейдің Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасаған «Рейтер» агенттігі хабарлады. Естеріңізге сала кетейік, Ауғанстанда «Талибан» қозғалысының содырлары АҚШ әскері елден кететінін мәлімдеген сәттен бастап үлкен қалалар мен елдімекендерге шабуыл жасауға кірісті. Сарапшылар бұл мәселе қазір Ресей билігінің негізгі бас ауруына айналды дейді.

*****

Дәл қазір Жапония астанасы Токио қаласында XXXII жазғы Олимпиаданың ашылу салтанаты өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Биыл дүбірлі додада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Олимпиада бағдарламасына бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг секілді спорттың бес түрі енгізілген. Алдын ала мәлімет бойынша айтулы аламан бәсекеге жұмыр жер бетіндегі 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Жарысқа қатысушылардың тең жартысына жуығы әйелдер болмақ. Ұйымдастырушылар оның гендерлік теңдікті білдіретінін айтады. Аталған шараны ұйымдастыруға жауапты мамандардың айтуынша, Токио төріндегі айтулы шара елдің есінде инновациалық Олимпиада ретінде ерекшеленетін болады. Қазақстандық 97 спортшы күншығыс елінде спорттың 28 түрінен бақ сынайды.

*****

Токио төрінде Қазақстан жалауын қызылордалық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова ұстап шығады. Биыл Олимпиада өзінің тарихында 32-мәрте жалауын желбіретеді. Тұңғыш рет 1896 жылы Грекия жерінде басталған айтулы спорт додасы содан бері барша адамзат баласының қызыға тамашалайтын бәсекесіне айналды. Әлем жұртшылығы АҚШ-ты аталған сайысты ең көп ұйымдастырылған ел ретінде таниды. Онда 4 рет жазғы және 4 рет қысқы Олимпиада өткізілген. Ал Франция 2 жазғы, 3 қысқы аламанның алауын жақты. Одан кейінгі кезекте Ұлыбритания 3 рет (3/0), Германия 3 рет (2/1), Жапония, Италия, Канада 3 рет (1/2) осындай сенімге ие болған.

*****

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Хабар» агенттігі» АҚ ел аумағында Токио Олимпиадасын және 2022 жылғы Пекинде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарын көрсету құқығын иеленді. Келісімшарт қорытындысы бойынша трансляция құнын қолайлы бағада сатып алу туралы ортақ мәмілеге қол жеткізілген. Қазақстандықтар 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарын «Qazaqstan», «Qazsport» және «Хабар» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады. Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың 27 түрі бойынша 97 лицензия бар. Айта өтейік, «Қазақ радиосының» эфирінен дүйсенбі-жұма аралығында таңғы сағат 8:15-те «Олимпиада күнделігі» хабары эфирге шығады. Тікелей толқында әріптесім Мұхаммедәлі Болатұлы жаһандық жарыс барысынан жедел ақпараттармен бөліседі.