Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жыл басынан бері жемқорлық бойынша 500-ге жуық адам сотталды

Жыл басынан бері жемқорлық бойынша 500-ге жуық адам сотталды


Елімізде жыл басынан бері жемқорлық бойынша 500-ге жуық адам сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров «Antikor news» жобасы аясында өткен брифинг барысында хабарлады. Агенттік тергеушісінің айтуы бойынша, аталған мерзімде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 874 сотқа дейінгі тергеуді тіркеген. Олардың ішінде 694 іс сотқа жөнелтілді.

*****

Сонымен қатар, 563 тұлғаға қатысты қосымша жазалау шаралары қолданылды. Атап айтатын болсақ, 464 тұлға белгілі лауазымды иелену немесе белгілі қызметпен айналысу құқығынан айырылды. 94 адам арнайы, әскери немесе құрметті лауазым, кластық шен, дипломаттық ранг, біліктілік класы мен мемлекеттік наградаларынан айырылды. 5 адамның мүлкі тәркіленді, - деді агенттік тергеушісі Данияр Бекайдаров.

*****

Осы аптада «AntikoLive» жобасына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы Денис Шәкенов қатысты. Ол аймақта салада қолға алынған жұмыстар туралы әңгімелеп берді. Департамент басшысы Қарағанды облысында өткен жылы және биылғы жылдың 6 айында анықталған сыбайлас жемқорлық қылмысы туралы тілге тиек етті.

*****

Соңғы жылдары парақорлық фактілері бойынша колл- орталық арқылы шағым түсіру көбейген. 6 айда кеншілер аймағындағы колл-орталыққа 13 адам жүгінген. Ал, былтыр облыс көлемінде сыбайлас жемқорлық ісі бойынша 56 өтініш түскен. Жергілікті департаментте 4 қылмыстық іс тіркелген. Оның 3-еуі алаяқтық қылмыс және біреуі пара алу. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы Денис Шәкенов бұл көрсеткіштер артса, жемқорлықтан ада қоғам орнатуға мүмкіндік туатынын айтады. Ол үшін облыс тұрғындарын ашықтыққа шақырамын,-дейді департамент басшысы.

*****

Ал, Атырау облысында өткен жылдармен салыстырғанда сыбайлас жемқорлық қылмысы төмендеген. Алты ай ішінде 5 факті жүйелі жемқорлық бойынша, 3 мемлекеттік бағдарламалар аясында, 1 шағын және орта бизнесте және 1 көлеңкелі экономиканы қолдау бойынша анықталды. Жалпы жемқорлыққа қатысы бар 39 адам жауапқа тартылды. 62 іс сотқа жіберілді. 19 адам сотталды, - дейді департамент басшысы Қанат Сүлейменов. Оның айтуынша, департамент мамандарының ұсынысымен 6 ай ішінде 46 мемлекеттік органнан 450 млн теңге бюджет қаражаты үнемделген. Сондай-ақ жемқорлық фактісін хабарлаған 4 азаматқа 700 мың теңгеден астам сыйақы берілген.

*****

Жалпы, Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болып айқындалған. Осы қылмыс үшін жауапкершілік те күшейтілді. Ең бастысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмысы қолға алынды. Бұл бағытта өскелең ұрпақпен жұмыс жасау, яғни баланы жастайынан қазақстандық париотизм және сыбайлас жемқорлықты қабылдамау рухында тәрбиелеу маңызды,-деді Антикор өкілдері.