Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейеді

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейеді

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейеді. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк мәлім етті. «Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құқық қорғау органдары әкімшілік іс жүргізуді зардап шегушінің өтініші болмаса да іске асыра алады. Дегенмен отбасылық зорлық-зомбылық көрген әйел, яғни зардап шегуші, көп жағдайда күйеуіне психологиялық, қаржылық жағынан тәуелді болғандықтан, мәселені ушықтырғысы келмей, татуласуға келісімін береді. Былтыр қазақстандық әйелдерден 190 мың өтініш түскен. Соның 4/1 ғана сотқа дейінгі тергеуге жіберілген. Жалпы, зорлық-зомбылыққа қатысты әкімшілік іс жүргізудің 60 пайызы екіжақтың татуласуына байланысты тоқтатылады. Осы орайда министрлік тұрмыста жұбайынан зорлық-зомбылық көрген оқиғаларда екіжақтың татуласу процесін қайта қарауды қолға алып жатыр. Яғни, алдағы уақытта күйеуі тарапынан әйеліне қол көтеру қайталанған жағдайда, татуласуды болдырмау жоспарда бар», - деді Алексей Милюк. 

*****

Қазақстанның Канададағы және Кубадағы міндетін қоса атқарушы Елші Ақылбек Камалдиновтың Кубаның Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Марселино Мединамен кездесуі өтті. Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан – Куба екіжақты ынтымақтастығын одан әрі дамытудың негізгі басымдықтарын талқылады. Кездесуде тараптар елдеріміз арасындағы саяси диалогтың үдемелі сипатын атап өтті. Елші Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырды. Сонымен қатар экономикалық өзара іс-қимылдың, оның ішінде фармацевтика және туризм саласындағы перспективалық бағыттарын белгіледі. Кубаның Сыртқы істер вице-министрі Елшіні елдегі қазіргі саяси және экономикалық жағдаймен таныстырды. Қазақстанның Кубаға қатысты ұстанымына ризашылық білдіріп. дипломатиялық миссияның мәртебесін Елшілік деңгейіне көтергені үшін Қазақстан басшылығына алғыс айтты. 

*****

Семейде әскери қызметшілер суға батып бара жатқан 16 жастағы жасөспірімді құтқарып қалды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, сарбаздар Ертіс өзенінің жағалауын патрульдеп жүрген. Олар кенет суға құлаған 16 жастағы жігітті қатты ағын алып кеткенін байқаған. «Сағжан Мұхтаров құтқару кеудешесін киіп, арқанды беліне байлап, көмекке ұмтылған. Оның әріптестері қауіпсіздік мақсатында арқанды ұстап, қайықпен жүзіп отырған. Сарбаздар осылайша жасөспірімді судан аман алып шыққан. 

*****

Норвегияда ірі метеорит құлады. Түнгі сағат бір шамасында ғарыш объектісі жарылып, бірнеше секунд бойы Осло аспаны жарқырап тұрды, деп хабарлайды «Хабар 24». Аспан денесінің құлау жылдамдығы секундына 15-20 шақырымға жеткен. Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. 

*****

Египетте бірегей жәдігер табылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Гизадағы пирамиданың түбінен археологтар перғауын Хеопстың кемесін тапты. Мамандар бұл қайықты 15 жыл бойы іздеген. Перғауын Хеопсты соңғы сапарына аттандырған бірінші Күн қайығын археологтар өткен ғасырдың 1950 жылдары тапқан болатын. Сол кезде пирамидалар түбінен тағы бір үңгірді көрген. Бірақ опырылып қалады деп, қазбаған. Хеопс кемесі ежелгі Египет дәуірінен қалған қайықтардың ең үлкені. Бөлшектерінде сақталған жазулар мен қабіріндегі бедерлі сызбаларға қарап бұл қайықтың өз ерекшеліктері болғанын көрсетеді. Пирамидалар түбінде табылған экспонаттардың барлығы мұражай зерттеушілеріне табысталды. Мұқият зерттегеннен кейін ғалымдар мыңдаған жылда шіріп кеткен қайықты қайтадан құрастырады.