Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 26.07.2021

Қорытынды жаңалықтар 26.07.2021


Эпидемиологиялық ахуалдың құбылуына байланысты Қытайға теміржол арқылы жүк жөнелту кешігеді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов мәлім етті. «Жалпы, пандемия басталғаннан бері Қытаймен арадағы жүк тасымалы өте күрделі жағдайда тұр. Былтырғы 15 қарашадан бастап олар жабық вагондарда азық-түлік жүгін қабылдауды тоқтатты. Мұны жабық вагондардың ішінде вирус қалдықтары болу ықтималдығымен байланыстырып отыр. Қанат Әлмағамбетовтің айтуынша, «Достық» станциясына бағыт алған 72 пойыз, Алакөл станциясына бағыт алған 25 пойыз қаңтарылып тұр. Бұл вагондарда негізінен мамыр-маусым айларында тиелген астық, кокс пен кен бар. 

*****

Атырауда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар резервтегі жатақханаға орналастырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кеше коронавирус инфекциясына шалдыққан 420 адам анықталған. Оның ішінде Атырау қаласында қауіпті вирусты жұқтырудың 268 жағдайы расталған. Теңіз кен орнында 39, Жылыой ауданында 50, Қызылқоғада – 17, Құрманғазыда – 14, Индерде – 12, Исатайда – 9, Мақатта – 6, Махамбет ауданында 5 адамнан коронавирус анықталған.

*****

Елордада вакцина алғандар арасында екі бөлмелі пәтер ойнатылады. Пәтер ұтысының ойынына 25 маусым мен 31 тамыз аралығында вакцинаның бірінші компонентін алған 18 жастан асқан қала тұрғындары қатысады. Оның қорытындысы қыркүйек айының басында жарияланады. Ұтыс ойынына қатысу автоматты түрде жүргізіледі, вакцина алғандарға құжат толтыру талап етілмейді. Оған қаладағы кез келген вакцинация пунктінде екпе алғандар қатысады. Ұтыс ойынының жеңімпаздарын анықтау үшін Birge платформасында арнайы рандомайзер сервисі орнатылған, ол жүлде иелерін вакцинациядан өткендердің ID генерациясымен таңдайды. Ал «MEGA Silk Way» СОО-ның вакцинация пунктінде екпе алғандар арасында автомобиль ұтысы өтеді. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі апта сайын тікелей эфирде iPhone12 және басқа да бағалы сыйлықтардың ұтыс ойынын ұйымдастырады. 

***** 

Биыл түрлі қиын жағдайда тап болған 3 мыңнан астам әйел дағдарыс орталығына жіберілді. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк айтты. Жалпы, орталық қызметін алғысы келгендер өз бетінше немесе тәртіп сақшылары арқылы жүгіне алады. Дағдарыс орталығы отбасылық зорлық-зомбылық көрген немесе өмірде түрлі қиындықтарға ұшыраған әйелдерге қол ұшын созуға дайын», - деді Алексей Милюк ІІМ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, бүгінде елімізде 49 дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр, оның 39-ның уақытша баспанасы бар. «Ел аумағындағы барлық дағдарыс орталықтарының тізімі мен байланыс телефондарын министрліктің және өңірлердегі полиция департаменттерінің ресми сайтынан табуға болады.  

*****

Елімізде өткен апта ішінде 12 адам өлтіру қылмысы ашылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Берікқызы мәлім етті. «Өткен аптада ел аумағында 3226 қылмыс жасалды, оның 2225-і тәулік ішінде ашылды. 

*****

Режиссер-дебютант Райымбек Әлжановтың «Мерген» атты қысқаметражды фильмі жанрлық киноларға арналған әлемдегі беделді фестивальдердің бірі – халықаралық Fantasia кинофестиваліне қатысады. Аталған кино байқауы тамыздың 5-і мен 25-і аралығында Канадада өтеді, деп хабарлайды «Қазақфильм». Фильмнің оқиғасы XVII ғасырдағы Ұлы даладағы соғыс кезінде өрбиді. Аталған фильмде жас та болса, қолына қару алып, отбасын қоғауға бел буған Мерген есімді баланың өмірі баяндалады. Түсіру жұмыстары Алматы облысындағы Түрген шатқалында және «Қазақфильмнің» павильондарында жүргізілді. 

*****

Токиода өтіп жатқан Жазғы Олимпиадада қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов алғашқы жекпе-жегін өткізді. Ол 52 келі салмақта Пуэрто-Рико елінен келген Янкьель Ривера Фигероамен қолғап түйістірді. Бибосынов қарсыласын 4:1 есебімен жеңді. Енді ол франциялық Биллал Беннаммен шаршы алаңға шығады. Айта кетейік, 57 келіде жұдырықтасқан Серік Теміржанов бірінші жекпе-жекте венгриялық Роланд Галоштың осал тұсын тапты. Ал, 63 келіде Закир Сафиуллин перулік Леодан Песо Сабойяны жеңіп, жарыстың келесі сатысына жолдама алды.

*****

Токио Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне олимпиаданы ұйымдастырушылар марапаттау рәсімінде суретке түсу үшін масканы 30 секундқа шешуге рұқсат берді. Әнұран аяқталғаннан кейін спортшыларға белгі беріледі, бұл масканы ең көбі 30 секундқа алып тастауға болатындығын білдіреді. Қазақстан қоржынында әзірге екі «қола» медаль бар. Медальдарды дзюдошы Елдос Сметов пен ауыр атлет Игорь Сон жеңіп алды.

*****

Африканың оңтүстігінде қар жауды. Оңтүстік Африка республикасының орталық бөлігіндегі ауа температурасы тарихта болмаған рекордты жаңартып, он градусқа дейін төмендеді. Елдің бірнеше қаласында қар жауып, көктайғаққа байланысты жолдар жабылды. Синоптиктердің болжамынша, төмен температура Оңтүстік Африкада тағы бір аптаға созылады. Қардың жаууына Оңтүстік Атлантикадан суық ауаның қозғалуы себеп болған. Бұл мұздату деңгейінің құрлыққа жетуіне әкеліп, жауған жаңбыр қарға айналған.