Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 29.07.2021

Қорытынды жаңалықтар 29.07.2021

Мемлекет басшысы ҚХА төрағасының орынбасарын қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ассамблеяның атқарып жатқан жұмыстары мен қоғамдық институттардың өңірлерде жүзеге асырған іс-шараларының қорытындысы жайында баяндалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Кездесу барысында Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты барлық құрылымның нақты әрі нәтижелі жұмыс істеу қажеттігі айтылды. Президент Ассамблеяның жастар қозғалысы мен Аналар кеңесінің жұмысына ерекше көңіл бөлу керек екенін атап өтті. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Марат Әзілхановқа этномедиация институтын дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. 

*****

2 тамыздан бастап бірнеше өңірде Ashyq жобасына қатыспайтын кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы тоқтатылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексец Цой орталық коммуникацяилар қызметінде өткен брифингіде айтты. «Республика бойынша тәуліктік ауру жұқтыру көрсеткішінің 65 пайызы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағандыға тиесілі. Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия аталған өңірлерде қосымша шектеу шараларын бекітті. Ол шектеулер 2 тамыздан бастап күшіне енеді», - деген министр шектеудің қандай мекемелерге бағытталғанын атады. «Меншік иесіне қарамастан, орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерден, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау нысандарынан, азық-түлік дүкендерінен, дәріханалар мен өмірді қамтамасыз ететін ұйымдардан басқа Ashyq жобасына қатыспайтын барша кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы тоқтатылады», - деді Алексей Цой.

*****

Шымкентте балабақшалар, СОО, базарлар мен қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысы тоқтатылады. Қаланың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері соңғы шыққан қаулыға өзгеріс енгізді. Атап айтқанда, түзету кабинеттері, білім беру орталықтары, сұлулық салондары, шаштараздар, моншалар, мектепке дейінгі мекемелер, діни және мәдениет нысандары жабылады. Ashyq бағдарламасына қатысқан сауда және қоғамдық тамақтандыру объектілері уақыт шектеуімен жұмыс істей алады. Сондай-ақ қалааралық/ облысаралық тұрақты автобустардың қозғалысына тыйым салынады. Қаулы 2 тамыздан бастап күшіне енеді. Ал құжаттың толық мәтінімен Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті сайтынан оқи аласыздар. 

*****

Жыл басынан бері 147 173 елорда тұрғыны Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры тарапынан тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды. 2021 жылдың І жартыжылдығында Нұр-Сұлтан қаласында 5 млрд. 430 млн теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынған. Бұл туралы Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров айтты. Оның айтуынша, қор денсаулық сақтау басқармаларының алдында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жататын барлық пациентті қамту туралы мәселені бірнеше рет көтерген. «Биыл бұл мәселені шешуде ілгерілеу бар, алдағы уақытта да бұл проблемаға мониторинг жүргізіледі», - дейді Нұрлыбек Қабдықапаров.

*****

Биылғы шомылу маусымы басталғалы елімізде 233 адам суға кетіп қайтыс болған, деп хабарлайды «Хабар 24». Көз жұмғандардың 70-і бала. Бұл туралы Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов айтты. Оның айтуынша, жалпы Қазақстанда арнайы рұқсат берілген 550-ден астам суға шомылатын орын бар. Ал, суға кеткендердің көбі қауіпті жағада шомылғандар. Сондай-ақ демалушылар судағы қауіпсіздікті, қарапайым ережелерді сақтамайды. Әсіресе, балаларды су жағасында қараусыз қалдыратын ата-аналар бар. «Балық аулағанда да ережеге бағынбайтындар көп», - дейді. Бауыржан Сыздықов. 

*****

Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы Мортық ауылында тұрғындардың оншақты бұзауы белгісіз аурудан өлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қайырлы Қазановтың айтуынша, 21 шілде күні Уәлиханов ауданы Мортық ауылында бірнеше ірі қара малдың өлгені жөнінде телефон хабарламасы түскен. 22 шілде күні оқиға орнына ветеринарлық қызмет мамандары барып, эпизоотикалық тексеру жүргізді. «Ветеринарлар барғанда мал ісініп, бұзыла бастаған екен. Мұндай жағдайда малдың неден өлгенін анықтау мүмкін емес, өйткені ауруды анықтау үшін сынама мал өлгеннен кейін 2-3 сағаттың ішінде алынуы керек. Сондықтан тек қана болжам жасап отырмыз. Мал шөптен уланған немесе пастереллез болуы мүмкін», - дейді Қайырлы Қазанов. Әзірге мал қырылудың басқа дерегі тіркелген жоқ. 

*****

Туристер арасында танымал Анталия провинциясындағы Манавгат курортты қаласында орман өртінен құрбан болғандар саны 3 адамға жетті. Марқұмдар арасында шетелдік саяхатшылар жоқ. 120-дан аса адам жарақат алған. Айта кеткен жөн, өңірде орман өрті таяуда басталған. Оған күннің ыстығы себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені аймақта ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілді. Қала билігі 4 ауданның тұрғындарын шұғыл эвакуациялады. Жергілікті билік тілсіз жау туристік нысандарға еш қауіп төндіріп тұрмағанын айтады. Қазіргі таңда бұл аймақта барлық туристік экскурсия тоқтатылды. 

*****

Бокстан Қазақстан командасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев Токиодағы алғашқы жекпе-жегінде айқын басымдық танытып, жеңіске жетті. Қамшыбек 1/8 айналымда Египет елінің өкілі Есри Мұстафамен кездесті. Төрешілер бірауыздан жеңісті Қоңқабаевқа берді. Қазақстандық боксшы енді ширек финалда ресейлік Иван Верясовпен шығады. Бүгін сондай-ақ 75 келі салмақ бойынша шаршы алаңға шыққан Әбілхан Аманқұл да өзбекстандық қарсыласын 5:0 есебімен айқын жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Тартысты жекпек-жектің бірінші кезеңінде төрешілер жеңісті өзбек боксшысына берген. Алайда, екінші раунда тез жиналған Әбілхан қарсыласын нокдаунға жіберіп, кездесу жеңімпазы атанды. 

*****

Токио Олимпиадасында садақ атудан Қазақстан командасының мүшесі Ильфат Абдуллин жекелей сынды сәтті бастады. Ильфат іріктеуде Ұлыбритания намысын қорғаған Джеймс Вудгэйтпен кездесті. Кездесуде 7:3 есебімен қазақстандық спортшы жеңіске жетті. Ильфат Абдуллиннің 1/16 айналымдағы қарсыласы әзірге белгісіз.