Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жүкті әйелдердің коронавирус жұқтыруы көбейді

Жүкті әйелдердің коронавирус жұқтыруы көбейді

Қазақстанда өткен тәулікте 7778 адамнан коронавирус инфекциясы ПТР арқылы анықталды. Ең көбі Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы және Қарағанды облысында тіркелді. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 564885-ке жетті. Ал, эпидахуалды бағалау матрицасы өзгеріссіз. Қазақстанның 16 өңірі әлі де «қызыл» аймақта тұр. Тек «сары» аймақта Түркістан облысы орналасқан. Бүгінгі мәлімет бойынша Қазақстанда вакцинаның I компонентін 5 321 718 адам, II компонентті 3 632 067 адам салдырған.

*****

Павлодар облысында жүкті әйелдердің коронавирус жұқтыруы көбейді. Бір күнде өңірде 7 аяғы ауыр әйелден індет анықталды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz. Аймақтық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтың мәліметінше, облыста қазіргі уақытта 44 жүкті әйел емделіп жатыр. Ал, мамандардың айтуынша, аяғы ауыр әйелдің індет жұқтыруы шаранаға әсер етіп, бала денсаулығына қауіп төндіреді. Вирустың анасынан балаға жұғатын жағдайлар да тіркелген. Жыл басынан бері Павлодар облысында 2 әйел КВИ жұқтырған сәбиді дүниеге әкелген.

*****

Талдықорғанда карантинді пайдаланып, жемқорлыққа жол берген шенеуніктер ұсталды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққар қарсы іс-қимыл агенттігі Telegram каналының мәліметтеріне қарағанда, жиын-той өткізуге тыйым салынғанына қарамастан кәсіпкерлік бөлімінің басшысы өзінің қарамағындағы бас маманмен сөз байласып, қала рестораторлары мен жаппай сауда өкілдерінен оларға қатысты әкімшілік шаралар қабылдамау үшін жүйелі негізде 20 мыңнан 270 мың теңгеге дейін пара алған. Сондай-ақ, пара берген мейрамханалардың 5 әкімшісі қылмыстық жауапқа тартылады. Қазір лауазымды адамдар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

*****

Қарағанды облысының мониторингтік топтарына енді көшедегі бейнебақылау камералары көмектеседі. Олар дәмханалар мен мейрамханалардың, моншалар мен сауналардың жұмысын қадағалайды. Камералардағы суреттер Бірыңғай үйлестіру орталығына түседі. Орталық операторлары қандай да бір нысанға көліктер жиі келіп, адам көп жинала бастаған кезде бақылау тобына хабарлайды. Камералар барлық жерде бола бермейді, сондықтан бизнес нысандарын мобильді топтармен айналып өту жалғасуда.

*****

Елордада Қазақ радиосының 100 жылдығына арналған мурал пайда болды. Стрит-арт жоба радиоарнаның директоры Дулат Абибуллаев пен елорда әкімдігінің бастамасымен, сондай-ақ қалалық урбанистика орталығының көмегімен жүзеге асырылды. Онда Мәңгілік Ел идеясы бейнеленген, ол Қазақ радиосының ғасырлық тарихи эволюциясымен ұштасқан. Мурал қаланың көрікті жерінде, Сауран мен Сығанақ көшелерінің қиылысында орналасқан. Бұған дейін Нұр-Сұлтанда біздің радио редакциясы жанындағы көшелердің бірі «Қазақ радиосы көшесі» деп аталды. Ал, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 1 қазанды - Радио қызметкерлері күні деп жариялауды ұсынды. Дәл осы күні, осыдан 100 жыл бұрын Қазақ радиосы өзінің хабар таратуын бастаған еді.

*****

Олимпиада ойындарының медаль кестесінде Қазақстан тағы да төмендеді. Ел қоржынындағы медаль саны әлі де өзгеріссіз. Дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло жеңіп алған 3 қола медальдің көмегімен кестенің 56-шы сатысында тұрмыз. Екі күні бойы Қазақстанмен бір орынды бөлісіп тұрған Украина тағы бір қола медаль алып, бір саты өрледі. Жалпы медаль алған мемлекеттердің саны 67-ге жетті. Командалық есепте медаль саны бойынша 16 алтын 7 күміс, 10 қола медальмен Қытай алға шықты. Екінші орынға ығысқан Жапонияның алтын медальдарының саны да 15. Үздік үштікті түйіндеп тұрған АҚШ-тың еншісінде әзірге 14 алтын, 16 күміс, 11 қола медаль бар. Биыл дүбірлі додада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Айтулы аламанға жер бетіндегі 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысуда. Бұған дейін Қазақстан құрамасы алты Жазғы Олимпиада ойындарына қатысқанын естеріңізге саламыз.