Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Елдегі эпидахуал әлі де күрделі

Елдегі эпидахуал әлі де күрделі

Елдегі эпидахуал әлі де күрделі. Коронавирустың таралуын бағалау матрицасы 5 күннен бері өзгеріссіз. Яғни, қазір «жасыл» аймақта бірде-бір өңір жоқ. «Сары» аймақта Түркістан облысы ғана тұр. Қалған өңірлердің бәрі қауіпті деңгейде. Індеттен қайтыс болғандар саны да азаяр емес. Кеше коронавирус пен пневмониядан 101 науқас көз жұмған. Одан бөлек 7778 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Вирустық белгілері бар пневмонияға 304 адам шалдыққан. Қазір 93 мыңнан астам тұрғын ем алып жатыр, 1639-ы ауыр жағдайда. Инфекцияға қарсы вакцинаның 1-ші компонентін алғандар 5 млн 321 мыңнан асты.

*****

Атырау облысында індетке шалдыққандар көбейіп, емдеу мекемелерінде орын жетіспей жатыр. Сондықтан медициналық мекемелер жанынан стационарлар ашылуда. Жағдай түзелмесе тіпті қалалық перзентхана жанынан бөлімше ашуға тура келеді дейді облыс әкімі. Себебі соңғы 10 күнде вирус жұқтырғандар саны 24 пайызға көбейген. Қазір инфекциялық стационарларда мың жарым науқас жатыр. 4 мыңнан астам адам үйден ем алуда. Індетке шалдыққандардың 103-і жүкті әйел. 18-ге толмаған 13 бала бар.

*****

Ал Түркістан облысында «Ashyq» бағдарламасы арқылы соңғы бір аптада 29 науқасқа қатысты әкімшілік шара қолданылған. Олар үй карантинін сақтамай, қоғамдық орындарға барған. Сондай-ақ, тәртіп бұзып жұмыс істеген нысандар мен жеке тұлғаларға 3 жарым мыңға жуық хаттама толтырылып, 200 млн теңгедей айыппұл салынған. Ал 34 тойхана бір айға жабылған. Осы уақытқа дейін 600-ге тарта отбасылық, мерекелік іс-шара тоқтатылған. Талапты орындамау салдарынан өңірде індет жұқтырушылар саны артып кетті дейді мамандар.

*****

Павлодар облысында жүкті әйелдердің індетке шалдығуы жиілеп кетті. Қазір 44 әйел ауруханада жатыр. Сондай-ақ аймақта вирус балалар арасында белең алып барады. Ауру анықталған 128 баланың 72-і стационарда ем қабылдауда. Олардың көпшілігі 1-5 жас аралығында. Ең кішісі 2 айлық сәби.

*****

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова Нұр-Сұлтан қаласындағы иттер мен мысықтарға арналған бірнеше панажайға барды. Сапар барысында ол олардың жұмысымен танысып, проблемалық мәселелерді талқылады. Бұл іс-шара қазіргі уақытта өтіп жатқан «жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын қарау аясында ұйымдастырылған. Естеріңізге сала кетейік, заң жобасын Экология министрлігі зоотехниктер мен қоғамдық ұйымдармен бірлесіп Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірлеген. Онда жануарларға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға арналған нормалар бар. Қазіргі уақытта ҚР Президенті Әкімшілігі, Құқық қорғау және басқа да органдар бірқатар толықтыру мен өзгеріс енгізгеннен кейін заң жобасы Үкіметтің қарауына жіберілген.

*****

2021 жылдың екінші жарты жылдығында әлем бойынша 299,1 млн смартфон сатылған. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 6,9%-ке өскен. 2020 жылы 279,1 млн мобильді құрылғы сатылған. Бұл туралы Omdia сайты хабарлайды. Сонымен, 2021 жылдың екінші жарты жылдығындағы ең танымал смарфондар: Samsung Xiaomi Apple OPPO vivo realme Motorola Huawei Tecno Honor.

*****

Төрткүл дүние көз тіккен Токиодағы басты дода жалғасып жатыр. Бүгін таңертең жарыс алаңына академиялық есуден отандасымыз Владислав Яковлев шықты. Ол жалпы жарыс қорытындысы бойынша 19-орынды місе тұтты. Ал кеше Қазақстан спортшыларының екінші легі Жапонияға аттанды. Делегация құрамында 44 адам бар. Олардың 24-і спортшы. Атлеттеріміз еркін күрес, әртістік жүзу, көркем гимнастика, жеңіл атлетика сынды жарыстарда бақ сынайды. Ал бүгін Нұр-сұлтан уақытымен күндізгі төрттің шамасында қарғып секіру бойынша спортшы қыздарымыз сайысқа түседі. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен Ирина Эктова және Мария Овчинникова іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді.