Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 30.07.2021

Қорытынды жаңалықтар 30.07.2021

Елдегі эпидахуал әлі де күрделі. Коронавирустың таралуын бағалау матрицасы 5 күннен бері өзгеріссіз. Яғни, қазір «жасыл» аймақта бірде-бір өңір жоқ. «Сары» аймақта Түркістан облысы ғана тұр. Қалған өңірлердің бәрі қауіпті деңгейде. Індеттен қайтыс болғандар саны да азаяр емес. Кеше коронавирус пен пневмониядан 101 науқас көз жұмған. Одан бөлек 7778 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Вирустық белгілері бар пневмонияға 304 адам шалдыққан. Қазір 93 мыңнан астам тұрғын ем алып жатыр, 1639-ы ауыр жағдайда. Инфекцияға қарсы вакцинаның 1-ші компонентін алғандар 5 млн 321 мыңнан асты.

*****

Елімізде аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау 2021 жылғы 1 қарашадан енгізілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Яғни осы уақыттан бастап таңбаланбаған аяқ киімнің өндірісіне және оның ҚР аумағына әкелінуіне тыйым салынады. Ал бөлшек сауда бизнесінде таңбаланбаған тауарлардың қалдықтарын сату үшін 2022 жылдың 1 қарашасына дейін қосымша мерзім бар. Жаңа ережелер бойынша жұмыс істеу үшін өндірушілер мен импорттаушылар таңбалау жүйесінде (markirovka.kz) тіркелу керек. Таңбалау кодтарын шығару үшін жүйеге өндірілетін және импортталатын өнім туралы ақпаратты енгізу қажет. Осындай бір кодтың құны 2,68 теңгеге тең. Айта өтейік, қазіргі уақытта елімізде аяқ киім тауарларының айналымы 96% - импорт, 4% - ішкі өндіріс.

*****

Бұдан былай халыққа қызмет көрсету орталықтары азаматтарды тек алдын ала брон бойынша қабылдайды. Еліміздің Бас санитар дәрігерінің қаулысында осылай делінген. Оған сәйкес ХҚО-лардың жұмыс кестесі де қысқартылған, фронт-офистер мемлекеттік қызметтерді таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін ұсынатын болады. Еліміздің барлық облысында ХҚО-лар бес күндік жұмыс кестесіне өтті, сенбі және жексенбі күндері жұмыс істемейді. Осы шараларға байланысты ХҚО-лардың бір күнде қабылдауы мүмкін азаматтардың саны шектеліп отыр. Халықтың көпшілігін қамту және брондау мүмкіндігін қолжетімді ету мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы фронт-офистерде қызмет көрсету уақытын 20 минуттан 15 минутқа дейін қысқарту туралы шешім қабылдады. Бұл брондауға болатын слоттардың санын 25%-ға арттырған. ХҚО кіру «Ashyq» қосымшасы бойынша жүзеге асырылады. Кезекті eGov порталы, 1414 Бірыңғай байланыс орталығы және @kenes1414bot телеграм-бот арқылы брондауға болады.

*****

Әлемде 2,5 миллионға жуық адам қазіргі заманғы құл алып-сатушылардың қолында. Сарапшылардың айтуынша, жыл сайын мыңдаған адам өз елдерінде және шет елдерде адам саудалаушылардың қолын түседі. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 2013 жылы Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күнін белгіледі, оны БҰҰ-ның халықаралық күндерінің жүйесінде 30 шілдеде атап өтеді. Еліміздің Ішкі істер министрлігі атаулы датаға орай бүгін «Винрок интернейшнл» үкіметтік емес ұйымымен және басқа да ұйымдармен бірлесіп «Адам саудасын бірге тоқтатамыз!» атты ақпараттық науқанын өткізді. ІІМ Криминалдық полиция департаментінің Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Мейрамгүл Рахманқұлованың айтуынша, жыл басынан бері елімізде адам саудасына байланысты 103 қылмыстық іс тіркелген.

*****

Түркияның бірнеше провинциясында орман өртінің таралуын тоқтату және сөндіру үшінші күнге жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап. Бүгін түстен кейін Анталия, Адана, Мерсин, Мугла, Османийе және Кайсери провинцияларында ірі өрт ошақтары әлі де бар. 3 ұшақ, 9 дрон, пилотсыз тікұшақ, 38 тікұшақ, 680 өрт сөндіру машинасы, 55 өзге де техника, 4 000 өрт сөндіруші орман өрттерін сөндіріп жатыр. Түркияның ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы министрі Бекир Пакдемирли өртпен күресте оң динамика байқалғанын айтты. Орман алқаптарындағы 57 өрт ошағы бақылауға алынды, деп хабарлады министр. Бұған дейін Анталиядағы өрт салдарынан үш адам, Мармаристе бір адам қайтыс болды деп хабарланған болатын. Зардап шеккен 138 тұрғын ауруханаға жеткізілген, біреуінің жағдайы ауыр деп бағаланады. Бұған дейін хабарланғандай, Түркия Республикасы Үкіметінің жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою басқармасының (AFAD) ақпараты бойынша, өрт 28 шілдеде түскі уақытта провинцияның төрт ауданында шыққан. Өрттің бұлайша жылдам таралуына күннің ысуы және қатты жел ықпал етті. Жер үсті қызметтері мен өрт сөндіру авиациясы апатпен күресуде. «Өрт кезінде қаза тапқандар мен ондаған жараланғандардың арасында біздің азаматтарымыз жоқ», – деп хабарлады 29 шілдеде Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшісі Абзал Сапарбекұлы.

*****

Ольга Рыпакова Олимпиада ойындарының финалынан тыс қалды. Үш бірдей олимпиаданың жүлдегері іріктеу кезеңінде 13,69 метрге секірді. Алайда бұл нәтиже оны ақтық сайысқа алып шыға алмады. Ольгадан бөлек, аталған спорт түрінен Мария Овчинникова мен Ирина Эктова да финалдан тыс қалды. Сайыс қорытындысы бойынша олар 26-шы және 31-орынға табан тіреді.

*****

Жапониядағы олимпиадада соңғы тәулікте тағы 27 адам коронавирус жұқтырған. Бұл туралы шараны ұйымдастырушы комитет мәлімдеді. Дертке шалдыққандар арасында үш спортшы бар. Қалғаны шараға қатысып жатқан делегация мүшелері, журналистер, волонтерлер және жалдамалы жұмысшылар. Айта кетейік, Токиодағы жазғы олимпиада ойындарына қатысушылар арасында осымен екінші күн вирусты көп жұқтыру дерегі тіркеліп отыр. Жалпы қазір Олимпиада дертке шалдыққандар саны 220-ға жетті.

*****

Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон мен Зульфия Чиншанлоға Toyota Camry көлігін сыйлады. Федерация президенті Жанат Түсіпбеков көлік кілтін елордада табыс етпек. Бұл туралы Ауыр атлетика федерациясы хабарлады. Сондай-ақ спортшылардың жеке жаттықтырушысы мен ұлттық құраманың бас бапкері ақшалай сыйақы алады.