Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Денсаулық сақтау министрлігі вакциналардың сақталуына бақылауды күшейтті

Денсаулық сақтау министрлігі вакциналардың сақталуына бақылауды күшейтті


Денсаулық сақтау министрлігі вакциналардың сақталуына бақылауды күшейтті. Естеріңізде болса, 19 шілдеде елдегі эпидемиологиялық жағдай жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы еліміздегі егу пункттерінің шамамен 30%-нда вакцинаны сақтаудың температуралық режимін бұзу фактілері анықталғанын айтқан еді. Кейін бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері растады. Жыл басында COVID-19 –ға қарсы вакциналау басталған кезде елімізде 200-ден астам егу пункті жұмыс істеді, ал қазір олардың саны 2300-ден асты. Вакцинация процесі басталғанға дейін санитариялық-эпидемиологиялық қызмет егу пункттеріне тексерулер жүргізді. Олар санитариялық қағидалар талаптарының сақталуына, оның ішінде салқын тізбектің сақталуына мониторинг жасады. Негізінен, әрбір үшінші егу пунктінде жұмысқа рұқсат алғанға дейін санитариялық қағидалар талаптарының бұзылатыны анықталды.

*****

Ал бүгінгі мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпенің I компонентін 5 370 661 адам салдырды. II компонентті алғандар саны 3 730 920 адамға жетті. Вакциналау науқанында Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалалары мен Алматы және Түркістан облысының түрғындары белсенділік танытуда.

*****

Коронавируспен ауырғандардың көбеюіне байланысты Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің әскери клиникалық госпиталі инфекциялық стационарға айналды. Стационар 150 науқасқа арналған, бұл ретте медициналық мекемеде соматикалық патологиясы бар әскери қызметшілерді, сондай-ақ әскери-дәрігерлік және дәрігерлік-ұшқыштар сараптамасын жүргізу үшін 100 орын сақталады. Шілдеден бастап елордадағы бас әскери клиникалық госпиталь коронавируспен науқастанғандарды емдеу үшін қайта жұмылдырылғанын атап өткен жөн. Алматы, Талдықорған және Үшарал қалаларындағы үш әскери-емдеу мекемесі азаматтық тұрғындарды қабылдауға дайын. Аягөз, Талдықорған, Сарыөзек және Семей әскери госпитальдарында қосымша төрт инфекциялық оқшаулағыш жұмыс істейді.

*****

Өткен түнде елордада жоғалған балалар табылды. Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, полицияның 102 нөміріне қала тұрғынынан 9 және 11 жастағы балаларының жоғалып кеткені туралы хабар түскен. Осыған қарай Полиция департаментінің жеке құрамы түгел балаларды іздеуге жұмылдырып, олардың баруы мүмкін барлық жер тексерілді. Елорда сақшылары қаланы жаяу шолып жүріп, балаларды тапты. Кеше түнгі сағат 02:00-дер шамасында Нұр-Сұлтандағы Тархан көшесінде полиция қызметкері із-түзсіз жоғалды деп жарияланған екі баланы байқап қалған. Тәртіп сақшылары балаларды «Байқоңыр» ауданының полиция басқармасына жеткізді. Белгілі болғанындай, балалар күндіз үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған. Алдымен анасы балаларды өзі іздеп таппақ болған. Алайда өзінің әрекетінен нәтиже шықпаған соң ол келесі күні полицияға шағымданған. Бұл әйел балаларының түнде үлкендердің қарауынсыз жібергені үшін осыған дейін де бірнеше мәрте әкімшілік жауапқа тартылған. Осыған қарай қазір бұл отбасы бақылауға алынды. Ал балалар аман-есен үйлеріне қайтты.

*****

Олимпиаданың медаль кестесінде Қазақстан жүлдеге ілінген 70 мемлекеттің ішінде 59-орында тұр, Қазақстан құрамасының қоржынындағы медаль саны өзгермегенімен, командалық есептегі орны күн санап төмендеп барады. Дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло қоржынға салған үш қоланың санын бүгін теннисші Елена Рыбакина көбейтуі мүмкін,-дейді спорт сарапшылары. Командалық есепте Қытай құрамасы – 19 алтын, 11 күміс, 11 қола медальмен көш бастады. Екінші орындағы жарыс иелерінің еншісінде 17 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль бар. Үшінші орындағы АҚШ құрамасының еншісінде 16 алтын, 17 күміс, 11 қола медаль бар.

*****

Ал бүгін екі боксшымыз рингке шығып, жарыстың келесі айналамына өтуге талпынып көреді. 52 кг. салмақта Сәкен Бибосынов Франция өкілі Биллаль Беннамамен кездеседі. 63 кг салмақта Закир Сафиуллин жапондық Дайсукэ Наримацумен қолғап түйістіреді.

 Теннисші Елена Рыбакина Украина өкілі Элина Свитолинаға қарсы ойнап, қола медальға таласады.