Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қазақстандық шенеуніктер қаржысын көбіне Сингапурде сақтайды

Қазақстандық шенеуніктер қаржысын көбіне Сингапурде сақтайды

Қазақстандық шенеуніктер қаржысын көбіне Сингапурде сақтайды. Ал жылжымайтын мүлікті Ресейде сатып алғанды жөн көреді. Биыл Кіріс және мүлік декларациясын 465 мың жеке тұлға тапсырған. Олардың арасында мемлекеттік қызметшілер, соған теңестірілген азаматтар және олардың жұбайлары бар. Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлағандай, табысын жария еткен 465 мың тұлғаның 117-сі шетелде шот ашқан. Басым бөлігі Сингапурде. Қаржысын Лихтенштейн княздігі мен Ресейде сақтайтындар да аз емес. Сондай-ақ сырт мемлекеттерде қазақстандық шенеуніктердің атына 221 жылжымайтын мүлік тіркелген. Оның 90%-ке жуығы Ресейде орналасқан. Мемлекеттік қызметшілердің өз елімізде қандай мүлкі бары белгісіз. «Оны жариялау туралы декларацияда талап жоқ», - дейді комитет өкілдері.

*****

Атырау облысында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 19 адам сотталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Қанат Сүлейменовтің мәліметінше, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 12 талдау мен мониторинг жүргізілген. Былтыр осы кезеңде 77 сыбайластық қылмысы тіркелген. Ал биыл жыл басынан бері 46 осындай қылмыс жасалған. Олардың ішінде пара беруге байланысты 32, жымқыру мен алаяқтыққа қатысты 14 дерек бар. 

*****

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің жаңа басшысы болып Шаттық Утеев тағайыналды. Шаттық Утеевті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі төрағасының орынбасары Мақсат Қожабаев таныстырды. Шаттық Утеев осыған дейін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінде департамент басшысы болған. 

*****

Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы да ауысты. Бұл орынға Нұрлан Шабдар тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Нұрлан Шабдар әр жылдары құқық қорғау органдарының басшылық лауазымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының, Премьер-Министрдің кеңесшісі болып қызмет еткен. 

*****

Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Талдықорған қаласы кәсіпкерлік бөлімінің лауазымды тұлғаларын ұстады, деп хабарлайды Хабар 24. Мониторингтік топ мүшелері саналатын тұлғалар жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталып отыр. Департаменттің мәліметінше, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы қарамағындағы бас маманмен сөз байласып, мейрамханалар мен сауда өкілдерінен жүйелі түрде 20 мың мен 270 мың теңге аралығында пара алып отырған. Сол арқылы кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік шара қабылдамауға сөз берген. Лауазымды адамдармен бірге мейрамханалардың 5 әкімшісі қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал әкімдік өкілдері уақытша ұстау изоляторына қамалды.

*****

Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Qoldau.kz платформасының жұмысына күмән келтіреді, деп хабарлайды «Хабар 24». Арнайы мониторинг шаруалардың өтініші неге қанағаттанбай қалатынын тексерген. Нәтижесінде субсидиялауға жатпайтын мал түріне мемлекеттен қолдау көрсетілгені анықталды. Бүгінде өңірдегі 11 мың 500 шаруа аталған жүйеге өтініш берген екен. Жалпы соңғы бір жарым жылда облыста парақорлыққа жол берген 32 адам сотталған. Өңірдегі департамент басшысы Денис Шакеновтың айтуынша, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жер қатынасы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және құқық қорғау саласында арнайы ақы үшін қызмет көрсету деректері тіркелген.