Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәуелсіздік тарихы – 2011 жыл

Тәуелсіздік тарихы – 2011 жыл


2011 жыл. Бұл - Қазақ елі тарихындағы айтулы кезеңдердің бірі. Себебі дәл осы жылы Кеңес одағының шырмауынан шығып, өз алдына дербестік алған жас мемлекетке 20 жыл толды. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен осынау аз уақытта Қазақстан саясатта әлем мойындаған қуатты елге айналды. Ұлттық қор резервіндегі қаражаттың көлемі ұлғайып, экономикада жаңаша серпін пайда болды. Бұл, дағдарыс жылдарында қолға алынған тың бастамалар мен реформалардың айқын көрінісі еді. Нақтырақ айтсақ, сол тұста елдің ұлттық қордағы қазынасы 60 миллияр доллордан асты. 

Ия, дербес мемлекет болып, жиырма жылдық межеге жеткен Қазақ елі үшін 2011 жыл расымен берекелі болды. Мұның бір дәлелі ретінде халық санының өсуін айтуға болады. Шындығында біз тәуелсіздік алған тұста ешкімді жатсынған жоқпыз. Ұлтқа, дінге бөлінбедік. Шетелдегі қаракөз қандастарымыздың тарихи отанына оралуына жағдай жасадық. Соның арқасында 2011 жылға дейін Қазақстанға 800 мыңнан аса қандасымыз оралып, халықтың саны 1 жарым миллионға артқан. 

2010 жылдың соңында Өскемен қаласында бір топ белсенді азамат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетігін 2020 жылға дейін созу туралы бастама көтерген болатын. Бұл ұсынысты бір айдың ішінде 5 миллион адам қолдаған. Алайда Елбасы халықтық қолдауға құрметпен қарап, заңдылықты да басты назарда ұстай отырып, кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдады. Кейіннен «Нұр Отан» партиясы атынан кандидат ретінде ұсынылған Нұрсұлтан Назарбаев 3 сәуірде өткен президенттік сайлауда дауыс берушілердің 95,55% сеніміне ие болды. Осылайша Елбасы 8 сәуірден бастап осыған дейін атқарып келген қызметін одан әрі жалғастыруға ресми түрде кірісті. 

Тәуелсіздіктің жиырмасыншы жылы елдің саяси өмірінен бөлек, халықаралық деңгейдегі айтулы шаралар да орын алды. Соның бірі - VII Қысқы Азия ойындары болатын. 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Қазақстанда өткен ауқымды доданың салтанатты ашылуы «Астана-Арена» алаңында өтті. Азиада ойындарына алғаш рет 27 елден келген 1 мыңнан астам спортшы қатысты. Құрлықтық жарыста Қазақстан 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальды жеңіп алып, командалық бірінші орынды иемденді.

2011 жылдың 21-23 қыркүйек аралығында Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына ресми сапармен барды. Сапар барысында БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясының жалпы пікірталасына және Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесуге қатысты. Ядросыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын әзірлеу идеясын ұсынды. Елбасының осы сапары кезінде еліміздің аталған ұйымдағы өкілдік деңгейі біршама ұлғая түсті.

2011 жылы 18 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 1-ші отырысына қатысты. Бұдан бөлек, Елбасының Кеден одағына мүше мемлекеттер басшыларымен кездесуі өтті. Сондай-ақ сол жылдың 15-ші желтоқсанында Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Ал 16 желтоқсанда Елордада «Мәңгілік Ел» қақпасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Еліміздің іргесі берік, тәуелсіздігі баянды болғай!!!