Атырауда былтырдан бері 4 мыңға жуық бала коронавирусқа шалдыққан
Алдымен еліміздегі эпидахуалға тоқталайық. Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 715 мыңнан асты. Өткен тәулікте 7337 адамнан індет анықталды. Ал, ьір күнде коронавирус пневмониясы 421 адамда расталды. Қазіргі уақытта 121 мыңнан астам адам ем алуда. 30 286 пациент стационарда жатыр. Соның ішінде 1900-ге жуық науқастың жағдайы ауыр.
*****
Аурудың таралуы бойынша тек бір ғана өңір «жасыл» аймақта. Ол -Түркістан облысы. Қалған өңірлер «қызыл» аймақта қалып отыр. Бүгінгі мәліметке қарағанда, Қазақстанда 6 млн 230 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентін салдырды. Ал 4 867 622 адам толық вакциналаудан өтті. Екпе алу науқанында Алматы қаласы, Түркістан және Алматы облысының тұрғындары белсенділік танытуда.
*****
Атырауда былтырдан бері 4 мыңға жуық бала коронавирусқа шалдыққан. Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айсұлу Досқалиеваның мәліметінше, бұл – былтырғы 28 наурыз бен биылғы 17 тамызға дейінгі аралықта тіркелген дерек. «Облыста 14 жасқа дейінгі балалар арасында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 3839 жағдайы, жасөспірімдер арасында 1242 жағдайы тіркеліп отыр. Қазір қауіпті вирустың таралуына байланысты ең жоғары көрсеткіш Атырау қаласы мен Жылыой ауданында, сондай-ақ, Теңіз кен орнында байқалады,-деп хабарлайды Қазақпарат.
*****
Елордада тағы бір бала суға кетті. Тиісті хабарлама кеше кешке құтқару қызметінің «101» пультіне түскен. Жедел түрде төтенше жағдай орнына мамандар жіберілді. Құтқарушылар болған жағдайды жедел бағалап, сүңгуірлер тобы су түбін зерделеп, баланы іздестіру жұмыстарына жедел кіріскен. Бұл жерде қазба жұмыстарының жүргізіліп жатуы және су түбінің батпақты болуы іздестіру жұмыстарын қиындатқан, сонымен қатар, бұл учаскеде суға түсуге рұқсат жоқ. Алайда қиындықтарға қарамастан құтқарушылар сүңгуір жабдықтарының көмегімен 2008 жылы туған қыз баланың денесін судан алып шықты. Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД-нің мәліметінше, суға шомылу маусымы басталғалы елорда аумағында 9 адам суға батқан, оның 5-еуі - бала. Қаза болу фактілерінің барлығы суға түсуге тыйым салынған орындарда тіркелген.
*****
Тәліптер Жалалабад қаласында мемлекеттік туды қолдау үшін наразылыққа шыққандарға оқ жаудырды. Салдарынан 3 адам көз жұмып, тағы ондаған тұрғын жарақат алған. Осы акцияны түсіріп, репортаж жасамақ болған жергілікті журналистер соққыға жығылған,-деп хабарлайды РИА Новости. Ал «Хабар 24»-тің жазуынша, «Талибан» қозалысы Ауғанстанның демократиялық ел болмайтынын және мемкелеттің шариғат заңы бойынша өмір сүретінін мәлімдеген. Тәліптердің өкілі Вахидулла Хашимидің айтуынша, елді арнайы құрылған кеңес басқаратын болады. Сонымен қатар олар жаңа қаруланған күш жасақтамақ. Оған бұрынғы үкімет әскерінің сарбаздары мен офицерлеріне кіруге ұсыныс жасалып отыр.
*****
Ескертуден кейін BI GROUP пәтер бағасын орташа есеппен 9%-ға төмендетті. Бұл өзгеріс Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Шымкенттегі бірқатар тұрғын үй кешеніне қатысты. Осылайша құрылыс компаниясы Нұр-Сұлтан қаласындағы 51 тұрғын үй кешеніндегі бастапқы тұрғын үйдің бағасын орта есеппен 8% - ға, Алматыда 24 тұрғын үй кешеніне 11 %-ға, Атырауда 2 тұрғын үй кешенінде 4%-ға, Шымкентте 1 тұрғын үй кешенінде 3% - ға арзандатқан. Мұндай шешімді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бастапқы тұрғын үй нарығына жүргізген талдау нәтижесінде қабылдаған. Қазіргі уақытта BAZIS-A және РАМС-Қазақстан компаниясы да Алматыдағы бірқатар тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлердің бағасын төмендетті.