2013 жыл – Қазақстан 2050 стратегиясы

2013 жыл. Бұл, Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістігіне айналған Елордаға 15 жыл толып, ел іргесі бекіген кез еді. Дәл осы жылы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баспасөз бетіне, «Астана – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» мақаласын жариялады. Жас шаһардың 15 жылдық мерей тойына арналған бұл мақала, талай қазақтың жүрегіне патриоттық сезім ұялатты. Біз бүгінгі хабарда еліміздің өткен күндеріне көз жүгіртіп, 2013 жылға тоқталамыз.
2013, ел үшін табысты, әрі берекелі жыл болды. Бұл жылы жасампаз елорда 15 жасқа толды. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен Бас шаһар осы аз уақыт ішінде әлемдік саясатта өз орны бар қалыптасқан, қуатты орталыққа айналды. Тіпті кейбір мемлекеттер Нұр-Сұлтан қаласын болашақтың энергия қаласы ретінде тани бастады. Себебі 2012 жылы Парижде өткен халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясында, 103 мемлекет біздің елорданы 2017 жылғы ЭКСПО-ның иесі ретінде мойындады. Сөйтіп 2013 жылы қалада ЭКСПО 2017 көрмесінің құрылысы басталды.
2013 жылы елдің экономикалық, әлеуметтік өмірінде де біршама жағымды жаңалықтар пайда болды. Мәселен сол жылдың тамыз айында елімізде біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылса, қыркүйек айында Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылып, өз кәсібін дөңгелетемін деген азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашылды.
Тәуелсіздіктің 22 жылы саяси-әлеуметтік реформаларды жүзеге асыра бастаумен де ерекшеленді. Қазақстан тарихында тұңғыш рет жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы өтті. Баламалы негізде мәслихаттар аудандық маңыздағы қалалардың, селолық округтердің, селолық округ құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлады. Бұл сайлаудың басты ерекшеліктерінің бірі - бұрынғы әкімдермен қатар, жас буындар да өз бақтарын сынады. Тіпті, кейбір округтерде күтпеген есімдер басшылыққа келді.
2013 жыл құрылысы қайнап жатқан елордада бірнеше жаға ғимараттардың тұсауы кесілді. Сондай нысанның бірі шаһардың 15 жылдығына орай Елбасының тапсырмасымен ашылған Астана опера театры еді. Бұл, Орта Азиядағы заманауи құралдармен жабдықталған алып театрлардың бірегейі боп саналады.
2013 жылы 24 сәуірде Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Президентінің қатысуымен «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық, бір ел, бір тағдыр» тақырыбымен Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясы өтті. Сондай-ақ сол жылдың қортындысы бойынша елдің экономикалық табысы өсіп, тұңғыш рет Қазақстанның ұлттық қорының көлемі 100 миллиярд долларға жетті.
Ия, тәуелсіз Қазақстанның әр жылы жаңа бастамалар мен тарихи оқиғаларға толы. Біз бүгінгі хабарда 2013 жылдың басты оқиғаларын қамтуға тырыстық. Ал хабарымыздың келесі санында сол жылы елдің сыртқы саясатында орын алған оқиғаларға тоқталамыз. Еліміздің іргесі берік, тәуелсіздігі баянды болғай!
Толығырақ хабардың аудио нұсқасында...