Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 09.09.2021

Қорытынды жаңалықтар 09.09.2021

ҚР Президенті Жарлығымен Мағзұм Мырзағалиев Энергетика министрі болып тағайындалды. «Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан Республикасының Энергетика министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымынан босатылсын», делінген құжатта. Еске сала кетейік, бұған дейінгі Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев лауазымынан босатылып, Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалған еді.

*****

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Байзақ ауданында болған төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі есебін телефон арқылы тыңдаған. Президентке 122 жылжымайтын мүліктің, соның ішінде 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық және 4 әлеуметтік нысанның қирағаны жөнінде баяндалды. Қазіргі уақытта 12 мекеме, 23 техника мен 185 жұмысшы қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылған. Жамбыл облысы әкімінің айтуынша, бүгінге дейін 62 тұрғын үй жөнделген. Жалпы қайта қалпына келтіру жұмыстарын 10 қарашаға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

*****

Бердібек Сапарбаевтың мәліметі бойынша 26 адам стационарда ем алып жатыр. Олардың 15-і госпитальда емделіп жатқан әскери, полиция және Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкері. Жарылыстан қаза тапқандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетілуде, сондай-ақ зардап шеккен отбасылардың жұмыссыз мүшелерін жұмысқа орналастыру мәселесі шешіліп жатыр. Екінші деңгейлі банктерге қарызы бар мұндай отбасылардың кредиттерін өтеу мәселесі толық шешілген. Сонымен қатар Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәлімет берілді. Жамбыл облысының экономикалық өсімі 106,4 пайыз.

*****

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында кеден саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар жайы қаралды. Сонымен қатар отырыс барысында кедендік процестерді цифрландыру, бюджет кірісін арттыру, аталған саладағы сыбайлас жемқорлықтың себебі мен салдары секілді мәселелер талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірленіп, оны орындау Қаржы министрлігіне, тиісті мемлекеттік органдарға тапсырылды.

*****

Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы ағымдағы жылдан бастап «Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына айналады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев айтты.

Сонымен қатар Берік Камалиев 2020 жылға дейін Елімізде республикалық маңызы бар жолдардың 13 мың шақырымға жуығы реконструкцияланғанын айтты. Нәтижесінде республикалық желінің 89%-ы және жергілікті желінің 75%-ы нормативтік жағдайға жеткізілді деді Қамалиев.

*****

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа оқу жылы басталғалы 89 оқушы вирус жұқтырғанын айтты. «Оқу жылы басталғалы мектепке барып білім алған 89 баладан вирус анықталды. Олар білім алған сыныптың барлығы карантинге жабылды, яғни оқушылар онлайн режимде білім алып жатыр. Оқушылар вирусты мектеп қабырғасында емес, отбасында жұқтырған. Сондықтан ата-ана қауіпсіздік талаптарын сақтану қажет», - деді Жандарбек Бекшин.

*****

Қазақстанға Sinopharm фармкомпаниясы жасаған Verocell вакцинасының 3 млн дозасы жеткізілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Facebook -тегі парақшасында жазды. Бүгін шыққан ақпарат бойынша елімізде 6 969 069 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентін салдырды. Ал вакцинаның II компонентін салдырғандар саны 5 795 901 адамға жетті.

*****

Онлайн санақтан өткендердің қатары миллионнан асты. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов айтты. «Қазіргі уақытта санақтан өткендер саны бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары алда. Ал Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстары бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында»,- деді Айдапкелов. Респонденттерге санақтан онлайн режимде өту үшін бірнеше платформа қарастырылған: sanaq.gov.kz сайты, E-Gov порталында тіркелу және Aitu мобильді қосымшасы.

*****

Алдағы күндері елдің басым бөліктерінде жаңбыр жауып, күн құбылмалы болады. Циклон мен фронталь бөліктер әсерінен солтүстікте, солтүстік-шығыста жаңбыр жауып, шығыс өңірлерде қатты жаңбыр жауады деп болжайды қазгидромет. Р-ның тек оңтүстігі мен батысында ғана күн ашық болады. Ертеңнен бастап еліміздің басым бөлігінде, таулы аудандарда және оңтүстік-шығыс өңірлердің солтүстігінде, найзағай мен бұршақ жауу ықтимал.