Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 13.09.2021

Қорытынды жаңалықтар 13.09.2021

Мемлекет басшысы Linde Group компаниясының вице-президенті Оливер Пфаннды қабылдады. Мейманмен өткен кездесуде газ химиясы саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың перспективаларына мән берілді. Мемлекет басшысы аталған компанияның ел экономикасының дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Былтыр Linde Group Теміртау қаласында оттегі, азот және аргон өндіру жөніндегі ТМД бойынша аса ірі жобаның екінші кезеңін іске асырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Германиямен арадағы инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық маңызы бар екенін атап өтіп, Linde Group компаниясын еліміздің газ химиясы бағытындағы жобаларын жүзеге асыруда жан-жақты серіктестік орнатуға шақырып, мемлекет тарапынан шетелдік серіктестерге қолдау көрсетілетінін айтты.
*****
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің 16-17 күндері Душанбе қаласында өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесің сессиясына және Шанха ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысады. Сонымен қатар бірқатар мемлекет басшыларымен екіжақты кездесулер өткізеді.
*****
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген елдің биоқауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының жұмысымен танысты. Коронавирустың таралуына қарсы ведомствоаралық комиссия таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта бұл кәсіпорын ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының серіктесі саналады. Институт «Антиген» алаңын пайдалана отырып, медициналық вакцина, оның ішінде QazVac шығарудың толық циклі бойынша екінші өндірістік алаңды әзірлеп, іске қосты. Осы айда қуаты айына 1 млн дозаға дейін жететін «Антиген» алаңында QazVac вакцинасының 300 мың валидациялық сериясы шығарылды.
*****
Ертең Үкімет отырысы өтеді. Күн тәртібінде санитариялық-эпидемиологиялық ахуал, Елдің биылғы қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы және 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралады. Отырыс сағат 9-да басталады. Оны PrimeMinister.kz сайтынан, YouTube ресми арнасынан көруге болады.
*****
Алматы облысында инфекциялық стационарлардың 40 пайызы бос емес. Бұл туралы облыс әкімнің орынбасары Батыржан Байжұманов брифингіде айтты. «Соңғы тәулікте індет жұқтырудың 218 жағдайы анықталды. Оның - 35 бала.», - деді әкімдік Байжұманов.
*****
Батыс Қазақстан облысында карантин талаптары жеңілдетілді. Сауда үйлері қалыпты жұмыс кестесіне көшті. Ал қоғамдық тамақтану орындарының қызметі «Ашық» жүйесінің нәтижесіне қарай 2 сағатқа ұзартылды. Сандық қосымшаны енгізбеген кәсіпкерлік нысандарына демалыс күнгі шектеулер сақталады. Жиналыстар мен семинарларды бұдан былай офлайн форматта өткізуге рұқсат етілді. Тек санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажет. Бұл туралы БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев айтты деп жазады 24.kz.
*****
Солтүстік Қазақстан облысында Ashyq арқылы үй карантинін бұзған 600-ге жуық адам анықталды. СҚО кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, өңірде 2 603 нысан Ashyq жобасына қосылған, олардың 49-ы тестілік режимде жұмыс істеп жатыр. «Қазір қосымшамен жұмыс істейтін субъектілердің 54 %-ы – облыс аудандарында орналасқан. Жоба өз нәтижесін беруде. СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті берген мәліметке сәйкес, жүйе өңірде жүзеге асырылғалы үй карантинін бұзған 563 адам анықталған. Олардың 333-інің «қызыл», 230-ының «сары» мәртебесі болған», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов.
*****
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер – Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғыз елі, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан әскери контингенттері терроризмге қарсы бірлескен «Бейбіт миссия – 2021» командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысады. ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл оқу-жаттығу Орынбор облысында өтеді. Оған Қазақстан Қарулы Күштерінен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы, әскери-әуе күштерінің Су-25 ұшақтары қатысады. Оқу-жаттығу аясында ШЫҰ-ға мүше елдердің әскери контингенттері терроризмге қарсы бірлескен операцияға дайындалу және оны өткізу мәселелерін пысықтайды.
*****
Алдағы 3 күнде Республиканың солтүстік аймақтарында әлі де салқын ауа райы сақталады, жаңбыр жауады. Еліміздің қалған аумағында жоғары атмосфералық қысым аясында ашық ауа райы болады. 14 қыркүйекте 3 градус үсік жүреді деп жазады Қазгидромет.