Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Алдағы бес жылда жаңа тоғыз су қоймасы салынады

Алдағы бес жылда жаңа тоғыз су қоймасы салынады

Алдағы бес жылдың ішінде суару желісінің кемінде 120 арнасы қалпына келтіріліп, жалпы көлемі 1,7 миллиард текше метр болатын жаңа тоғыз су қоймасы салынады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Мемлекет басшысына берген есебінде осылай деді.

*****

Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің алдағы уақыттағы жоспарлары және Президенттің халыққа Жолдауында берген және су шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы баяндалды. Министрдің айтуынша, бес жылдың ішінде суару желісінің кемінде 120 арнасы қалпына келтіріліп, жалпы көлемі 1,7 миллиард текше метр болатын жаңадан тоғыз су қоймасы салынады. Қасым-Жомарт Тоқаев су үнемдеу технологияларын енгізу ісін ынталандыру және су саласын цифрландыру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, атмосфералық ауаның ластануын азайту бағытында қабылданып жатқан шараларға ерекше мән берілді. Кездесу соңында Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған министрге бірқатар нақты тапсырма берді.

*****

Қазақстан Президентінің Ауғанстан бойынша Арнайы өкілі Талғат Қалиев бейнебайланыс арқылы Ауғанстандағы гуманитарлық ахуалға арналған халықаралық конференцияға қатысты, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі. Шараға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстан бойынша Арнайы өкілі Дебора Лайонс, Ұйымға мүше мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Өз сөзінде Талғат Қалиев Қазақстанның Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру бойынша халықаралық күш-жігерге нақты үлесін қосуға дайын екенін мәлімдеді. Еліміздің БҰҰ қамқорлығымен халықаралық гуманитарлық көмекті қауіпсіз және бірлескен түрде Ауғанстанға жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында Алматыда халықаралық гуманитарлық логистикалық хабты құру туралы бастамасын ерекше атап өтті.

*****

Ал, БҰҰ -ның адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелеттің айтуынша, тәліптер өздерінің берген уәделерін бұзды.

«Талибан әйелдер құқығын қорғайды деген сенімдерге қарамастан, соңғы үш апта ішінде әйелдер біртіндеп қоғамдық ортадан шеттетілді», - деді ол Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі халықаралық конференцияда. БҰҰ комиссарының айтуынша, кейбір жерлерде 12 жастан асқан қыздарға мектепке баруға тыйым салынды, ал әйелдер үйде болуы тиіс. Ол сондай -ақ бұрынғы үкіметтің шенеуніктері мен қауіпсіздік қызметі қызметкерлеріне рақымшылық жасауға берген уәделерінің де орындалмағандығын атап көрсетті.

*****

Қазақ-өзбек шекарасының шебінде 4-5 күннен бері қаңтарылып тұрған жүк көліктерінің қатары әлі сейілген жоқ. Өйткені Қазақстан жағы кедендік құнға бақылау жүргізуді қатаңдатып жіберген. Бірнеше жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан кәсіпкерлер бұған дейін әр көліктегі тауардың кедендік құны үшін 200 мың теңге төлейтін. Енді тәртіп өзгерді. Кедендік алым тауардың базардағы бағасымен өлшенеді. Яғни әр килограмы үшін 1 доллар 20 центке артып отыр. Бүгінде Еуразиялық Одаққа мүше мемлекеттерден экспортталып жатқан тауарлардың құны мен базар бағасы арасындағы айырма тым үлкен. Кіріс департаменті қызметкерлерінің арнайы тексеріс жүргізіп, ережеге өзгеріс енгізуіне осы жағдай түрткі болған.Шетелден тауар экспорттайтын кәсіпкерлерге екі жол ғана қалып тұр. Оның бірі депозитке қосымша қаржы құйып, тауарын діттеген жеріне дереу жеткізіп алу. Сөйтіп салыққа төлеген ақшасының айырмасын кейін қайтарып алуға болады. Екіншісі, тауар бағасын растайтын бірнеше құжатты бір ай ішінде рәсімдеп әкелу. Бірақ оның тиімсіз тұсы, тауарын шекарадан ұзатып әкете алмайды.

*****

Шығыс Қазақстан облысында базарлар аптаның барлық күндері жұмыс істейтін болды. Аймақтың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің соңғы қаулысына бірқатар өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, енді білім беру орталықтары, түрлі секциялар мен үйірмелер еш шектеусіз жұмыс істейді. Осыған дейін әр топта 15 баладан асырмау талабы болған. Ғимарат ішіндегі базарлар, алаңы 2000 шаршы метрден асатын сауда объектілері аптаның барлық күндері жұмыс істейді. Діни бірлестіктер нысандарында толтырылуын 30%-ға дейін, бірақ 100 адамнан асырмай ұжымдық ғибадат етуге рұқсат берілді, - делінген құжатта.

*****

 Қазақстанда өткен тәулікте 2801 адамда коронавирус індеті анықталды. Ең көбі Алматы қаласында. Мұнда бір күнде 611 тұрғыннан індет расталды. Ең азы Түркістан облысында. Бұл өңірде инфекция жұқтырған 28 адам тіркелді. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 845 мың 388 адамға жетті.