Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 15.09.2021

Қорытынды жаңалықтар 15.09.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт 16-17 қыркүйек күндері өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына және Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те жазды. «Іс-шараларда Ауғанстанның қазіргі ахуалы, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік, аталған ұйымдарға мүше мемлекеттердің ынтымақтастық мәселелері талқыланады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекет басшыларымен екіжақты кездесулер өткізеді», деп атап өткен Берік Уәли.

*****

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында балаларды қорғауға арналған заң жобасы қаралды. Мәжіліс депутаты Динара Зәкиеваның айтуынша, құжатта қолданыстағы заңнамаға балалардың әл-ауқатына қатысты әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады. Депутат жасөсірімдер арасындағы суицид мәселесіне ерекше назар аударып, еліміздің бірқатар өңірлерінде мұндай оқиғалар көбейгенін айтты.

*****

Білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағынышты ЖОО оқытушыларының жалақысы осы айдан бастап өсті. Енді университет оқытушылары айына кемінде 200 мың теңге алады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. Аға оқытушы кемінде 230 мың теңге, профессор – 350 мың теңге алады. «Сондай-ақ бір ставканың максималды көлемі енді бір оқу жылында 680 сағаттан аспайды. Яғни, оқу жүктемесі төмендетіледі. Өзгеріс профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми қызметпен айналысуы үшін мүмкіндік пен уақыттың көбірек болуын көздейді», - деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

*****

Ақтөбеде барлығы 219 оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталып, 218 сынып карантинге жабылды. Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, 1-14 қыркүйек күндері аралығында 219 оқушыдан COVID-19 анықталған. Оның 165-і қалада болса, өзгесі аудандарда. Вирус жұқтырғандардың бәрі бақылауға алынып, сыныптар карантинге жабылды. Арнаулы орта оқу орындарында 31 студенттен вирус анықталды. Қазіргі кезде 29 топ карантинге жіберілді. «Сонымен қатар жоғары оқу орындарының студенттері арасында да вирус жұқтырғандар бар. Әр дерек бойынша эпидемиологиялық тексеру жүргізілді. Шектеу шараларын өрескел бұзу дерегі тіркелмеді», - деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

*****

Қарағанды облысында бес ковид госпиталі жабылды. Олар халыққа көпбейінді медициналық көмек көрсету үшін штаттық жұмыс режиміне оралды. «Орташа алғанда, күніне шамамен 350 адам індет жұқтырады. Осыған байланысты бізде төсек қорының жүктемесі азайды. Барлығы 4 264 төсек орналастырылды, бұған дейін біз оның 1 433-ін жинап тастадық. Нәтижесінде 5 ковид госпиталі жабылды. Олар енді Қарағанды облысының тұрғындарына көпбейінді көмек көрсетеді.», - деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев.

*****

Атырау облыстық ауруханасындағы 230 орындық инфекциялық стационар да жабылды. Облыстық аурухананың бас дәрігері Ербол Иманғалиевтің айтуынша, мұндағы инфекциялық стационар шілде айында ашылған. Сол себептен, ауруханаға науқастарды жоспарлы қабылдау тоқтатылып, 6 бөлімше басқа ауруханаларға ауыстырылған. «Пандемия басталғаннан бері біздегі стационарда 446 науқас емделді», - дейді Ербол Иманғалиев. Басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, кардиология орталығы мен теміржол ауруханасында, сондай-ақ, колледждердің екі жатақханасындағы инфекциялық стационарлар да жабылмақ.

*****

Батыс Қазақстан облысында тұрғындарды тұмауға қарсы егу үшін Ресейде өндірілген 68 мың доза «Гриппол +» вакцинасы сатып алынды. БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың сөзінше, 57 мың доза вакцина облысқа тамызда жеткізілсе, қалған 11 мыңы осы айдың аяғына дейін әкелінбек. Осы мақсатқа бюджеттен 68 млн 731 мың теңге бөлінді. Биыл тұмауға қарсы жоспарлы екпе 15 қыркүйектен басталды. Бұл жедел респираторлық аурулар кезінде тұмауға қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастыру үшін жасалады.

*****

Екі аптада Халық санағының онлайн кезеңіне қатысқандардың саны 3 млн адамнан асты. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов орталық коммуникациялар қызметінде өткен бифингіде айтты.

*****

«1 тамыздағы мәлімет бойынша Маңғыстау облысында 639 мың төрт-түлік мал басы тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 мың басқа төмен. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов брифингте айтты.