Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 20.09.2021

Қорытынды жаңалықтар 20.09.2021


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Президентке Агенттіктің «көлеңкелі» экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша атқарған жұмыстарының қорытындылары туралы мәлімет берілді. Биылғы 8 айда 1508 экономикалық құқық бұзушылық анықталған. 36 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Алкоголь өнімдерін шығаратын 26 жасырын цех пен 224 заңсыз ойынхана жабылған. Агенттік төрағасының айтуынша, соңғы 4 жылда «көлеңкелі» экономика 29 пайыздан 20 пайызға дейін төмендеді. Жанат Элиманов әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша да жұмыстар жалғасып жатқанын айтты. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы агенттік төрағасына бірқатар нақты тапсырма берді.

*****

Премьер-Министр Асқар Мамин Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Аймақты әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспары аясында бес жыл ішінде өңдеу өнеркәсібін, агроөнеркәсіптік кешенді, әлеуметтік саланы, тұрғын үй, көлік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету бойынша 141 іс-шараны іске асыру жоспарланып отыр. Оған 2,4 трлн теңге инвестиция тарту көзделген, оның 80%-ы – жеке меншік капитал. Кешенді жоспарды орындау 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің көлемін жылына 205-тен 300 млрд теңгеге дейін, ШОБ үлесін 32%-дан 37%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Премьер-Министр екі апта ішінде Кешенді жоспардың жобасын Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізуді тапсырды, содан кейін мәселе Үкімет отырысында талқыланатын болады.

*****

БҰҰ Алматыда Ауғанстанға көмек көрсететін хаб құруды мақұлдады. Бұған дейін Қазақстанның Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов хаб құруды ұсынған болатын. Ол жерде Ауғанстанға көрсетілетін халықаралық гуманитарлық көмек сақталып, үлестірілетін болады. Бұл хаб Ауғанстан экономикасы құлдырауының, босқындар легі артуының және өзге гуманитарлық салдардың алдын алуға сеп болады. Көлік логистикасы тұсынан да Алматы ыңғайлы орналасқан. Бұған қоса, транзиттік хаб ұйымдастыруға қажетті инфрақұрылым бар,- деп хабарлады Egemen.kz.

*****

Ал, бүгін Ауғанстан астанасының халықаралық әуежайы ресми түрде жұмысын бастады. Азаматтық авиация басқармасының шешімі бойынша әуе айлағы 06:00-ден 18:00 - ге дейін жұмыс істейді. Осылайша, Кабулдан Ішкі және халықаралық рейстер біртіндеп орындала бастады. Әуежайды қалпына келтіруге Катар мен Түркияның мамандары көмектескен болатын.

*****

Бүгін Ресейдегі Пермь мемлекеттік университетіне белгісіз адам келіп, студенттер мен оқытушыларға травматикалық қарудан оқ жаудырды. Студенттердің терезеден секірген сәті әлеуметтік желілерде жарияланды. Кейін арнайы қызмет күдіктінің жеке басын анықтап, шабуылды 18 жастағы жігіт ұйымдастырғанын хабарлады. Қылмыскер университетке шабуыл жасамас бұрын әлеуметтік желіде хабарлама қалдырды. Оның айтуынша, ұзақ уақыт шабуылға дайындалып, атыс қаруын сатып алуға ақша жинаған. Күдікті қару алуға рұқсат алу үшін медициналық тексеруден де өткен. Қазір оның әлеуметтік парақшасы бұғатталды. Құрықтау барысында қылмыскер қарсылық көрсеткеннен кейін тәртіп сақшылары тарапынан жарақат алады. Кейін алған жарақаты салдарынан жансақтау бөлімінде көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, атыс салдарынан 28 адам зардап шегіп, 8 адам қайтыс болды. Қайғылы оқиғаға орай ертең 21 қыркүйек Пермь аумағында қаза болғандарды аза тұту күні деп жарияланды.

*****

Ресейдің Пермь университетіндегі атысқа байланысты еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі парақшасында пікір білдірді.

Бұл қайғылы оқиғалар мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы қауіпсіздікті күшейтудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Қазіргі уақытта министрлік басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру бойынша құжат әзірледі. Әрбір білім беру ұйымында барлық қауіпсіздік шарасы қабылдануы қажет. Әкімдіктер бұл мәселені кешенді шешу үшін қосымша қаражат бөлуде. Қызметкерлер мен оқушылар техникалық шаралардан бөлек, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алогоритмін білуі тиіс. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейту де — басты назарда»,-дейді Асхат Аймағамбетов.

*****

Еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысына өзгеріс енгізілді. Жаңа қаулыға сәйкес, денсаулық сақтау ұйымында, жедел медициналық жәрдем көлігінде, карантин үшін жергілікті атқарушы органдар айқындаған үй-жайларда пациенттер мен медицина қызметкері келісімінсіз аудио, фото және видео түсіруді шектеу тармақшасы алынып тасталды. Сонымен қатар енді медицина қызметкерлерінің үйде медициналық көмек көрсетуі, ошақта эпидемиологиялық тексеру жүргізуі кезінде, науқас пен онымен байланыста болған адамдар арасында сауалнама жүргізу барысында аудио, фото және видео түсіруге рұқсат берілді. Жаңа қаулы бүгіннен бастап күшіне енді.

*****

Елорда басшысы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен әкімдікте жылыту маусымы бойынша кеңес өтті. Қалада жылу беру маусымы 5 күн бойы орташа тәуліктік температура +10 градус сақталған кезде толығымен басталады. Дегенмен тұтынушылардың өтінімі бойынша жылу беруге қаланың әлеуметтік нысандары қосылуда. Бұдан басқа, жаңа нысандарды жылытуға қосу көздері анықталды, қуаттарды тексеру жүргізілуде. Сондай-ақ елді мекендерді газдандыру, жылу электр орталықтарын жаңғырту, ЖЭО су жылыту қазандықтарын газға ауыстыру жұмыстары жалғасуда. Жеке сектор тұрғындары үшін қаланың барлық ауданында көмір сататын компаниялар анықталды. Дүрлігуге және алыпсатарлыққа жол бермес үшін қоймаларға жеткілікті көлемде отын жеткізілді.

*****

Павлодарда ғимараттарды корпоративтік шара үшін жалға алуға тыйым салынды. Облыстың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысында осылай делінген. Сондай-ақ, қаулы бойынша, караоке, кальян, букмекерлік кеңсе, бильярд, ойын және копьютерлік клубтардың, түнгі клубтар мен боулинг орталықтарының қызметіне шектеу қойылады. Бұдан басқа Павлодарда вакцина алмаған кәсіпорын жұмысшылары жұмыстан шеттетіледі. Бұл ретте ұйымдарың екпе алмаған қызметкерлері 7 күнде бір рет ПТР-тес тапсыруға міндеттеледі.