Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 23.09.2021

Қорытынды жаңалықтар 23.09.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарында «Отпантау-2021» шұғыл-стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына қатысты. Жоғарғы Бас қолбасшы Бас штабтың алдыңғы шептегі бекетін аралап көріп, Қорғаныс министрінің, әуе қорғанысы, құрлық әскері, әскери-теңіз және десант-шабуылдаушы әскерлер күштері басшыларының, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің баяндамасын тыңдады. Қасым-Жомарт Тоқаев арнаулы мақсаттағы бөлімдердің дайындығын тексеріп, қару-жарақтар мен техникалардың заманауи түрлерін көрді, сондай-ақ Ақтаудағы әскери госпиталь мен Маңғыстау облысындағы авиациялық инфрақұрылымның құрылыстарымен танысты. Жоғарғы Бас қолбасшы еліміздің Қарулы Күштерінің әскери дайындығын жоғары бағалады. Сонымен қатар, әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселесі әрдайым мемлекет басымдық беретін салалардың қатарында болатынын айттты. 

*****

Бүгін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар қазақстандықтарды әлеуметтік қорғауды күшейтуге және Каспий теңізінің экожүйесін сақтауға қатысты бірқатар заң жобасын қарады. Енді ерекше қажеттіліктері бар балалар мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды бір мезгілде ала алады. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік жеңілдіктер топтамасын беру және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге кепілдік беріледі», – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев. 

*****

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен келіссөз жүргізді. Тараптар биыл наурызда қол қойылған ел Үкіметі мен Еуропалық банк арасындағы елдің тұрақты дамуы мен өсуіне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы келісімнің іске асуы туралы әңгімелесті. Келіссөз қорытындысы бойынша Алматы қаласының әуежайын жаңғырту және кеңейту, «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолын реконструкциялау жобалары бойынша ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. /////////

*****

 Үкімет бағаның өсуін тежеуге бағытталған шараларды қабылдады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов хабарлады. Сондай-ақ ол Үкіметтің қаржы-экономикалық блогының жұмыс бағытына тоқталды. Оның айтуынша, Президенттің инфляцияны белгіленген дәліздерге қайтару тапсырмасын іске асыру мақсатында Үкімет 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенін қабылдаған.

*****

Сонымен қатар, Президент өз Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын 2022 жылға дейін ұзарту және қомақты қаржы бөлу туралы тапсырма берген еді. Бұл тапсырманың орындалу барысы туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтып берді.  

*****

ТМД елдерінің бас прокурорлары елордада бас қосты. Жиынға қатысқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Президенттің құттықтау сөзін оқып берді. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев келелі жиынның адам құқықтарын қорғау саласындағы әлемдік тәжірибені зерттеуге таптырмас алаң екенін айтып, халықаралық ынтымақтастықтың нәтижелі жұмысы көп елге үлгі болатынын жеткізді. Үйлестіру кеңесінің кезекті 31-отырысында адам құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Оның ішінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау, сотқа дейінгі тергеуді қадағалау, жоғары технологияларды енгізу, сыбайлас жемқорлықпен және лаңкестікпен күрес міндеттері бүгінгі жиналыс тақырыбына арқау болды. Шара барысында ведомстволар өзара тәжірибе алмасып, соңғы жылдардағы жетістіктерін ортаға салды. 

*****

Биыл елімізде дизель отынына сұраныс артты. Бүгін өткен брифнгте Энергетика министрлігі Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Бауыржан Сәлімгереев осылай деді. Биыл дизель отынын тұтынудың айтарлықтай өсуі байқалып, әсіресе тамызда сұраныс жоғарылаған. Тұтыну көлемі 519 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 84 мың тоннаға артық. Елдің ішкі нарығының тарихында бір айдағы мұндай рекордтық көрсеткіш алғаш рет тіркелді», - дейді департамент директоры. Оның айтуынша, тұтынудың өсуіне бір жағынан транзиттік жүк тасымалдарының маусымдық ұлғаюы мен бағасы әсер еткен. «Бүгінде Қазақстанда дизель отыны көрші елдерге қарағанда арзан. Ресеймен салыстырғанда 90 теңгеге, Өзбекстанмен салыстырғанда 77 теңгеге және Қырғызстанмен салыстырғанда 60 теңгеге төмен бағада сатылады.

*****

Қазақстан командасы гандболдан Иорданияда өтіп жатқан 18-ші Азия чемпионатының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Olympic.kz. Біздің команда А тобында сынға түсіп, өз тобында екінші орын алған. Топтық кезеңде қазақстандықтар Гонконг, Сингапур, Өзбекстан командаларын жеңді. Топтағы соңғы ойында Қазақстан Оңтүстік Кореямен кездесіп, қарсыласын 40:20 есебімен жеңді. Осылайша, Қазақстан командасы жартылай финалда В тобында бірінші орын алған Жапония құрамасымен кездеседі.