Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Елімізде Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы қабылданады

Елімізде Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы қабылданады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитте сөз сөйледі. Президент өз сөзінде бүгінгі таңда азық-түлік нарығының орнықты дамуы үшін жағдай жасау маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«Әлем бойынша азық-түлікті жеткізудің белсенді қатысушысы саналатын Қазақстан аграрлық секторды экологияландыруды және орнықты дамытуды қолдайды. Еліміз бидай мен ұн өндіруші ірі елдердің ондығына кіреді және жылына 7 миллион тоннаға дейін бидай экспорттайды. Біз негізгі тежеуші факторларға қарамастан, майлы дақылдар экспортын 1 миллион тоннадан асырдық. Дегенмен, азық-түлік жүйесі экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан орнықты болуға тиіс», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құруға бастамашы болғанын айтып өтті. Қазіргі таңда оның құрамында 36 ел бар. Осы ұйым аясында Қазақстан жыл сайын мұқтаж елдерге, оның ішінде Ауған халқына бидай мен ұн жеткізу сияқты қайтарымсыз гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы агротехникалық, ғылыми және инновациялық байланыстарды нығайту, сонымен қатар қаржы, инвестиция, көлік және логистика салаларын да ілгерілету керек екенін атап өтті.

*****

Елімізде мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыру және Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру мақсатында арнайы Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы қабылданады. Ол бюджет саясатын, мемлекеттік борышты басқару, Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану мәселелерін қамтиды. Бұл ретте мемлекеттік шығыстардың тиімділігін және Ұлттық қордан берілетін трансферттерді бақылау күшейтіледі. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың мәліметінше, тұжырымдаманың негізгі тәсілдері ретінде мемлекеттік борыштың өсуін шектеу және оны қауіпсіз деңгейде ұстап тұру үшін бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен төмендету көзделген. Сондай-ақ, борыш тұрақтылығының негізгі көрсеткіштерін белгілеу жоспарланған.

*****

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бес адамды атқан Игорь Дужновқа қатысты шешім шығарды. Күдікті екі айға қамауға алынды. Аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Кінәлі адам 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Таңғы жаңалықтарымызда хабарлағанымыздай, Игорь Дужнов алты азаматтық дау мен 27 материал бойынша жауапкер болған. Ұзақ уақыт бойы қарызын өтемеген. Сондықтан екі адам одан жалпы сомасы 6,5 миллион теңге қарызды өндіріп алу үшін жүгінген. Сонымен қатар, Серіктестіктердің бірі бес миллион теңгені, ал банк 118 миллион теңгені қайтару туралы талап арыз берген», - деп хабарлады Алматы қалалық соты.

*****

Қазақстанда өткен тәулікте 2537 адамда коронавирус індеті анықталды. Ел бойынша ауырғандар саны 872 мыңнан асып отыр. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтыру деңгейі соңғы екі аптада 12 %-ға төмендеді. Ауырғандар арасында барлық жас санатының өкілдері бар. Дегенмен, ең жоғары үлес – 31 %-ы 60 және одан жоғары жастағылар арасында байқалады. СҚО 4 қыркүйектен бастап «сары» аймақта. Алайда мамандар арқаны кеңге салуға болмайтынын айтып, ескертіп жатыр. Санитариялық шаралар сақталмаған жағдайда инфекция күрт өршуі мүмкін.

*****

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауылында кәріз суы өзенге құйылып жатыр. Ауылдан шыққан қалдық судың өзенге құйылып жатқаны тек биыл емес. Кәріз суын тазартатын құрылғының бұзылғанына оншақты жыл болған. Содан бері тоғанның ернеуінен асқан шайынды таудан аққан таза суға қосылып, Күршім өзенін лайлап келеді. Бұрын мұнда балық аулайтын халық жазда тіптен суға шомылудан қалған. Жергілікті билік кәріз суын тазартатын жаңа қондырғының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап, сараптамаға жіберген. Алайда, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен түскен мораторийдің кесірінен бұл шаруа әзірге тоқтап тұр. Күршім ауданының әкімі Дулат Қажановтың айтуынша, мораторийде үш жүз мыңнан артық халқы бар жерлерге бірінші жасалады деп жазылған. Құжат экспертизадан өткен бойда ары қарай республикалық бюджеттен қаражат сұрап, жұмысты жалғастыратын боламыз,-дейді аудан әкімі.

*****

Қазақстан құрамасы футзалдан әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды. Жерлестеріміз кеше 1/8 финалда Таиланд құрамасымен кездесіп, 7:0 есебімен басым түсті. Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Коста-Риканы 6:1, Литваны 3:0 есебімен жеңді. Ал Венесуэламен 1:1 есебімен тең түсті. Енді қазақстандықтар ширек финалда Өзбекстан және Иран жұбының жеңімпазымен кездеседі.