Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 24.09.2021

Қорытынды жаңалықтар 24.09.2021

Мемлекет басшысы Тәжікстанның Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы Рустами Эмомалиді қабылдады. Президент қазіргі сын-қатерлер жағдайында жоғары дәрежеде орнықтылық көрсетіп отырған қазақ-тәжік ынтымақтастығының оң қарқынын атап өтті. Бұған мемлекеттер басшылары деңгейіндегі белсенді саяси диалог және үкіметтердің үйлесімді жұмыстары септігін тигізуде. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Тәжікстанға ресми сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар екіжақты байланыстарды кешенді түрде нығайтудың басты бағдары болатынын айтты. Президент мемлекеттер басшыларының тапсырмаларын іске асыруда екі ел үкіметтерінің белсенді жұмыс істеп жатқанын және қазірдің өзінде нақты нәтижелердің бар екенін де тілге тиек етті.
*****
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген Тәжікстан Оли Мажлисі Милли Мажлисінің төрағасы Рустами Эмомали ақын, тәжік және парсы классикалық әдебиетінің негізін қалаушы Әбу Абдаллах Рудакидің ескерткішін ашу рәсіміне қатысты. «Қазақстанда ұлы ақын Әбу Абдалла Рудакидің шығармашылық мұрасын жоғары бағалайды. Оның поэзиясы әлемдік мәдениеттің қазынасына енді. Душанбеде қазақтың ұлы ойшылы Абай атындағы көше бар екенін білеміз. Екіжақты қарым-қатынастарда мәдени-рухани байланыстар әрдайым берік көпір және іргетас болып қала береді. Көрнекті тұлғаларымыздың естеліктерін құрметтеу бізді қуантады», - деді Сенат Төрағасы.
*****
1 қыркүйектен бері Президенттік жастар кадр резервіне қатысуға 3 828 адам өтінім берді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі хабарлады. Мегаполистер бойынша 24 қыркүйекке дейін Нұр-Сұлтан қаласынан 464, Алматыдан – 174, Шымкент қаласынан – 501 үміткер құжат тапсырған. Сондай-ақ, Президенттік жастар кадр резервіне шет елдерден де үміткерлер тіркелген. Атап айтқанда, АҚШ, Ұлыбритания, Грузиядан екі екі адамнан, Біріккен Араб Әмірліктері мен Болгариядан 1 үміткерден өтінім жіберген. Үміткерлер арасында 2 161 ер азамат, 1 667 әйел заты. Кадрлық резерв бағыттары бойынша «Білім беру жүйесін дамыту» бөлігі 1 173 үміткермен көш бастап тұр. Одан кейін «Мемлекеттік басқаруды дамыту» - 1 140, «Өңірлік даму» – 694, «Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға» 115 ұміткер.
*****
Келер жылдың көктемінде тұрғын үй 20%-30% қымбаттайды. Бұл туралы Қазақстан Құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев айтты. «2014-2015 жылдары үшінші-төртінші класты тұрғын үйдің шаршы метрі 1,5-2 мың долларға сатылса, қазір олар 750 долларға өтіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда құрлыс компаниялары салған үйінің өзіндік құнын ғана ақтап жатыр. Баспана тапшылығының қалыптасуына құрылыс компаниялары кінәлі емес. Бүгінде құрылыстың өзі 35%-40% қымбаттады. Материалдар 60% -дан 90%-ға дейін шарықтап кетті», - деді Талғат Ерғалиев.
*****
«Ақтөбе облысы бойынша инфекциялық стацонарларда 658 адам жатыр. Оның 84-і жансақтау бөлімінде. Науқастардың 15-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Жалпы пандемия басталғалы облыста 32 мыңнан астам адам қауыпты індет жұқтырды. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров айтты.
*****
Батыс Қазақстан облысында коронавирустың таралуының алдын алу шараларына биыл 4,2 млрд теңге бөлінді. БҚО әкімінің орынбасары Айдар Нұралиев мәлім еткендей, ел Үкіметінің резервінен вакциналарды сатып алуға 3,4 млрдқа жуық ақша берілді. Оған қоса облыстың жергілікті атқарушы органының резервінен вакциналарды сақтау үшін мұздатқыш камералар мен термоконтейнерлер сатып алуға, медициналық ұйымдарды оттегі станциялармен қамтамасыз етуге, тамақпен, қонақүймен қамтуға, медицина қызметкерлерін тасымалдауға 478 млн теңге жұмсалды. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жабдықтар сатып алуға жергілікті бюджеттен 316,6 млн теңге қаралды.
*****
27 қыркүйектен бастап Ashyq қосымшасын қолдана отырып, той-томалақ, отбасылық жиындар өткізуге рұқсат берілді. Тек әр өңірде эпидахуалға байланысты адам санында шектеулер болады. Бұл талап мәдени, спорттық іс-шаралар мен түрлі конференциялар ұйымдастыру кезінде де сақталуы тиіс. Жалпы елде кейінгі апталарда вирус жұқтыру мен өлім-жітім 60%-ке азайған. Сондай-ақ елде алдағы күндері Ресей, Түркия, Біріккен Араб Әмірлігі, Германия сынды бас-аяғы 16 мемлекетке ұшақ қатынай бастайды. Бұдан бөлек, эпидахуалы тұрақты саналатын 30 елдің азаматтарына ел аумағына кіруге рұқсат берілді.
*****
Қыркүйектің 25 және 26 күндері ел астанасындағы «Хан Шатыр» сауда ойын сауда орталығы алдындағы алаңда ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Ақтөбе облысының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. Жәрмеңкеге Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласының 12 ауданынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындары өз өнімдерімен келеді. Барлығы 197 тонна өнімді сату жоспарланып отыр. Жәрмеңке өнімдерінің бағасы нарықтағы бағадан 10-15%-ке төмен болады.
*****
Аладғы күндері Республиканың басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы күтіледі. Бұған солтүстік-батыс және оңтүстік циклонның бірігуі ықпал етеді. Елдің солтүстік жартысы мен шығысында жаңбыр жауып, арты қарға ұласуы мүмкін. Жел күшейеді, түнде және таңертең тұман күтіледі деп жазады Қазгидромет.