Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 01.10.2021

Қорытынды жаңалықтар 01.10.2021

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазмедиа орталығының» Киноконцерт залында Қазақ радиосының 100 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Онда Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың құттықтау хаттары оқылды. Қазақ радиосы ұжымын құттықтау хатында Елбасы халқымыздың талайлы тарихы мен шежіресі эфирде қамтылып, аумалы-төкпелі кезеңдерде ел өміріндегі маңызды оқиғалар жұртшылыққа жедел жеткізілгенін ерекше атап өтті. Елбасы құттықтау хатын Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай оқып берді.

*****

Президент Қ.К.Тоқаевтың құттықтауында «Қазақ радиосының жылнамасы - халқымыздың 100 жылда жүріп өткен жолының айнасы. Радио алғаш құрылған күннен бастап ел мүддесіне қызмет етіп келеді» делінген. Құттықау хатты жиналағандарға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жеткізді.

*****

Президенті Қ.К.Тоқаевтың ұсынысымен, ел Үкіметінің қаулысымен 1 қазан «Радио күні» болып белгіленді және биыл алғаш рет аталып өтілді. Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында радио тарихымен тығыз байланысты Нұр-Сұлтан мен Қызылорда қалаларындағы және ТМД елдерінің мәдени астанасы болған Шымкент қаласындағы көшелерге «Қазақ радиосы» атауы берілді. Сондай-ақ Елордадағы көпқабатты үйлердің қасбетіне радионың мерейтойына арналған мурал (стрит арт) салынды. Нұр-Сұлтан қаласындағы көшеге диктор Әнуарбек Байжанбаевтың есімі де берілді. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде аудитория, зертханалық радиостудия ашылды.

*****

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин РФ Омбы облысының губернаторы Александр Бурковпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Тараптар сауда-экономика, өнеркәсіптік кооперация, Агроөнеркәсіп, энергетика, транзиттік-көлік, туризм, мәдени-гуманитарлық салалардағы ҚР мен РФ шекара маңы ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады. Келіссөз барысында Ертіс трансшекаралық өзенінде кеме қатынасын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Павлодар мен Омбы қалалары арасындағы өзен бойынша жүк тасымалдау көлемін 2025 жылға қарай 4 есе арттырып, жылына 1 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі кеме қатынасы шлюздеріне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары Ертіс өзені бойынша өтпелі кеме қатынасын ашуға және келешекте Қытаймен мультимодальдық қатынастың ашылуына ықпал етеді. 

*****

ҚР Үкіметінің Қаулысымен Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт вице-министрі қызметінен босатылды, деп хабарлайды primeminister.kz

*****

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Алматы қалалық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесу барысында «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасына енгізілген өзгерістер талқыланды. «Жыл басында Мемлекет басшысы аталған заңға қол қойған. Қоғамдық кеңестердің өкілеттігі кеңейді. Осы заң қабылданған уақыттан бері қоғамдық кеңестердің жұмысында айтарлықтай өзгерістер болды. Әрине, бұл істе бізге тәуелсіз институт ретінде қалыптасқан қоғамдық кеңестердің қолдауы қажет»,- деді министр. Сонымен қатар, қоғамдық кеңестердің тұрғындармен кері байланыс механизмдерін күшейту үшін «KAZKENES» ақпараттық порталын танымал ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол арқылы азаматтар еліміздің барлық аймақтарындағы қоғамдық кеңестерге жүгіне алады «, - деді министр. 

*****

Ақмола облысының бірқатар ауданында тұрғындарды коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау аяқталды. Бұл туралы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Екпенің 1-компоненті шамамен 300 мың адамға салынды. Бұл - екпе алуға тисті халықтың 69,1 пайызы. Ал екінші компонентті 250 мыңнан астам адам салдырған. Оның атап өтуінше, соңғы айлардың ішінде өңірде вакцинацияға байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Екпе бригадаларының саны 30-дан 130-ға дейін көбейген. Ал облыстың шалғай ауылдарының тұрғындарын вакциналау үшін 11 жылжымалы кешен жұмыс істеп жатыр. «Бізде халық саны аз аудандар да бар. Онда жоспар шегінде халықты вакцинациялау аяқталды. Босаған жылжымалы медициналық кешендерді оның қызметін қажетсініп отырған елді мекендерге жібереміз», - деді Айна Мысырәлімова.

*****

Шығыс Қазақстан облысында карантин шектеуі 17 қазанға дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды. Онда жазылғандай, өңір бойынша карантин 17 қазанға дейін ұзартылды. Шектеу шараларының мерзімі облыс аумағында COVID-19 инфекциясының таралуы бойынша ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін. 

*****

Бүгін Қазақстанда дәстүрлі форматтағы халық санағы басталды. Оған онлайн санақтан өтпегендер қатыса алады. Ұлттық халық санағы республика бойынша он жылда бір рет өткізіледі. Биылғы санақ еліміз тәуелсіздік алғалы бері үшінші рет өткізіліп отыр. Биылғы санақтың басты жаңашылықтарының бірі – санақтың дәстүрлі және онлайн форматта өтуі болды. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн режимде өздігінен сауалнама парақтарын толтыру мүмкіндігі болады. Жүйе тәулігіне 24 сағат қолжетімді, респонденттер санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы уақытты таңдай алады, сайтта бланк толтыруды тоқтатып, кейіннен жалғастыра алады. Одан басқа, Egov платформасында электрондық цифрлық қолтаңба арқылы және Aitu мобильді қосымшасы арқылы, sanaq.gov.kz сайты арқылы санақтан өтуге болады. Ал дәстүрлі ұлттық санақ онлайн режимде санақтан өтпеген тұрғындар үшін 1-30 қазан аралығында өтеді. Соңғы мәліметтер бойынша, санақтан онлайн өткендер қатары 6 миллионнан асты. Түркістан облысы көш бастап тұр.

*****

Қазір «Қарағанды – Алматы» тасжолы салынып жатыр. Жолмен қатар ондағы инфрақұрылымды дамыту мақсатында аталған бағытта жол бойында 9 бекет ашылмақ. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты. «Елімізде жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту өте маңызды. Оның үстіне бүгінде ішкі туризм ілгерілеп келеді, осы орайда жол мен ондағы инфрақұрылымның болуы шарт. «Қарағанды- Алматы» тасжолында 9 бекет салу қаралып жатыр. Қазіргі уақытта инвесторлар бекет салатын жерді белгіледі. Жол бойы бекеттері ұлттық стандартқа сәйкес жоғары санатта салынады», - деді Бейбіт Атамқұлов.

*****

Ел Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, «Қызыл» аймақта: Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Павлодар облысы тұр. «Сары» аймақта: Шымкент қаласы, Атырау, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары. «Жасыл» аймақта: Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары орналасқан.