Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 06.10.2021

Қорытынды жаңалықтар 06.10.2021

Бүгін Мәжіліс көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Депутаттардың ұсыныстарын қарау қорытындысы бойынша заң жобасында Қазақстан Республикасының 1 кодексіне және 16 заңына түзетулер енгізу көзделген. «Құжат мақсаты – сыртқы жарнамалар мен әртүрлі маңдайшалардағы, басқа да реквизисттер мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы және мәтіндердің түпнұсқалы аудармасы бойынша қосымша талаптарды белгілеу. Сайлаушылар жиі көтеретін тақырыптардың бірі - осы көрнекі ақпараттағы қазақ тіліндегі жазылатын мәтіннің сауатсыздығы, кейбір жағдайда тіпті қазақ тілінде мәтіннің болмауы. Осыған байланысты нақты талаптар енгізілді», - деді Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы.

*****

Өнеркәсіптік саясат туралы заң әзірлеу – Мемлекет басшысының жолдауды жариялағанда берген тапсырмасы. Тиісті құжат бүгін Мәжілісте таныстырылды. Жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов аталған заң жобасы бойынша баяндады.

*****

Қорғаныс министрлігі әскери саперлердің күшімен пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді жоюға кіріседі. Оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың 30 қыркүйегінде Үкімет арнайы қаулы қабылдады. Оған сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, оқ дәріні қоймалардан әскери полигондарға шығару жұмысын ұйымдастырып, жояды. Тікелей іс-қимыл тәртібін екі министрлік бірлесе атқарады деп жоспарланған.

*****

Қазақстанда коронавиурсқа қарсы ревакцинация қараша, желтоқсан айларында басталуы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникацилар қызметінде өткен брифингте айтты. «Қазір әлемде ревакцинация жүргізудің жолдары зерттеліп жатыр. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа өңіріндегі жоғары деңгейлі жұмыс тобына кірді. Осы топ Еуропа өңірі бойынша ревакцинацияның стандарттарымен, стратегиясымен айналысуда. Ревакцинацияға абайлап келу керектігі жөнінде алдын ала ұсыным шығарылған болатын. Оның өзінде бірінші кезекте халықтың осал буыны мен алдыңғы саптағы қызметкерлер, вирусқа қарсы антиденесі жоқ азаматтар екпе алуы керектігі айтылған. Яғни қазір оның неше мәрте болуы керектігі, қай вакцинаның түрін егу қажеттігі талқыланып жатыр», - деді министр. Ведомство басшысы жуық арада ведомствоаралық комиссияда ревакцинация бағдарламасының өлшемдері ұсынылатынын айтты.

*****

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцина алған қазақстандықтардың қажылыққа бару мүмкіндігі туралы пікір білдірді. Қажылыққа бару үшін әр ел өз талабын қояды. Қазір бізде Sinofarm компаниясының вакцинасы бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны аккредиттеді. Егер қажылыққа қабылдаушы ел Дүниежүзілік ұйымда тіркелген вакцинаның болуын талап етсе, ондай вакцина бізде бар деген сөз. Соны қабылдап, қажылыққа шыға беруге болады», - деді министр. Ведомство басшысы қазақстандық QazVac вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу жұмыстары сәтті өтсе, екпенің осы түрін алғандар да қажылыққа бара алатынын еске салды. Министр сондай-ақ елімізге Пфайзер вакцинасының 4 млн дозасы жеткізілетінін айтты.

*****

Елорда мен Алматының кей жерлерінде 5G желісі тестілеуден өтіп жатыр. Бұл жайында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті. «Кейбір астаналықтар мен алматылықтар интернеттің жылдамдығы едәуір артқанын байқаған да шығар. Біз 5G желісін сынақтан өткізу үшін жиілік диапазонын бөлдік» деп жазды Бағдат Мусин Instagram парақшасында. 

*****

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы журналист, тележүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы стипендия иегерлерін марапаттады. Корпорация мәліметінше, байқау еліміздегі жоғары оқу орындарының журналистика факультетінің студенттері арасында екі ай көлемінде жүргізілді. Оқу гранты Нұртілеу Иманғалиұлының телевизиядағы тұлғасы жайлы үздік бейнематериал ұсынған үш студентке табысталды», - деді басқарма төрағасы Ләззат Танысбай. Комиссияның шешімімен Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің 3-курс студенті Аңсаған Ғалаладин, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің 2-курс студенті Қанат Жолдасбеков пен С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 4-курс студенті Күмісжан Исан оқу грантының иегері атанды. 50 мың теңге көлеміндегі ай сайынғы стипендия бір оқу жылы бойы төленеді. 

*****

Химиядан Нобель сыйлығының лауреаттары анықталды. Ғалымдар органикалық молекулалар қолданылатын химиялық реакциядағы жұмысымен ерекшеленген. Химиядан 2021 жылғы Нобель сыйлығы германиялық Бенджамин Лист пен американдық Дэвид Макмилланға берілді. Бұл туралы Корольдік ғалымдар академиясының Нобель комитеті жариялады. Лист пен Макмиллан асимметриялық органокатализді дамытуға қосқаны үшін лауреаттар қатарына енген. Бұған дейін физика және физиология мен медицина салаларындағы лауреаттардың есімдері аталған.

*****

Павлодарда өрт сөндіру көлігі мектеп автобусымен соқтығысты, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, автобус инерциямен тұрақта тұрған «Volkswagen» жеңіл автокөлігіне соғылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелеттік жасқа толмаған 6 бала зардап шекті. «Тексеріс жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды» делінген полиция хабарламасында.