Қытай Қазақстан астығын қабылдаудан бас тартып отыр
Қазақстан Pfizer вакцинасын жеткізу бойынша соңғы келісімшартқа қол қойды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың мәліметінше, осы жылдың төртінші тоқсанында препарат Қазақстанға әкелінеді. Бұл ретте 4 миллионға жуық дозаны жеткізу жоспарланып отыр. Қазір елімізде арнайы тоңазытқыш қондырғылары дайындалып жатыр, себебі Pfizer вакцинасы минус 80 градуста сақталуы тиіс.
*****
Еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды. Құжатқа сәйкес, бірқатар елдің азаматтары үшін вакцинация паспорттары/сертификаттары/анықтамалары Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп танылды. Яғни, біздің елімізге кіру үшін Аргентина, Мажарстан, Грузия, Иран, Армения, Беларусь, Молдова, Сан-Марино, Қырғызстан, Моңғолия, Таиланд, Түркия және Эстония азаматтары аталған құжаттарды да көрсетуі міндетті.
*****
Өткен тәулікте елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған 2 063 жағдай тіркелді. Осылайша, індетке шалдыққандар саны 898 мыңнан асты. Вирустың таралу матрицасына сай, Қазақстанда 4 өңір ғана «жасыл» аймақта тұр. Қауіпсіз аймақта Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары бар. «Қызыл» аймақта Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары қалды. Қалған өңірлер «сары» аймақта.
*****
Қызыл аймақтағы СҚО-да карантиндік шектеулер күшейтіледі. Тиісті қаулыға аймақтың бас санитар дәрігері Әсет Жұматаев қол қойды. Құжатқа сәйкес, мәдениет нысандарында дайындықтарды жүргізуге, сондай-ақ театр, кинотеатр, бильярд, балалардың ойын орталықтары, , боулингтер мен аквапарктердің, түнгі клубтардың, банкет залдары, компьютер мен караоке клубтардың жұмысына тыйым салынады. Бұдан былай спорттық іс-шаралар көрерменсіз өтіп, түрлі форум-конференциялардың жұмысына, отбасылық мерекелер мен ас берулерге, көрмелерге, корпоратив кештерін өткізуге рұқсат жоқ. Балалардың түзету кабинеттері, білім беру орталықтары адам санын 15-тен асырмай жұмыс істей алады. Ал мейманханалар мен қонақ үйлер толымдылықты 80 %-дан асырмауы тиіс. Жабық базарлар, СПА-орталықтар, бассейндер мен спорт кешендері сенбі-жексенбі жұмысын тоқтатады. Сонымен қатар, демалыс күндері аумағы 2 мың шаршы метрден асатын сауда орталықтары жұмыс істемейді. Бұл шектеулердің Ashyq жобасын енгізгендерге қатысы жоқ. Қаулы қазанның 9-ынан бастап күшіне енеді.
*****
Шығыс Қазақстан облысындағы ауруханаларда науқастарға орын жоқ деген ақпарат жоққа шығарылды. Соңғы күндері әлеуметтік желіде Өскемендегі жұқпалы аурулар стационарының дәрігерлері тұрғындарды ауруханаға жатқызудан бас тартып жатқаны туралы бейнежазба тарады. Бұған қатысты аймақтық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы түсінік берді.
«Бүгінде Шығыс Қазақстанда 3709 инфекциялық төсек орынның 19 пайызында ғана пациенттер жатыр. Атап айтқанда, Өскеменде стационарларға 1240 адамды орналастыру мүмкіндігі бар, ал қазіргі уақытта төсек қорының 37 пайызы бос емес. Әлеуметтік желіде тараған видеода Өскемен қаласының ауруханасына Зайсаннан келген науқас туралы айтылған. Бейнематериалда дәрігерлердің оны ауруханаға жатқызудан бас тартқаны көрсетілген. Негізінен бұған клиникалық хаттамаларға сәйкес, науқасты ауруханаға жатқызуға қажетті көрсеткіштерінің болмауы себеп», - деді Ермек Омарбеков. Оның айтуынша, видеода мәселе толық көрсетілмеген. Тек үзінділері ғана алынған.
*****
Қытай Қазақстан астығын қабылдаудан бас тартып отыр. Бұл туралы астық одағының ресми өкілі хабарлады. Айтуынша, шығыстағы көршіміз шекарада бақылауды күшейтіп, тауарларды қабылдамай жатыр. Сол үшін отандық экспорттаушылардың вагондары шекарада бостан-бос тұралап қалған. Ондағы бидайлар шіріп кете ме де алаңдаған олар Үкіметтен көмек сұрап отыр.
*****
Нұр-Сұлтан қаласында «Elorda Jastary» арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Бұл туралы шаһар басшысы Алтай Көлгінов хабарлады. Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасына 35 жасқа дейінгі тұрғын қатыса алады. Өтінім берушінің қалада кемінде бір жыл тіркеуде тұруы, Отбасы банкте жинақ шоты болуы қажет. Сонымен қатар, үміткердің үйі болмауы тиіс, ресми жұмыс өтілі бір жылдан асуы қажет. Осылайша, бағдарламаға қатысушы жылдық 5% жеңілдікпен тұрғын үй сатып алуға 18 млн теңгеге дейін қарыз ала алады. Өтінімдерді қабылдау 14 қазанда басталады және ол qatysu.zhilfond.kz порталы арқылы жүргізіледі. Толығырақ Елорда әкімдігі «Тұрғын үй қоры» мекемесінің сайтынан танысуға болады.
*****
Алматы облысында биыл 1 млн шаршы метр тұрғын үй салу көзделген. Аймақта баспана құрлысы қарқынды жүргізілуде. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 137 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Аталған мақсатқа 32 млрд теңге қаржы қарастырылды. Оған 64 тұрғын үй салынады. Сонымен қатар, инженерлік инфраструктуралық 73 жоба іске асырылады деп бекітілген. Бұл туралы облыстық әкімдік хабарлады. Айта кетейік, осы жылдың 6 айында 590 мың шаршы метрге жуық баспана пайдалануға берілген.