Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 07.10.2021

Қорытынды жаңалықтар 07.10.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік энергетика апталығы мен ХIV KazEnergy Еуразиялық форумы аясында өткен «Әлемдік энергетикалық трилемма 2021 – компоненттер теңгерімі: энергетикалық аймақтар бойынша өзгерістер навигациясы» тақырыбында жаһандық пленарлық мәжілісте бейнеүндеу жасады. Президент Орталық Азия аймағында алғаш рет өткізіліп отырған Дүниежүзілік энергетика апталығының ұйымдастырылуын қолдады. « Осы аптада 90 елдің басшылары мен беделді тұлғалары Қазақстанда бас қосты. Глазгода өтетін Климаттың өзгеруі жөніндегі конференция қарсаңында қол жеткізілген нәтижелер мен ортақ болашаққа қатысты көзқарастарымызды талқылау үшін жиналдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы осы бағыттағы ұлттық басымдықтар мен міндеттемелер туралы айта келіп, Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы күрес пен Париж келісімінің мақсаттары жолындағы жаһандық күш-жігерді толық қолдайтынын атап өтті.

*****

ҚР Мемлекет хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кезекті комиссия отырысы өтті. Жиында пандемиямен күресуге бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы және денсаулық сақтау министрлігіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар жайы талқыланды. Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі денсаулық сақтау министрлігі мен оған қарасты мекемелердегі мемлекеттік сатып алу кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады. Жиын соңында Мемлекеттік хатшы көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырлар беріп, орындалуы қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.

*****

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Төтенше жағдайлар министрлігінің 2020-2021 жылдары атқарған жұмыстарының нәтижелері баяндалды. Осы уақыт аралығында елімізде 9 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тіркелді. Юрий Ильиннің айтуынша, министрлік табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелеріне көп көңіл бөліп келеді. Министрлік елді мекендерді, нысандарды және жекелеген тұрғындарды сел мен су тасқынынан алдын ала қорғау мақсатында Алматы қаласы мен Алматы облысының Аюсай, Ақсай және Қорғас өзендеріндегі бөгеттердің құрылыстарын қаржыландырады.

*****

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қалай дамитынын айтты. «Ел өңірлеріне 149 жылжымалы медициналық кешен жіберілді. Олар қажетті медициналық жабдықтармен, тоңазытқыштармен, ЭКГ аппараттарымен, рентгенмен жабдықталды. Жылжымалы кешеннің көмегімен сол ауылдарға дәрі-дәрмектер жеткізіліп, профилактикалық тексерулер жүргізу жолға қойылды», - деді Алексей Цой. Министрдің айтуына қарағанда, жоспар бойынша барлық тірек ауылдар бастапқы буындағы медициналық нысандармен жүз пайыз қамтамасыз етілуі тиіс.

*****

Жыл соңына дейін елімізде студенттерге арналған 23 жатақхана пайдалануға беріледі. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған. «Елбасының Үшінші әлеуметтік бастамасы аясында 2020 жылы 20 мың төсек-орынға арналған 75 нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар, биыл жыл басынан бастап 15 жатақхана пайдалануға берілген еді», - деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары жауабында. Оның мәліметінше, 2021 жылдың соңына дейін жасалған алдын ала шарттар есебінен 5,5 мың төсек-орынға арналған 23 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған. «Ал, 2022 жылы 24 мыңға жуық орындық 59 жатақхананы, 2023 жылы 11 мың орындық 25 жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда», - деді Ералы Тоғжанов.

*****

Алматыда коронавирус жұқтырған 1 477 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасынан хабарланды. Бүгін шыққан ақпарат бойынша, бір тәулікте қалада 423 адам коронавирус жұқтырған. Мұның ішінде симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен – 394, симптомсыз – 29 науқас тіркелді. «Инфекциялық стационарларда 1 477 адам бар , оның - 56 бала», – деп нақтылады қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінен. Сондай-ақ, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 170 адам жатыр. Ал 32 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

*****

Алдағы уақытта Алматыда қауіпті індеттің асқынуы болжанбайды. Дегенмен Күн райының суытқандығы індеттің таралуына әсерін тигізуі мүмкін. Бұл туралы Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты.

*****

Нұр-Сұлтанда тағы бір вакцинация пункті ашылды. Азаматтарды КВИ-ға қарсы вакцинациялауға арналған аймақ Гете көшесіндегі теміржол вокзалында (ескі вокзал) ұйымдастырылды. Вакцинация пункті ғимарат кіреберісінің жанында 1 қабатта орналасқан. Егу пунктінде, барлық басқа вакцинация пунктеріндегідей, азаматтардың таңдауына вакцинаның үш түрі ұсынылады: Спутник, QazVac, Sinofarm.тЕстеріңізге сала кетейік, бұған дейін егу пункттері «Нұрлы жол» теміржол вокзалында және Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында ұйымдастырылған еді. Қазіргі уақытта қала бойынша сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері жанында 5 вакцинация пункті орналасқан.

*****

«Қазпошта» АҚ Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойына орай пошта маркасын шығарды. «Естелік және мерейтой күндері» сериясындағы пошта маркасының таралымы 2 млн дана. Марканың номиналы - 100 теңге. Мерекелік пошта маркасы ел аумағында бүгіннен бастап айналымға енгізілді. Сонымен бірге Қазпошта Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығына арналған пошта маркасын да шығарды. «Естелік және мерейтой күндері» сериясындағы пошта маркасының тиражы 1 млн дана. Оның номиналы 300 теңге. Марканы еліміздің кез келген өңіріндегі пошта бөлімшесінен сатып алуға болады. Биыл Ұлттық пошта операторы «Фауна» және «Естелік және мерейтой күндері» сериясы бойынша әртүрлі тақырыпта 13 млн дана стандартты пошта маркасын шығарады.

*****

9 және 10 қазанда елордадағы «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңда Павлодар облысы тауар өндірушілерінің қатысуымен кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларының, облыстың ауылдық жерлерінің тауар өндірушілері, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлері қатысады. Аталған өңір елордаға 200 млн теңгеден астам сомаға 520 тонна өнім, оның ішінде ет, ет-сүт, бакалея өнімдері, картоп, көкөніс әкеледі. Жәрмеңке санитарлық нормалар мен карантин талаптарын сақтай отырып өткізіледі.