Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Ақтөбе облысында жетім балалардың қамқоршылары ақша жымқырды

Ақтөбе облысында жетім балалардың қамқоршылары ақша жымқырды

Пандемияға қарсы қабылданған шаралар індеттің бетін қайтарғанымен, бюджеттен бөлінген қаржы кейде тиімсіз пайдаланылған. Мұндай жағдайға лауазымды тұлғалар медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу, емхана қызметкерлеріне үстемақы төлеу кезінде жол берген. Бұл жөнінде Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында айтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі денсаулық сақтау министрлігі мен оған қарасты мекемелерде бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол беретін тұстарды анықтаған. Ал Қаржы министрлігі медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу барысында бірқатар заңсыздықты әшкереледі. Жиын соңында Мемлекеттік хатшы көтерілген мәселелер бойынша тапсырмалар беріп, ол қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.

*****

Ақтөбе облысында жетім балалардың қамқоршылары 1,5 млн теңгеден астам қаржыны жымқырған. Бұл туралы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне сілтеме жасап хабарлайды. «Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкерлері Хромтау аудандық білім беру бөлімінде аудиторлық тексеру жүргізу барысында кәмелетке толмаған жетім балалардың төлемдерін екі көзден алып отыру үшін, олардың қамқоршылары қос-қостан шот ашқанын анықтады» –, делінген хабарламада. Қазіргі уақытта анықталған бұзушылықтар сомасы 1 млн 637,7 мың теңге бюджетке өндірілген. «Осы мемлекеттік мекеменің бухгалтері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Аудит материалдары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне тапсырылды», – делінген Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің мәліметінде.

*****

Биыл Алматы облысында жемқорлық жасаған 70 шенеунік сотталған. Бұл жөнінде Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ернар Мақажанов Facebook-тегі жеке парақшасында өңір тұрғындарына берген есебінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ведомство басшысы 2021 жылдың 9 айындағы превенция және жедел-тергеу бағыты бойынша жұмыс нәтижелерін жеткізді. «Жыл басынан бері 87 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, оның 72,4% астамы немесе 63-і қылмыстық сыбайлас жемқорлық болып табылады. 155 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 20 адам әртүрлі деңгейдегі бірінші басшылар (облыстық – 6, қалалық -4, аудандық – 9, ауылдық - 1). 70 адам сотталды, оның ішінде 65 адам 119 млн теңгеден астам сомаға айыппұлға, 2 адам бас бостандығын шектеуге, 3 адам бас бостандығынан айыруға, мүлкі тәркіленіп және мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып сотталды», - деп жазды Ернар Мақажанов. Департамент басшысының ақпаратына сәйкес, бақылаушы органдардың лауазымды тұлғалары тарапынан кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудың 11 фактісі анықталған (26 қылмыс), 35 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған, 22 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қорғалған. «Іс жүргізумен аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залал сомасы 3,8 млрд теңгені (3 850 843 791 теңге) құрады, оның 97,2% немесе 3,7 млрд теңгесі (3 742 332 191 теңге) өтелді», - деп толықтырды Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы. Сонымен қатар Ернар Мақажанов облыс тұрғындарын сыбайлас жемқорлық фактілері туралы оның жеке аккаунттарына, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 сенім телефонына хабарлауға шақырды.

*****

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Рахимов денсаулық сақтау саласындағы квазимемлекеттік сектор ұйымдарының өкілдерімен шет елдердің тәжірибесі бойынша комплаенстің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтер институтын енгізу мәселесі бойынша онлайн семинар өткізді. Кездесу барысында департамент басшысы квазимемлекеттік компаниялар мен жеке сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және парасаттылықты қамтамасыз етудің тиімді заманауи құралы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті. «Корпоративтік адалдық стандарттарын сақтауға жауапты тәуелсіз комплаенс бөлімшелерін құру және тиімді жұмыс істеу компания басшылары үшін басым бағыттардың бірі болуы тиіс. Ал денсаулық сақтау ұйымдары үшін бұл мәселе өте өзекті, өйткені азаматтардың денсаулығы медицина қызметкерлерінің жұмыс сапасына байланысты», - деді Арман Рахимов. Семинарда шақырылған спикер-Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының директоры Белла Газдиева сөз сөйледі, ол ISO 37001 халықаралық стандарты және комплаенс-офицерлерге арналған оқыту бағдарламалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол атап өткендей, ISO 37001 - ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйені енгізу, қолдау және жақсарту бойынша егжей-тегжейлі талаптар мен ұсыныстардың жиынтығы. Кездесуге қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің негізгі басымдықтарын талқылап, пікір және ұсыныстар алмасты. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында квазимемлекеттік сектор ұйымдарында комплаенс құрылымдарды анықтау туралы норма заңды түрде енгізілді, жеке компаниялар үшін заңмен өз қалауы бойынша комплаенс-қызметтерді құру құқығы бекітілді. Қазіргі уақытта облыстың жергілікті атқарушы органдарына есеп беретін 81 квазимемлекеттік сектор ұйымында комплаенс қызметкерлері бар.