Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 11.10.2021

Қорытынды жаңалықтар 11.10.2021

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Словакияның Сыртқы және еуропалық істер министрі Иван Корчокты қабылдады. Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Қазақстан-Словакия қатынастарының келешігі талқыланды. Сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты аймақтық қауіпсіздік мәселелері қарастырылды. Мемлекет басшысы Иван Корчоктың Қазақстанға сапарының маңыздылығына тоқталып, бұл кездесу екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

– Сіздің сапарыңыз Қазақстандағы тарихи датаға сәйкес келіп отыр. Екі айдан кейін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Келесі жылы Словакия да осындай тарихи межеге жетеді. 2019 жылы біз Братиславада елшілік аштық. Бұл біздің көптеген бағыт бойынша тығыз ынтымақтастық орнатуға бейілді екенімізді көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

*****

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Шеврон» (Chevron) компаниясының өндіру мәселелері жөніндегі вице-президенті Джеймс Джонсонмен келіссөз жүргізді.

Тараптар «Теңізшевройл» болашақ кеңейту жобасын іске асыру, Қарашығанақ жобасын кеңейту және Каспий құбыр консорциумының қуатын арттыру мәселесін талқылады. «Шеврон» үш ірі жобада – Теңіз, Қарашығанақ және Каспий құбыр консорциумы жобаларында активтері бар Қазақстандағы аса ірі шетелдік инвестор. Компания биыл «Теңізшевройлда» 26 млн тонна көлемінде мұнай өндіруді жоспарлауда. Болашақ кеңейту жобасының аяқталуы 2023 жылдың соңында өндіру көлемін жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Келіссөз қорытындысы бойынша ҚР Энергетика министрлігі мен «Шеврон» компаниясы арасында Қазақстанда Тікелей инвестициялар қорын құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

*****

Қазақстанда эпиджағдай тұрақталып келеді. Еліміз коронавирустың таралуы бойынша «сары» аймақта тұр. Тамыз айымен салыстырғанда қазір ковидті жұқтыру саны 20 пайызға азайған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Мәжілістегі үкімет сағатында айтты. Қазақстан коронавирустың 4 толқынын еңсерді. Ковидтің бірнеше мәрте өршуіне жаңа штамдар әсер еткен. Тамыз айымен салыстырғанда емханалардың толымдылығы 56-дан 36 пайызға төмендеді. Сондай-ақ Алексей Цой екпеден бас тарту мәселесі де өзекті болып тұрғанын айтты. Кейбір қазақстандықтар тек коронавирус екпесінен ғана емес, бұрыннан бар өзге де қауіпті аурулардың вакцинасына қарсы көрінеді. Мәселен 2013 жылдан бері 25 мың адам екпеден бас тартқан. Олардың басым көпшілігі мұны жеке себептерге байланысты деп айтқан. Ал әрбір бесінші адам діни көзқарастарға байланысты десе, әрбір оныншы адам вакцинаға сенбейді. Сондай-ақ министр биыл Қазақстанға әкелінетін Файзер екпесімен егілетін адамдардың қатары көбеюі мүмкін екенін айтты.

-Бастапқы кезеңде бұл екпе 12 жастан бастап жасөспірімдерге және жүкті әйелдерге салынады. Кейін осы вакцинаны еге алатын адамдар тізімін кеңейтуіміз мүмкін. Министрлік биылғы жылдың соңына дейін 4 млн доза екпені жеткізу бойынша шартқа қол қойды,- дейді Алексей Цой.

*****

Коронавирус инфекциясының таралуы бәсеңдеген Шымкент қаласы «жасыл аймаққа» өтті. Үшінші мегополисте індеттің таралуы азайып, инфекциялық стационардағы төсек орындардың басым бөлігі қысқартылды. Денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, бұл – иммундау шарасының нәтижесі. Шымкент қаласы коронавирусқа қарсы екпе салдыру бойынша бастапқы 100 пайыз жоспарды орындады. Бүгінгі күні вакциналауға жататын 536 мың азаматтың барлығы індетке қарсы екпенің І компонентін салдырған. Бұған қоса бұл санатқа қосымша 60 мың адам қосылған.

*****

Қазақстанның тағы бір өңірінен құс тұмауы анықталды. Бұл жолы Павлодар облысы Тереңкөл ауданында карантин енгізілді. Тиісті органға Березовка ауылының тұрғыны 3 күнде белгісіз себептермен 42 қаз өлгені туралы хабарлаған. Кейін осы факті бойынша ветеринария басқармасы мен аумақтық инспекция өкілдері ауылға барып, патологиялық материалдар алды. Сынамалар құс тұмауына тексеру үшін Нұр-Сұлтандағы Ұлттық ветеринарияның референттік орталығына жіберілді. Кейін сараптама жоғары патогенді құс тұмауының диагнозын растады. Сондықтан аурудың ошағына карантин енгізілді. Мамандар бүгін жоғары патогенді құс тұмауын жою жұмыстарына кірісті. Қанаттылардың иелеріне барлық шығын өтеледі.

*****

Бүгін Елордада бірнеше мектепке бомба қойылғаны туралы жалған хабарлама тарады. Жалпы білім беретін мекемелердің электронды мекен-жайына тиісті хаттардың келгені туралы қоңырау қалалық полицияға түскен. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті тексеру жүргізіп, ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.

- Жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде,-деген тәртіп сақшылары жарылғыш заттың салынғаны туралы жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

*****

Елімізде есірткімен күрес жүргізу операция шеңберінде 6 мыңдай тонна қарасора жойылды. Ірі көлемдегі наша Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында анықталған. «Қарасора» шарасы аясында Алматыда есірткі жасаумен айналысатын лаборатория анықталып, жойылды. Есірткі саудалаушыларға қатысты қылмыстық жауапкершілік те күшейген. Енді олар 50 грамм үшін емес, 1 грамм синтетикалық затты саудалағаны үшін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Берікхан Нұрғалиевтің мәліметінше, соңғы 9 айда 2000-ға жуық есірткі қылмысы анықталып, ұйымдасқан 7 қылмыстық топ құрықталды.

*****

Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғайтын бірыңғай ұйым құрылады. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбеков айтты. Оның атап өтуінше, саладағы құқықтық нормаларды жетілдіру мақсатында комитет заңнамаға өзгерістердің 2 -ші топтамасының тұжырымдама жобасын әзірлеген. Құжат осы жылдың маусым айында Ашық Нормативтік құқықтық актілер порталында талқылау үшін жарияланды.

«Онда Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі бірыңғай жалпыұлттық коммерциялық емес ұйымның жұмыс істеуі үшін заңнамалық негіз қалау ұсынылады. Бұл еліміздегі барлық үкіметтік емес ұйымдарды біріктіріп, нығайтады. Сонымен қатар, тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізу жоспарлануда», - деді комитет басшысы.

*****

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Таразда «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен бой көтерген орталықтың алдына ақжаулықты аналардың құрметіне еңселі ескерткіш орнатылған. Нысан жергілікті демеушілердің көмегімен салынған. Мұндай орталық бұған дейін Ақтөбеде бой көтерсе, еліміз бойынша екінші болып Тараз қаласында ашылып отыр. Үш қабатты ғимараттың барлық залы, дәлізі ұлттық нақышта безендірілген. Мұнда жас және көп балалы аналар үшін түрлі курстар ұйымдастырылып, психологиялық және құқықтық тұрғыдан жан жақты қолдау көрсетіледі.