Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қазақстандық ауыр атлет әлем чемпионатында алтын алды

Қазақстандық ауыр атлет әлем чемпионатында алтын алды

Дәл қазір Үкімет үйінде Үкімет отырысы басталды. Министрлер кабинеті 2021 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы барысын талқылайды. Сонымен қатар, еліміздегі ұлттық жобалар қарастырылады. Толығырақ алдағы сағаттағы жаңалықтар топтамасында айтатын боламыз.

*****

Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 1 499 жағдайы тіркелді. Жалпы, пандемия басталғалы індет 907 мыңнан астам адамда расталды. Аурудың таралуына байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары әлі де «қызыл» аймақта тұр. Қауіпсіз аймақта Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстары бар. қалған өңірлер «Сары» аймақта.

*****

Қазақстанда онлайн санақтан өткендер саны 7 млн адамнан асты. Бұл науқан бойынша Түркістан облысы алда тұр. Мұнда 913 мыңдай тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Тағы 746 мың азамат Алматы облысында тіркелген. Үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысы түйіндеді. Мұнда 707 мың адам санақ сауалдарына жауап берді. Әзірге соңғы екі орында Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Осылайша халық санағына қатысқан азаматтардың үлесі 37 пайызға жуықтады.

*****

Көмірдің үстінде отырған Павлодар облысында қыс түспей жатып қатты отын тапшы. Әсіресе күлі аз, қызуы қатты Майкөбенің көмірі таптырмай тұр-дейді тұрғындар. Биыл баға 10-пайызға қымбаттаған. Соған қарамастан өңір тұрғындары негізінен осы көмірді тұтынады. Майкөбе кенішінде 200 ге тарта көлік кезекте тұр. Кейбір жүргізушілер 2-3 күннен бері тұрғандарын айтады. Ал, жергілікті билік өкілдері аймақта көмір жеткілікті дейді. Олардың айтуынша, аймақта жаңбыр жауып, соңы қарға ұласқан соң кенішке апаратын жол ми батпаққа айналып, жүк көліктері жүре алмай қалды. Негізінен көмір жеткілікті. Қазір тәулігіне 130 көлікті тиеп жіберетіндей жағдай жасалып отыр,- дейді Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының өкілдері.

*****

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Нұрәлиев тікелей бағыныстағы қызметкерінің пара алғаны үшін қызметінен босатылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аймақтық департаментінің хабарлауынша, бұл жағдай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Каюповтың пара алуы бойынша қозғалған қылмыстық іске қатысты болып отыр. Ол тергеу және сот кезінде өз кінәсін мойындамағанына қарамастан, сот пара алу фактісі дәлелденді деп танып, Каюповқа қатысты қауіпсіздігі төмен түрмеде төрт жарым жыл жаза мерзімін өтеу үкімін шығарды. Осыдан кейін "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес, өңірдегі денсаулық сақтау мәселелеріне жетекшілік еткен әкім орынбасары Айдар Нұрәлиев өз қызметкерінің коррупцияға орай ұсталғанына байланысты отставкаға кету туралы арыз жазған. Өңір әкімі Ғани Есқалиев орынбасарының өтінішін қабылдап, қызметінен босатты.

*****

17 жастағы қазақстандық спортшы Рахат Бекболат жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын алды. Сауд Арабиясының Джидда қаласындағы дүбірлі дода бүгін аяқталады. Қазақстандық ауыр атлет 102 келі салмақта сынға түсті. Қоссайыстың қорытындысында Рахат 355 келіні бағындырды. Одан кейінгі орындарға Түркия мен Ирак өкілдері тұрақтады. Айта өтейік, Рахат Бекболат 16 жасында Əлем рекордын орнатып, Азияның «үздік спортшысы» номинациясының иегері атанған.

*****

Спорт әлемінен тағы бір жағымды жаңалық.

Велоспорттан Қазақстан командасының үздігі Алексей Луценко «Коппа Агостони» біркүндік жарысының жеңімпазы атанды. Италияда өткен бәсекеге «Астана» командасы атынан 6 спортшы қатысты. осылардың ішінен Луценко мәреге жақындаған тұста барлық қарсыласынан басып озып, жеңіске жетті.