Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Кәсіпорындардың энергия тиімділігіне қойылатын талаптар күшейтіледі

Кәсіпорындардың энергия тиімділігіне қойылатын талаптар күшейтіледі

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат Мемлекет басшысының 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес әзірленген. Мақсаты - кәсіпорындардың энергия тиімділігіне қойылатын талаптарды күшейту, энергия тиімділігін арттыру саласындағы жүргізілетін саясаттың түпкі нәтижесіне қол жеткізу. Құжат энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге бағытталған. «Жалпы Заңның 9 бабына өзгеріс енгізіліп, 2 жаңа баппен толықтыру көзделген. Негізгі бағыттар - мемлекеттік энергетикалық тізілім, энергия аудиті, мемлекеттік бақылау, бюджет секторы және өңірлік саясат» - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

*****

Қазақстанның екі қаласынан Литваға тікелей әуе рейстері ашылады. Нұр-Сұлтан қаласында ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің және Литваның азаматтық авиация басшылығының кездесуі өтті. Онда «Нұр-Сұлтан – Вильнюс» және «Алматы – Вильнюс» тұрақты әуе бағыттарын ашу, оған Венгрияның «Wizz Air» әуе компаниясын оператор етіп тағайындау мәселесі қаралды. Рейстерді 2022 жылдың 1 тоқсанында ашу жоспарланып отыр. Министрліктен мәлім еткендей, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева және Литваның Көлік және коммуникация министрлігі Жол және авиациялық көлік саясаты тобының жетекшісі Владислав Кондратович әуе тасымалдары саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылап, тұрақты рейстерді ашу ниеті көрсетілген хаттамамен алмасты. «Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім екі елдің Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиялары ұшуға рұқсат бергеннен кейін қабылданады», - делінген баспасөз хабарламасында.

*****

Еуроодақ Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде шамамен 700 млн еуро жәрдем көрсетпек. Бұл шешім Үлкен жиырмалыққа мүше елдерінің көшбасшылары бас қосқан виртуалды саммитте қабылданды. Бұған дейін Еуроодақ аймақтағы экономикалық дағдарыс пен ашаршылықтың алдын алу үшін 300 млн еуро бөлетінін хабарлаған еді. Енді қаржыландырудың жалпы сомасы 1 млрд еуродан асып отыр. Одаққа мүше елдердің талабы бойынша алдымен Талибан өкілдері Еуроодақ елдерімен келіссөз өткізіп, тиісті уағдаластыққа қол жеткізуге тиіс. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған болса, саммитте Ауғанстан мәселесі бойынша жұмыс тобын құру керек деген ұсыныс айтты.

*****

Сонымен қатар аймақтағы миграциялық дағдарыс көрші мемлекеттерге ғана емес, күллі Еуропа елдеріне де кері әсерін тигізетінін тағы бір рет ескертті. Жиында Италия премьер министрі Марио Драги ауған жеріндегі босқындардың жай-күйі, адам құқығы мен әйелдердің білім алуы керек деген мәселелерді де талқыға салды. Германия канцлері Ангела Меркель Ауғанстанға қосымша қаржы бөлінетінін хабарлады. Ал тақауда АҚШ осы елдің бұғатталған активтерін әзірге қайтармайтынын хабарлады. Байден АҚШ тарапынан көрсетілетін көмек тәуелсіз халықаралық ұйымдар арқылы жасалуы керек дейді. Айта кетейік, билік басына тәліптер келгелі Халықаралық Валюта қоры мен Дүниежүзілік банк Кабулға бөлінетін көмекті тоқтатқан. Бұғатталған қаржының жалпы сомасы 9,5 млрд доллар.