Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 13.10.2021

Қорытынды жаңалықтар 13.10.2021

ҚР Президенті Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. Мұнда 10 ұлттық жоба бар. атап айтқанда, «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы. «Білімді ұлт» сапалы білім беру», «Ұлттық рухани жаңғыру», «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс», Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу», «Жасыл Қазақстан», Агроөнеркәсіптік кешенді және «Қауіпсіз ел» ұлттық жобалары бар. 

*****

Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілеттігі кеңейтіледі. Бұл туралы Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен таныстыру кезінде мәлім болды. «Заң жобасында омбудсменнің өкілеттігін кеңейту ескерілген оның ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл заңсыздыққа байланысты құқықты қалпына келтіру үшін қабылдау керек шараларға қатысты мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолдай алады. Сонымен қатар дербес құқықтылыққа ие болу сияқты қосымша бар. Бұл өз кезегінде осы қызмет үшін маңызды. Яғни Уәкіл тұтқындалмайды, қамауға алынбайды, қылмыстық әрі әкімшілік жауапқа тартылмайды, сондай-ақ тінту мен жеке тексеру жүргізілмейді. Айта кетейік, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметіне араласқандарға әкімшілік жаза қарастырылған. 

*****

Бүгін Мәжіліс отырысында «ҚР Қылмыстық Кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды. Жиында аталған заң жобасы жөнінде Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев баяндама жасады. 

*****

Есеп комитеті Токио Олимпиадасына бөлінген бюджет қаражатына аудит жүргізіп жатыр. Президент тапсырмасымен Олимпиада ойындарына дайындық үшін берілген ақшаның қаншалықты тиімді жұмсалғаны анықталмақ. Мемлекеттік бюджеттен Ұлттық олимпиада комитетіне 15 млрд 6 млн теңге бөлінгенін еске салайық. Токио-2020-ға Қазақстаннан 93 спортшы барып, 8 қола медаль алған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құраманың бұл нәтижесі Қазақстанның спорттағы әлеуеті мен мемлекеттің бөлген қомақты қаражатына сай келмейтінін мәлімдеген.

*****

Биыл 22 ауылға су сүзетін кешен орнатылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов аталған кешендердің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Маманның айтуы бойынша, кешенді блок модульдер жерасты суын да, өзен-көлдің суын да ішіуге жарамды етіп тазарта алады. «Бүгінге дейін 403 ауылда кешенді блок модуль орнатылған. Тағы 1 129 ауылда орнату жоспарланып отыр. Оның ішінде 220 ауылға биыл орнатылады. Ол модульдердің бағасы судың сапасы мен қаншалықты тереңде жатқанына байланысты 5-30 млн теңге аралығында болады. Кешенді блок модуль ұңғымадан тартылған суды сүзіп, тұрғындардың тұтынуына жарамды етіп тазартады. 

*****

Енді банктер мен микроқаржы ұйымдары қарызды қайтаруға берілген мерзімнің өткені туралы борышкерге 20 күн ішінде ескертуге тиіс. Қаржы нарығын реттеу агенттігі түзету енгізілген заң осы айда күшіне енгенін хабарлады. Банктер сонымен бірге қарыз алған азаматқа өсімпұлдың нақты мөлшерін айтуға міндетті. Ал борышкер мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде банкке жүгінуі керек. Несиені уақытында қайтармаудың нақты себебін көрсетіп, төлем жасауға қауқарсыз екенін растайтын құжат беруі тиіс. Қаржы ұйымдары борышкердің өтінішін қабылдауға, тіркеуге, есепке алуға міндетті.

*****

Шымкентте мұғалімдердің біліктілігін арттыру туралы жалған куәлік жасаумен айналысқан іске сот нүкте қойды. Алаяқтық үшін білім басқармасының маманы мен 96-шы мектептің бұрынғы директоры сотталды. Олар сөз байласып, мұғалімдердің тесттен сүрінбей өткенін көрсететін сертификат пен куәліктерді қолдан жасап, сатқан. Бұл іспен 2018 жылдан бастап айналысып келген. Жалған анықтаманы 340 педагогтың алғаны да белгілі болды. Оларға біліктілігін арттырғаны үшін үстемақы төленген. Ұстаздардың басым бөлігі сотқа дейін бюджеттен заңсыз алып келген қаржыны қайтарды. Сотта мектеп директорының өз қызметкерлерін пара беруге итермелегені анықталып, ол 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал бұрынғы шенеунік 4 жыл мерзімге сотталды. 

*****

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының медиамектебі ашылды. Оған еліміздегі Жоғары оқу орындарының журналистика, кино өнері және телевизия факультетінің III, IV курс студенттері қатыса алады. Медиамектеп БАҚ саласы бойынша теориялық білім жинақтап жатқан студенттердің практикалық дағдыларды меңгеруіне және болашақта қызмет атқаратын бағытын нақты айқындау үшін тәжірибе алаңы болады. Медиамектептің ең үздік қатысушылары алғашқы еңбек жолын «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрылымдарында бастауға мүмкіндік алады. Медиамектепте білім алу үшін 2021 жылғы 1 қарашаға дейін qazaqstan.tv ресми сайты немесе mediamektep@qazaqstan.tv электронды поштасы арқылы өтінім жіберу қажет. Оқу тегін болады. 6 айға жалғасатын медиамектептің алғашқы курсы Нұр-Сұлтан қаласы, «Қазмедиа» орталығы телерадиокешенінде оффлайн форматта жүргізіледі. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы бұған дейін «Balapan» телеарнасының жанынан анимация мектебін құрды.