Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 18.10.2021

Қорытынды жаңалықтар 18.10.2021

2021 жылғы 18 қазандағы мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентін 8 млн. 29 мың 779 адам салдырған. Бұл туралы ҚазАқпарат Денсаулық сақтау министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап хабарлайды. Коронавирусқа қарсы вакцинаның II компонентін 7 млн. 128 мың 454 адам салдырған. Үкімет жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын жариялады. «Қызыл» аймақта: Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары. «Сары» аймақта: Алматы, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары. «Жасыл» аймақта: Шымкент қаласы, Ақтөбе, Атырау Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары.

*****

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бүгін ОКҚ-де өткен брифингте қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге қандай көмек көрсетілгенін баяндады. Министрдің айтуынша, Маңғыстау өңірі бойынша ауыл шаруашылығы малдарын қыстату үшін 77 мың тонна пішен және 53 мың тонна құнарлы азық қажет. «Оны дайындау үшін жоспар құрылды, жоспар бойынша 75 пайыз пішен, 55 пайыз құнарлы азық дайындалды. Сол себепті үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінген еді, сол қаражаттан 1,9 млрд теңге – арнайы Маңғыстау облысына бөлінді. Осы 14 қазандағы жағдай бойынша, сол 1,9 млрд теңгенің 1,2 млрд теңгесі игерілді. Бүгінгі таңда 790 шаруа қожалығына, 7 мыңға жуық жеке-қосалқы шаруашылықтарға осы көмек төленді. Ал Қызылорда облысына Үкімет резервінен 1,7 млрд теңге бөлінді, қазіргі уақытта бұл қаражат 100 пайыз игеріліп, 1100 шаруа қожалығына көмек төленді. Құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға ақшадан да басқа көмек көрсетілді» - деп түсіндірді спикер.

*****

Халық санағының сауалдарына қазақстандықтардың 39,6 проценті онлайн режимде жауап берген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «16 қазаннан бастап санақ сауалдарына онлайн режимде жауап беру функциясы тоқтатылды. 45 күн ішінде халқымыздың 40 процентке (39,6% немесе 7527458 адам) жуығы санақтан өтудің осы жолын таңдады. Ал біздің интервьюерлер 3 миллион 792 мыңнан аса адаммен сауалнама жүргізген. Осылайша, санақтан өткендер үлесі 60 процентке жетті», - деді бюро басшысы. Онлайн санақтан өтпегендер қазанның 30-ына дейін үйлерді аралайтын интервьюерлердің көмегімен шараға қатыса алады. Онлайн өткендер тиісті хабарламаны интервьюерлерге көрсетуі тиіс. Оларға сауалнама қайта жүргізілмейді. Санақшыларда Халық санағының логотипі бедерленген көк түсті шарф пен сөмке, планшеті және санақ қызметкері екенін растайтын куәлігі болады. Ол куәліктегі тіркеу нөмірі арқылы интервьюер туралы мәліметтерді sanaq.gov.kz сайтында тексеру мүмкіндігі бар. Одан бөлек, 1446 нөміріне хабарласуға болады. Байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.

*****

Қарағандыда өткен Әшірбек Сығай атындағы алғашқы республикалық театрлар фестивалінің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Хабар 24. Бас жүлде екі бірдей өнер ұжымына бұйырды. Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Әшірбек Сығай атындағы сыйлықты, ал Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған бас жүлдені жеңіп алды. Бұдан бөлек талантымен тәнті еткен өнерпаздар «Үздік режиссура», «Үздік актер», «Үздік сценография» секілді 9 аталым бойынша марапатталды. Ал Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы театр Әшірбек Сығайдың шәкірттері тағайындаған арнайы жүлдеге ие болды. Айта кету керек, еліміздің барлық өңірінен жиналған 15 театр 6 күн бойы Арқа жұртына рухани ләззат сыйлап, барлық қойылым аншлагпен өтті. Енді бұл фестиваль әрбір екі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ. Келешекте халықаралық деңгейге шығару да жоспарда бар.

*****

Енді асық атудан спорт шебері атағы беріледі. Ұлттық ойынымыз ресми санат алатын деңгейге жетті, деп хабарлайды «Хабар 24». Яғни ішкі біріншіліктерде топ жарғандар енді спорт шебері және спорт шеберлігіне үміткер атана алады. Бұл жөнінде Асық ату федерациясының өкілі Марат Исламбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, бастама ұлттық ойынымызды жаңғыртуға және қатысушылар санын арттыруға тың серпін береді. Қазір асық ату мектеп бағдарламасына қосылып, бірқатар білім ордасында үйретіліп жүр. Бұған қоса, жыл сайын тұрақты ұйымдастырылатын жарыстары бар. Сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі спартакиада мен универсиадаларға қосылған. Тіпті елордада «Қолжетімді спорт» бағдарламасы аясында саябақтарда асық атудан тегін шеберлік сағаттары өткізілуде.