Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 19.10.2021

Қорытынды жаңалықтар 19.10.2021

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Корольдігі консультативтік кеңесінің төрағасы Абдалла Әл аш-Шейхті қабылдады. Президент Сауд Арабиясын ислам әлеміндегі сенімді серіктес әрі Қазақстанның Тәуелсіздігін таныған алғашқы араб мемлекеттерінің бірі екенін атап өтті. Кездесуде екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастар талқыланды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Абдалла Әл аш-Шейхті ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

*****

Президент Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбайды қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа кеңеске Қазақстан төрағалығының бірінші жылының қорытындылары туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар Хатшылықтың қазіргі қызметіндегі басым бағыттардың бірі ретінде форумның институционалдық дамуына қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, Қайрат Сарыбай Мемлекет басшысына Кеңестің сыртқы саяси ведомство басшыларының жуырда болған кездесуінің негізгі қорытындылары мен келер жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Кеңестің 6-шы Саммитіне дайындық жұмыстары туралы баяндады.

*****

Ұлттық жобаларды жүзеге асыру барысында вице-министрлерге бірнеше міндет жүктеледі. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, «Астана» ХҚО-ның басқарушысы Қайрат Келімбетов айтты. «10 ұлттық жобаның 40 бағыты бар. Мәселен, «экономикалық өсім» бағытының бірнеше тармағы бар. Немесе, «күшті өңірлер» бағыты. Бұл бағыт «Нұрлы жер» мен «Нұрлы жол» бағдарламаларын қамтиды. Ал ол жерде шамамен 100 міндет және 200-ден астам көрсеткіш бар», - деді Қайрат Келімбетов.

*****

Ел өңірлерінде коронавирус жұқтыру деңгейі біршама төмендеді. Бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр осылай деді. Бірақ 6 өңір әлі де қызыл аймақта,-деген Үкімет басшысы Асқар Мамин вакциналау науқанын жалғастыруды тапсырды.

*****

Сонымен қатар, Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алесей Цой ертеңнен бастап елде карантин шаралары жеңілдейтінін айтты. «Эпиджағдайдың тұрақтануын, сондай-ақ ведомствоаралық комиссияның вакцинацияға жататын контингенттің 70%-дан астамын екпемен қамтығанын ескере отырып, бірқатар шараларға рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Енді азаматтарға вакинация құжатын немесе ПТР анықтамасын ұсынған кезде қарттар мен мүгедектер үйі, балалар үйі сияқты медициналық-әлеуметтік объектілерге баруға рұқсат. Сондай-ақ, түнгі клубтардың қызметі жанданады. Оған тек «жасыл» мәртебесі бар адамдар кіре алады», - деді министр.

*****

Бүгінгі Үкімет отырысында «Ауыл – ел бесігі» жобасының орындалуы талқыланды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, биыл жоба аясында 480 ауылды дамытуға 106 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржының 96 пайызы игерілді,-деген министр аяқталған жұмыстар туралы баяндап берді.

*****

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин әріптестерін Құтқарушы күнімен құттықтады. «Жыл сайын елімізде құтқарушылар өртке, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге 60 мыңнан астам рет шығады. Бұл ретте ведомство қызметкерлері жыл сайын 10 мыңнан астам адамды құтқарады. Азаматтық қорғау органдарында 30 мыңға жуық маман қызмет атқаруда», делінген министр құттықтауында.

*****

Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар күніне орай үздіктер марапатталды. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше өңірде Құтқарушылар күніне арналған кеңес өтті. Шарада қызметке жаңадан қабылданғандар ант қабылдады. ТЖ министрінің бұйрығымен азаматтық қорғау органдарын дамытуда ерекше көзге түскен және үлес қосқан жандарға Алғыс хаттар мен ведомстволық медальдар табыс етілді. Батылдығымен көзге түскен өрт сөндірушілер мен құтқарушылар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің грамоталарымен марапатталды.

*****

Қараша айының екінші жартысында ауа температурасы түнде -17-25° градусқа дейін төмендейді. күндіз -8-13, ал еліміздің шығысында түнде -30, күндіз -18° градусқа дейін күн суытады. Мұндай болжамды Қазгидромет мамандары жасады. Республиканың солтүстігінде, шығысында және орталығында екпінді жел соғып, қар жауады. Елде 2021-2022 жылдар аралығында қыс климаттық нормаға жуық болады деп болжанады. Желтоқсанда cолтүстік аймақтарда қарлы боранды күндер көп болады, ал оңтүстік аймақтарда тұман мен көктайғақ күтіледі. Болжам бойынша көктемнің алғашқы айы да суық болады.

*****

Бүгін футболдан UEFA Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің үшінші туры басталады. Аталған тур ойындары екі күнге белгіленген. Бүгін, А, В, C, D топтарында ойындар өткізіледі. Қалған топтардағы ойындар ертең өтеді. Жанкүйерлер В тобындағы «Атлетико Мадрид» (Испания) және «Ливерпуль» (Англия) кездесуін көре алады. Аталған ойын елорда уақытымен түнгі 00.50-де басталып, тікелей эфирде «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі. Сондай-ақ, бұл топта «Порту» (Португалия) пен «Милан» (Италия) командалары да шеберлік байқасады.