Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 20.10.2021

Қорытынды жаңалықтар 20.10.2021

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Алдымен Мемлекет басшысы Жезқазған қаласындағы дарынды балаларға арналған «Өркен» мектеп-интернатына барды. Президент заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттерді аралап көріп, педагогтар және оқушылармен әңгімелесті. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір режимінде Жәйрем кентінде жаңадан ашылған кен байыту кешенінің жұмысын ресми түрде іске қосты. Кешен Қазақстанда мырыш пен қорғасын концентраттарын шығаратын ең ірі кәсіпорын болады. Өндірісте 400 адам жұмыспен қамтылып, өндіріс көлемі 5 миллион тоннаға дейін жетеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Қазақмыс корпорациясының» жоспарымен танысты. Компания аймақ тұрғындары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізіп, өмір сүрудің қолайлы жағдайын жасауға ниетті. Жезқазған мен Балқаш өңірлерін өркендетуде еліміздің дамыған аймағы саналатын Алматы қаласы үлгі болмақ. Кейін Мемлекет басшысы Ұлытау ауданындағы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев қасиетті тарихи нысанның үнемі ғалымдардың назарында болу керектігін айтып, келесі жылы Алтын Ордаға байланысты ауқымды халықаралық конференция өткізу керектігін атап өтті.

*****

Бүгін Мәжілісте үш жылдық бюджет мақұлданды. Палата төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, республикалық бюджет жобасы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға мүмкіндік беріп, елдің даму бағыттарына және пандемиядан кейінгі қалпына келтірудің күрделі жағдайларын ескеріп жасалған. Мәселен, мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуға 79,8 млрд. теңге қарастырылған. Осы қаражат есебінен мүмкіндігі шектеулі жандар протез, арба сияқты техникалық оңалту құралдары мен санаторий-курорттық ем алады. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, жалпы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға арналған шығыстар 5 трлн. теңгеден асады. Білім және ғылым жүйесін дамытуға 3 жылға 7 трлн. теңге жұмсау көзделген»,- деді Ерұлан Жамаубаев

*****

Бүгін өткен Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов келесі айда Қазақстанда коронавирустық инфекциядан ревакцинацияны бастау жоспарланып отырғанын айтты. Вице-Премьердің мәліметінше, ел тұрғындарын қайта вакциналау үшін қаражат «Үкімет резервінен» бөлінеді.

*****

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Президент жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Онда Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының ақпараттық жүйесін құру жөніндегі жұмыс барысы талқыланды. Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар 2025 жылға қарай кемінде 100 мың білікті IT-маман даярлау жөніндегі міндетті іске асыру мәселелерін де қарастырды. Бес жыл ішінде өңірлерде 20 инновациялық бағдарламалау мектебі ашылып, оған 20 мың грант бөлінеді. 50 ЖОО-ы IT-компаниялардың қамқорлығына беріледі. Ал, 2023 жылдан бастап Қазақстанның барлық орта мектептерінде «Информатика» пәнін Ұлттық бірыңғай тестілеу тізіміне енгізе отырып, осы пән бойынша «Виртуалды мұғалім» жобасын енгізу жоспарлануда. Үкімет басшысы экономиканы цифрландыру, кадрлар даярлау және IT-саласын дамыту бойынша барлық жобалардың уақтылы да сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

*****

ҚР Ішкі істер министрлігі киберқылмыспен күресті күшейтпек. Ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаев тиісті тапсырманы министрлікке қарасты оқу орындарын дамыту мәселесі талқыланған жедел кеңесте жүктеді. Министр басым бағыттарды белгілеп, болашақ ІІО қызметкерлерінің оқу процесін сапалы ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Осылайша, профессорлық-оқытушылық құрамды жасақтау, оқу орындарының ғылыми әлеуетін арттыру жөнінде нақты нұсқаулар берілді. Сондай-ақ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте Жоғары оқу орындары криминалистика саласында білікті кадрларды сапалы даярлап, учаскелік инспекторлардың академиялық дайындығын қамтамасыз етуі қажет. Бұдан басқа, жыл сайын кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарынан 5000-нан астам қызметкер өтеді.

*****

Елімізде мұғалімдерді басқа жұмысқа жеккені үшін 200-ден астам іс қозғалған. ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, бұл бағытта ведомство тиісті жұмыс атқарып келеді. Елімізде мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін арнайы заң бар. Алайда заңға бағынбай, ұстаздарды артық шаруаға жегу тоқтар емес. Осы уақытқа дейін мұғалімдерді әдеттен тыс жұмысқа тарту фактілері бойынша 200-ден астам әкімшілік іс қозғалып, заңбұзушылыққа жол бергендер тиісті жауапқа тартылды. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасады», - деді Шолпан Каринова.

*****

Батыс Қазақстанда мониторингтік топтар кәсіпорындарды жаппай тексеруге шығады. Егер ұжымда екпе алған қызметкерлер үлесі 60 %-ға жетпесе, мекемеге айыппұл салынады. Шағын бизнес өкілдері - 670 мың, ірі кәсіпорындар 4 млн 600 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуге міндеттеледі. Қазір Батыс Қазақстанда эпидахуал тұрақталып, өңір сары аймаққа өтті. Дегенмен, Ресейдің көршілес өңірлерінде дерттің өршуіне орай осындай қатаң шара қабылданды.

*****

Қазақстандық самбошылар әлем чемпионатында үшінші орын иеленді. Жастар арасында Әлем чемпионаты Грекияда аяқталды. Додаға 26 елдің үздік спортшылары қатысты. жарыс қорытындысы бойынша, біздің жерлестеріміз екі алтын, төрт күміс, он қола медаль алды. Жалпыкомандалық есепте ел құрамасы үшінші орынды иеленді. Айта кетейік, биыл самбо күресі Олимпиадалық спорт түрлері тізіміне енгізілген болатын.