Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Елімізде екпе егу қарқыны төмендеді

Елімізде екпе егу қарқыны төмендеді

Қазақстанның кей өңірлерінде екпе егу қарқыны төмендеген. Бұл эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп жақсаруына байланысты. Десе де арқаны кеңге салуға әлі ерте. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов екпе қарқыны төмендеген бірқатар өңірді атап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ премьер министрдің орынбасары вакцинациялау кезеңінде басымдық беретін тізімді атады. Ол қатарда 12 жастан асқан балалар, жүкті әйелдер мен емізулі сәбиі бар аналар бар. Ералы Тоғжановтың сөзінше қазір АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Израйль, Белгия, Индия, Біріккен араб әмірліктерінде балалар мен жүкті әйелдерге, аналарға осы файзер екпесі салынып жатыр. Вакцина өндірісі шектеулі болғандықтан шығарушы елдің үкіметімен келіссөз жүргізу керек. Сондықтан жеке емханалардың сатып алуына әзірге мүмкіндік жоқ. Екпемен жеткілікті деңгейде қамту мәселесі апта сайын үкімет пен ведомствааралық комиссия отырысында қаралуда. Жалпы елде тіркелген алты екпенің үшеуі дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен мойындалған. Қазіргі уақытта халыққа Спутник V, QazVac и Sinopharm екпелері салынуда. Қараша айында файзер вакцинасының 4 млн дозасы елге жеткізілмек. Ол 2 млн адамды екпемен қамтуға жетеді.

*****

Шотландияның Глазгосында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттық саммитінде алғашқы маңызды келісім жасалды. Әлем елдерінің лидерлері 2030 жылға қарай ормандардың оталуын тоқтатуға және оған қарсы тұруға уәде берді. Мұндай құжатқа бүгін қол қойылады. Ормандарды кесуді жол бермеуге 19 млрд доллардан астам қаражат бөлінбек. Бұған қоса, әлемнің 30-дан астам ірі компаниясы ағаштарды кесуге қатысты кәсіпке инвестиция құюды тоқтатпақ. Ормандардың оталуын тоқтатуға қатысты келісімге қол қоятын мемлекеттер арасында Бразилия, Ресей, Канада мен Индонезия бар. Айта кетері - әлемдегі ормандардың 85 пайызы осы аталған елдердің аумағына кіреді.

*****

Алматыда қала тұрғынын жекпе-жекке шақырған полиция қызметкері жазаланды. Полиция департаментінің мәліметінше жанжалдың анық-қанығы тексерілген соң, тәртіп сақшысы жұмыстан қуылған. Кикілжің қаладағы автобөлшектер сататын базарда болған. Видео авторының сөзінше оның автокөлігін учаскелік полиция қызметкері тізгіндеген қызметтік көлік сырып кеткен. Мәселені заң аясында шешкісі келмеген тәртіп сақшысы тұрғынды «жекпе-жекке» шақырған. Осы факт бойынша тексеру жүргізген полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік қызметі учаскелік полиция инспекторын дөрекі қылығы үшін қызметінен шеттетті.

*****

«Біз қалай сөйлейміз?». Алматыдағы Ұлттық кітапханада журналист Оңғар Құралдың осындай атаумен жарыққа шыққан кітабының тұсаукесері өтті. Автор «Қазақ радиосында» 30 жылға жуық қызмет атқарып келе жатқан радиожурналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі. Журналистің атап өтуінше, кітап ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және ҚАЗАҚ РАДИОСЫНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫна орай оқырманға жол тартып отыр. Туындыда Оңғар Құралдың 2002-2005 жылдары «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосында өткен «Біз қалай сөйлейміз?» атты авторлық бағдарламасының мәтіндік нұсқасы топтастырылған. Кітап жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне, мектеп оқушыларына, оқытушылар мен мұғалімдерге, әсіресе, қолына қалам ұстаған журналистер қауымына аса қажетті көмекші құрал болмақ. Сонымен қатар, бұл еңбек тіл тағдырына бейжай қарамайтын, ана тілін ардақ тұтатын және сауатты сөйлеуге ұмтылып, өз тілін түзегісі келетін жалпы оқырман қауымға арналады.