Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 17.11.2021

Тәулік тынысы 17.11.2021

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қарусыздану жаһандық форумын елордада өткізуді ұсынды. ҚР Тұңғыш Президенті бүгін «Астана клуб-2021» отырысында әлемдегі ахуалға алаңдаушылық танытып, Ауғанстан төңірегіндегі жағдайдың да күрделі болып отырғандығына назар аударды. Сонымен қатар, әлемдік қоғамдастық ядролық қауіп-қатермен бетпе-бет келгендіктен бірігуі қажеттігін жеткізді.
Біз әлемдегі қуаты жағынан 4-ші орын алатын ядролық арсеналдан бас тарттық. Қазақстан аумағында МАГАТЭ-нің қамқорлығымен төмен байытылған уран банкі салынды. Бұл банк кез келген елге бейбіт атом энергетикасын дамытуға деген өзінің заңды құқығын қамтамасыз етеді. Өңірдегі көршілермен бірге бізде Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құрылған. Осындай маңызды қадамдарды жасау арқылы Қазақстан шын мәнінде жаппай қырып-жоятын ядролық қарусыз әлем құру жаһандық қозғалысын бастады», - деген Елбасы Қазақстан астанасында Ядролық қаруды тараптау және қарусыздану жөніндегі жаһандық форум өткізуді ұсынды.
*****
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті. Мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібіндегі барлық бағыт бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Екі ел арасындағы көпжақты қатынастарға тың серпін беру мақсатында тараптар Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға мемлекеттік сапарын жыл соңына дейін ұйымдастыру жөнінде келісті.
*****
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады. Мемлекет басшысына Қордың жыл басынан бері атқарған қызметінің негізгі өндірістік көрсеткіштері мен қаржылық нәтижелері туралы баяндалды. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының кірісі 20 пайызға артты. Ал, операциялық табысы былтырғы көрсеткішке қарағанда 2 еседен көп. Оған мұнай бағасының қымбаттауы, жүк тасымалынан түсетін кірістің артуы, транзиттің өсуі және басқа да өндірістік көрсеткіштер ықпал еткен. Президент кездесу соңында «Самұрық-Қазынаның» жобалары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
*****
Қазақстаннан Америка Құрама Штаттарына тікелей әуе рейстері ашылады. Бұл мәселе бүгін Мәжілістің жалпы отырысында талқыланып, екі ел Үкіметтері арасындағы әуе қатынасы туралы келісім ратификацияланды. Қазақстан мен Америка арасында тікелей әуе рейстерін 2025 жылдан бастап ашу жоспарланып отыр. Оған дейін біздің жақтан таңдалған әуе компаниялар авиа қауіпсіздік сертификаты және ұзаққа ұша алатын ұшақтар алу мәселесін шешу керек. Тікелей әуе рейстер ашылса, жолаушыларға ақша мен уақытты үнемдеуге мүмкіндік туады,-дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
*****
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Онда интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Жыл басынан бері Қазақстанда 18 мыңға жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2 есеге көп. Қылмыстың осы түрі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында жиі тіркеледі. Интернет-алаяқтықпен күресу мақсатында ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшелерін кадрлық және техникалық қамтамасыз ету күшейтілді. Сонымен қатар, осы жылдың 10 айында мас күйінде көлік жүргізгені үшін 20 мыңға жуық жүргізуші ұсталды. 5 мың адам қарсы қозғалыс жолағына шыққан. 24 мыңнан астам жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды, оның ішінде 1300-і енді өмір бойы көлік жүргізе алмайды. Отырыс соңында Үкімет басшысы азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
*****
Елімізде оқушыларға Pfizer вакцинасы емханалардан бөлек мектепте дайындалған екпе кабинеттерде салынуда. Бұл вирустық аурулар белең алып тұрған эпидемиологиялық кезеңде балалардың денсаулығын сақтау үшін қолға алынды. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері балалар вакцинациясын бақылау үшін елордадағы мектептердің біріне барды. Бүгінге дейін 3300 бала ковидке қарсы вакцина алды. Ведомство басшысының орынбасары Ажар Ғиният бұл жұмыстың жоспарлы түрде ата-аналар келісімімен әрі, дәрігерлердің рұқсатымен жүргізіліп жатқанын еске салды.
*****
Қазақстанда мұғалімді артық жұмысқа жеккен 200-ден аса лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында айтылды. Қазіргі уақытта педагогтардан есеп талап ету фактілері әлі де кездеседі. Түрлі тақырыптық апталықтар, жоспар жасау, тәрбие шаралары бойынша фото, бейне есептер сұратады. Соңғы бір жылдың ішінде осындай олқылыққа жол берген 200-ге жуық лауазымды тұлға әкімшілік жазаға тартылған. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әр факті бойынша тиісті шара қабылдайтынын айтты. Егер өңірде осындай мәселе болса, мектеп директорларын емес, білім бөлімдері жетекшілерін, тіпті білім басқармалары басшыларын жауапқа тартамыз, – деді Асхат Аймағамбетов.
*****
Ақмола облысы Шортанды ауданында газ баллонның жойқын жарылысынан зардап шеккен 3 отбасыға баспана беріледі. Қазіргі таңда олар уақытша жалдамалы пәтерге көшірілді. Зардап шеккендерге көмек көрсету штабы құрылды. Бұл туралы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев айтты. Кеше Шортанды кентінде үш пәтерлі үйде газ баллоны жарылып, үш адам қаза тапты. 10 адам ауруханаға жеткізілді. Қазір олардың екеуі Шортанды аудандық ауруханасында жатыр. Жағдайлары тұрақты. Ал 4 бала мен 2 ересек адам Нұр-Сұлтан қаласының ауруханаларына шұғыл жеткізілді. Олардың бәрі жансақтау бөлімінде. Белгілі болғаны - жарылыс болған үйде 7 адамнан тұратын отбасы өмір сүрген. Қалғандары қонаққа келген. Мамандар жарылыстың себебін анықтауда. Қазір сараптама жүргізіліп жатыр.
*****
Жамбыл облысында дүлей дауыл соқты. Екпінді желден облыс орталығында жарық сөніп, талдар құлап көшеде жүру қауіпке айналды.Көшелерде шаңды дауыл көтеріліп, көлік қозғалысы қиындады. Ағаштар мен электр желілерінің бағандары құлап, Тараз қаласының тең жартысы жарықсыз қалды. Сондай-ақ жойқын жел көпқабатты тұрғын үйлердің шатырын ұшырып, көліктер де бүлінген. Осы уақытта 50-ге жуық адам түрлі жарақатпен медициналық көмекке жүгінген. Қазір қала ішіндегі жолдарды құлаған ағаштардан тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Ал, мамандар алыс жолға шықпауға шақырады. Өйткені, облыстың кей аудандарында қарлы боран соғып, жолдар жабылған.
*****
Түркістан облысының орталығы мен сегіз ауданында әлі де ауа райы қолайсыз болып тұр. Түлкібас, Төлеби, Созақ, Бәйдібек аудандарында қатты боран соғып, соңы қарға ұласты. Тіпті ақтүтек бораннан Түлкібас ауданында жол көрінбей қалды. Сондықтан Жамбыл облысымен шекаралас Машат ауылына дейінгі күре жол жабылды. Мұнда автокөліктің барлық түрлеріне шектеу қойылды. Бәйдібек пен Созақ аудандары арасындағы жол қатынасы да тоқтатылып, Шолаққорғаннан Ащысайға дейінгі жолдар жабылды. Өңірде Түркістан қаласы мен 8 аудандағы 46 елдімекенде электр желілері үзіліп, жарық сөніп қалды. Қазығұрт асуында да жол жүру біршама қиындық туғызуда. Облыстық төтенше жағдайлар қызметі шұғыл шаралар қабылдап, күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті.
*****
Бұдан былай қазақстандықтар құрылыс компаниясынан жылжымайтын мүлік сатып алу рәсімін бастан-аяқ онлайн тіркей алады. Яғни, баспана сатып алған тұрғын бұрынғыдай құрылыс компаниясы, банк, нотариус, халыққа қызмет көрсету орталығы сияқты мекемелердің арасында сабылмайды. Бүгін Astana Hub алаңында осы жоба таныстырылды. Блокчейн технологиясын қолданып жасалған жоба қазақстандықтарға жылжымайтын мүлікті онлайн режимде сатып алу мүмкіндігін ұсынып отыр. Қарапайым түсіндірсек, бұрын пәтерді сату-сатып алу процесін заң талаптарына сай рәсімдеп шығуға бірнеше күн кететін. Жаңа қызмет электронды цифрлық қолтаңба арқылы бүкіл процесті бір күнде рәсімдеуге мүмкіндік береді. Қазір бұл тәсіл тестілік режимінде сынақтан өтіп жатыр. Сәтті аяқталса, жоба елдегі барлық құрылыс компаниялары мен банктерге енгізіледі.