Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Әлеуметтік төлемдерді есептеу қағидалары өзгерді

Әлеуметтік төлемдерді есептеу қағидалары өзгерді

•    Аудан әкімдері жыл сайын 100 жұмыс орнын құруға міндеттеледі.
•    Тальго пойыздарында ақпанның соңына дейін жеңілдікпен жүруге болады.

Аудан әкімдері жыл сайын 100 жұмыс орнын құруға міндеттеледі. Үкімет отырысында Премьер-Министр жұмыс орындарын есепке алу жүйесін енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға кемінде 100 жұмыс орнын құру әкімдердің міндеті болып белгіленгендігін атап өтті. «Ұлттық экономика министрлігі Есеп комитетімен және Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, екі апта ішінде Үкіметке осындай жұмыс орындарын есепке алу жүйесін енгізу бойынша ұсыныстар енгізсін»,- деді Премьер-Министр.

*****
Құрылыс нарығындағы монополияны жою үшін кешенді іс-шаралар топтамасы әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин айтты. Оның атап өтуінше, тұрғын үйдің үлестік құрылыс заңнамасына өзгерістер енгізіледі. Бұл орайда құрылыс салушылар, олардың басқа ұйымдармен үлестестігі, тұрғын үйді өткізу көлемі, бағалар, шығындар, материалдар мен қызметтерді жеткізушілер туралы ақпарат ашық болуы тиіс. Үлестік құрылысқа қатысушылар арасындағы жауапкершіліктің аражігі ажыратылып, «біркүндік» компания құру тәжірибесіне және бас компаниялардың жауапкершіліктен жалтаруына тыйым салынады. Жер учаскелерін берудің және құрылыс қызметтерін мемлекеттік сатып алуды орналастырудың конкурстан тыс тәртібі жойылады.  
*****
Қытаймен арадағы кедендік статистикадағы алшақтықты төмендету нәтижесінде ел қазынасына қосымша 150 млрд теңге түсім түседі. Үкімет отырысында Қаржы министрі осылай деді. Шекарадағы былықты ретке келтіру үшін ондағы электронды кезек қызметін жетілдіру қажет. Сонымен қатар бақылауды жүргізетін экономикалық оперторларға қойылатын талап заң жүзінде күшейтіледі. Ал кеден саласындағы 9 оператор мен ірі импорттаушыларға қатысты тексерулер аяқталуға жақын.
*****
Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасының хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгін ІІ ауысымның бастауыш сынып оқушылары үшін де сабақ қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.
*****
Әлеуметтік төлемдерді есептеу қағидалары өзгерді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 31 қаңтардағы бұйрығында көрсетілген.  Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді  еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда, асыраушысынан айырылған кезде, жұмыссыз қалғанда, жүктілікпен және босанумен, жаңа туған баланы асырап алумен байланысты табысынан айырылғанда  және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда тұрғылықты жері бойынша жеке басын куәландыратын құжатпен және қорға өтінішпен жүгінуі керек. Бұйрықта өтініш «Бір өтініш» қағидаты бойынша берілетіні айтылған. Аталған бұйрық бүгіннен бастап қолданысқа енеді.
*****
Жолаушылар ақпан айының соңына дейін кейбір Тальго маршруттарындағы жеңілдіктерді пайдалана алады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ 2022 жылғы ақпан айының соңына дейін Алматы 2-Атырау бағытындағы Тальго коммерциялық пойызына 35 процентке дейін;  Алматы 2-Нұр-Сұлтан 1 пойызына 28 процентке дейін; Алматы-Өскемен бағытында  51 процентке дейін; Алматы 2-Маңғыстау – 43%-ке  дейін; Алматы 2 – Петропавл – 46%; Нұр-Сұлтан Нұрлы Жол – Шымкент бағытындағы Тальго пойыздарына  43% дейін жеңілдік қарастырылған.
*****
Түркістан облысында мектеп қазандығы жарылып, бір адам қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оқиға бүгін таңғы сағат 08:24 шамасында Сайрам ауданы, Қайнар Бұлақ ауылы, Ошақты елдімекенінде болған. Шағын жинақты орта мектеп аумағындағы қазандық жарылған. Оқиға орнында 1963 жылы туған от жағушы көз жұмды.
*****
Алматыда оқ-дәрі мен «Молотов коктейлі» жасырылған орын табылды. Оқ-дәрілерді «Дархан» ықшамауданының тұрғыны тауып, 102-ге бірден хабар берген. Айтуынша, ол туннельден оқ-дәрілер салынған пакет тауып алған. Жедел-тергеу тобы оқиға орнын тексерген кезде гранаталар, оқ-дәрі, револьвер, сонымен қатар, «Молотов коктейлін» тапты.