Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 22.11.2021

Тәулік тынысы 22.11.2021

Елімізде 20 мыңнан астам балаға коронавирусқа қарсы екпе егілген. ДСМ таратқан ақпаратқа сүйенсек, Pfizer екпесін ақысыз негізде 27 554 адам алған. Соның 20 381-і жасы 12-ден асқан жөсөспірімдер. Одан бөлек 2 499 жүкті әйел коронавирусқа қрасы вакцина қабылдаған. Сондай-ақ бала емізіп жүрген 4 674 ана Pfizer вакцинасын салғызған. Айта өтейік, бүгін Қазақстанда халықты ревакциналау басталды . Науқан екі кезеңнен тұрады. Осыған дейін вакцинаның екі дозасын да салдырғандар жаңа жылға дейін үшіншісін қабылдайды. Бұл – медицина қызметкерлері, мұғалімдер, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен жабық балалар мекемелерінің мамандары, сондай-ақ күш құрылымдарының қызметкерлері. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева Pfizer вакцинасы қатерлі ісікке де, диабетке де, аутизмге де әкелмейтінін айтады. Еске салсақ, өткен аптада Үкімет басшысы Асқар Мамин Pfizer вакцинасын ақылы нарық сегментіне шығару туралы ұсынысты мақұлдады.

*****

Үкіметтік емес ұйымдарды тіркеу мерзімінің қысқаруы азаматтық қоғамның дамуына оң әсер етіп отыр. Қазақстанның Х Азаматтық форумының ашылуында сөз сөйлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осылай деді. «Жыл сайын елдегі «үшінші сектордың» қатары орта есеппен 150 жаңа қатысушымен немесе айына 12-13 үкіметтік емес ұйыммен толығады», - деген министр салада бірлескен жұмыс өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

*****

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та азаматтық қоғамның жұмысын жоғары бағалап, полиция қызметіне 270-тен астам үкіметтік емес ұйым көмектесетінін айтты.

Ерлан 2 каз

Алматыда тоғызыншы қабаттан балаларымен секіріп мерт болған әйел өлер алдында хат жазып кеткен. Алматы қалалық полиция департаменті үш баласымен 9-қабаттан секіріп кеткен әйел әрекетінің алдын ала себебі анықталғанын хабарлады. «Бұл отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас негізінде жұбайымен арада болған жанжал. Өлер алдында хат жазып қалдырған. Басқа мән-жайлар анықталуда. Іс ҚР ҚК-нің 105 бабына сәйкес тергелуде. Тергеу-жедел тобы құрылды»,-деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Куәгерлердің айтуынша, жас ана алдымен балаларды терезеден лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен. Әйелдің жасы 28-де. Балалары 2015, 2016 және 2019 жылы туған. Әйел мен екі баласы оқиға орнында көз жұмған. Тағы бір бала жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған.

*****

Елімізде киберқылмыс көбейді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда 10 айда 18 мыңдай интернет алаяқтығы тіркелген. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 80 пайызға көп. Алаяқтар көбінесе көрсетілетін қызметтер үшін алдын ала төлем талап еткен кезде шабуылға шығады. Құқық қорғау мамандары киберқылмыстардың көбеюін әр салаға енгізіліп жатқан технологиялармен байланыстырады. Хайтек жедел-алдын алу іс-шарасы аясында 300 қылмыс тіркелген болса, бұрын жасалған 440 алаяқтық әшкереленген.

*****

Ауғанстанда кедейлік артып, бір тілім нанға мұқтаж адамдар саны еселеніп жатыр. Осыған байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы аясында Кабулда 7 мың тұрғынға соңғы 2 айда 76 доллардан, яғни 32 мың теңгеден көмек берілген. Былтыр 9 миллион адамға ақшалай жәрдем берілсе, биыл тәліптер билікті басып алғаннан кейін мұқтаж жандардың қатары 14 миллионға бір-ақ жеткен. Халықаралық азық-түлік агенттігінің болжамынша, келесі жылы аш-жалаңаш тұрғындардың саны 23 миллиондай болуы мүмкін, сондықтан олардың мұқтаждығын өтеу үшін донорлар тарапынан ай сайын 220 миллион доллар түсіп тұруы қажет.

*****

Елордалық көрермен «Бөрте» спектаклін тамашалады. Түркістан музыкалық драма театрының ұжымы тарту еткен туынды белгілі драматург Дулат Исабековтың шығармасының желісімен қойылған. Бөрте әлем тарихындағы әйгілі қайраткерлердің бірі, Шыңғыс ханның әйелі. Айта кетейік, «Бөрте» тарихи-спектаклі қазақ сахнасында тұңғыш рет сахналанды. Қойылым Шыңғыс хан мен Бөртенің жас кезіндегі танысуынан басталады. Бұдан соң Шыңғыс ханның алып империяны басқарып тұрған кезеңі қамтылған. Бір басында драмасы мен трагедиясы қатар өрілген қайсар, ақылды әйел Бөрте ханымның ғұмыры бұл шығармада кеңінен баяндалады.

*****

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Орал қаласындағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде 23-25 қараша күндері каратэ шито-рюден балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 облыстың командалары қатысады. Қазақстан каратэ федерациясының бас хатшысы Асхат Қосақов қазіргі кезде Оралда жалауын көтергелі отырған чемпионатқа қатысуға 600-дей спортшының тіркелгенін жеткізді.