Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 23.11.2021

Тәулік тынысы 23.11.2021

Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық. Тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында айтты. «Жер жүзінде өз алдына дербестігі жоқ қанша ұлт пен ұлыстың барын ескерсек, еселі еңбекке арналған отыз жыл ұлт тарихында алтын әріппен жазылары анық. Қазақтың барша арман-мақсатының орындалуы тек Тәуелсіз мемлекет, дербес ұлт жағдайында ғана мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздікті нығайту – экономиканы нығайту. Бұл барша халықтың еңбегімен келеді. Сондықтан жас ұрпақ ел игілігі үшін әрдайым еңбек етуге дайын болуы қажет деді Елбасы жиында.

*****

Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының Төрағасы өкілеттігін тапсыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Елбасының Баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-дегі парақшасында жазды. «Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының Төрағасы өкілеттігін тапсыру туралы шешім қабылдай отырып, партияны ел Президенті басқаруы керектігін атап өтті. Өкілеттікті беру рәсімі партия жарғысына сай жүзеге асады» делінген хабарламада.

*****

Билеуші партияның Төрағасы лауазымын Қасым-Жомарт Кемелұлына тапсыру – бұл заңдылық, қазақстандық билік транзитіне толықтай сәйкес келетін шешім. «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осындай пікір білдірді. «Елбасы атап өткендей, қазір «Nur Otan» қоғамды Президентіміздің Мемлекеттік бағдары төңірегіне топтастыруы қажет. Бұл шешім ел ішіндегі және сыртындағы барлық тараптарға биліктің тұтастығын және оның сабақтастық саясатына толықтай берік екендігін көрсетеді», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

*****

Шетелдік және отандық өндірушілер арасында қалыптасқан салық дискриминациясы жергілікті тауар өндірушілердің ірі жобаларға қатысу мүмкіндігін шектеп отыр. Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев бүгінгі Үкімет отырысында осындай мәселе көтерді.

*****

Үкімет үйінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жаңажылдық корпоратив өткізуге бола ма деген сұраққа жауап берді. «Алдымен әр өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты талап енгізіледі, яғни қоғамдық және тамақтану орындары мен концерт залдарға қанша адамның кіруге болатындығы туралы. Оны сол өңірдің мемлекеттік бас санитар дәрігері анықтайды. Рұқсат берілген жағдайда көпшілік баратын қоғамдық орынның неше адамға арналғаны ескерілуі тиіс. Сонымен қатар өңірдің қай аймақта орналасып тұрағаны да маңызды. Коронавирустың тарауы бойынша «жасыл», «сары» немесе «қызыл» аймақ бар», - деді А Алексей Цой. Сондай-ақ, министр әр облыстың мемлекеттік бас санитар дәрігері сол өңірдегі эпиджағдайға байланысты жеке шешім қабылдай алатынын жеткізді.

*****

Мәслихаттар толыққанды өз қызметін атқара алмай отыр. Бұл пікіріді 10-шы Азаматтық форумда Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы білдірді. Халық қалаулысы қоғам мен билік арасында көпір болу мақсатында құрылған қоғамдық кеңестер туралы да айтты.

Айта кетейік, бүгін X Азаматтық форумның екінші күні өтті. Биылғы басқосу «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылдығы» деген тақырыппен ұйымдастырылды. Ол 26 қарашаға дейін жалғасады.

*****

Елімізде бірқатар жол учаскелері ақылы болды. «ҚазАвтоЖол» компаниясының Теlegram-дағы желісі арқылы жолдардағы төлем бағасы мен өзге де сұрақтар бойынша жауап алуға болады. Ол арқылы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-на өтініш жолдауға, көлік құралының балансын тексеруге, сондай-ақ Республикалық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы ақылы автомобиль жолдары (учаскелері) бойынша жүріп өту үшін төлем бағалары туралы ақпарат алуға болады», - делінген компания мәліметінде. Ақылы жол жүйесін енгізу туралы бұйрықтар әділет органдарында мемлекеттік тіркеу рәсімінен өтті және бүгіннен бастап заңды күшіне енді.

*****

Солтүстік Қазақстан облысында Pfizer вакцинасын 800-ге жуық адам салдырды, басым бөлігі – жасөспірімдер. Петропавлдағы емханаларда Pfizer вакцинасын егетін арнайы екпе орындары ашылды. Ол жерде жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер вакцина алып жатыр. СҚО-да Pfizer вакцинасын бүгінге дейін барлығы 798 адам алды. Оның 571-і жасөспірім, 13-і жүкті әйел және 214-і жас ана.

*****

Түркістан облысында 9 мыңнан астам оқушы мен жүкті және лактация кезеңіндегі әйелдерге «Pfizer» вакцинасы салынды. Бұл туралы облыстың бас дәрігері Марат Пашимов айтты. Оның сөзінше, дәрігерлер жасөспірімдерді медициналық тексеруден өткізіп жатыр. Қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда екпе егуде. «Қазіргі уақытта облыс бойынша «Pfizer» вакцинасын қабылдағандар саны –9 098. Оның 7 мыңнан астамы жасөспірім болса, 1 424 жүкті және лактация кезіндегі 669 әйел.

*****

Бүгін «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Беларустің «Динамо» командасына қарсы өткізеді. Кездесу елорда уақытымен 19:30-да басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Екі команда бүгінге дейін 26 мәрте шеберлік байқасты.