Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Елге жасаған қызмет ешқашан ескерусіз қалмайды - М. Әшімбаев

Елге жасаған қызмет ешқашан ескерусіз қалмайды - М. Әшімбаев

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын тапсыру салтанатында сөйлеген сөзі

Құрметті достар!

Бүгін өздеріңізбен кездескеніме қуаныштымын!

Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр.

Бұл – өткенімізді ой елегінен өткізіп, алдағы бағыт-бағдарымызды анықтайтын маңызды меже.

Енді санаулы күндерден кейін Тұңғыш Президент күнін де атап өтеміз.

Бұл күн – елдік пен еркіндіктің нышанына айналған айтулы мейрам.

Біз бүгін осындай мерекелер қарсаңында, нағыз тарихи сәттің алдында жиналып отырмыз.

Сондықтан, баршаңызды келе жатқан маңызды мейрамдармен шын жүректен құттықтаймын!

Егемендіктің 30 жылдығы біздер үшін жеңістер мен жетістіктерге толы мерейлі белес болды.

Осы уақытта Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде толық қалыптасты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық саясатының арқасында барлық өзекті мәселе оң шешімін тапты.

Шекарамыз шегенделді, экономикамыз жүйеленді, сыртқы саясатымыз сындарлы жолға түсті.

Отыз жылдың ішінде әлеуметтік бағытта көптеген бағдарлама нәтижелі іске асырылды.

Халықты баспанамен қамту бойынша ауқымды жұмыс атқарылып, миллиондаған шаршы метр тұрғын үй салынды.

Осы бағытта Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында тың бағдарламалар қолға алынып, бірқатар жас баспаналы болды.

Тек соңғы үш жылдың өзінде аталған үш қалада жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтуға 21 млрд. теңге бөлінді.

Жас буынның сапалы білім алуы үшін заманауи оқу орындары пайдалануға берілді.

Осы жылдары 1800 жаңа мектеп салынды. Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту ұйымдарының саны да айтарлықтай артты.

Жастарымыз әлемнің ең озық жоғары оқу орындарында білім алу үшін «Болашақ» бағдарламасы іске асырылды.

Бүгінге дейін бұл бағдарлама арқылы 11 мыңнан астам қазақстандықтар әлемнің ең үздік университеттерінде білім алды.

Ұлт денсаулығын жақсарту жолында жаңа ауруханалар мен ғылыми медицина орталықтары бой көтерді.

Егемендік алғалы 1827 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді.

Еліміздің, әсіресе, өңірлер мен ауыл-аймақтың инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған көптеген жобалар жүзеге асырылды.

Мұның бәрі, ең алдымен, жастарымыздың білімді, дені сау, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы үшін жасалды.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы саясатының сабақтастығын сақтай отырып, жастарды қолдайтын тың бастамаларды қолға алды.

Өздеріңізге белгілі, 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланған болатын.

Соның аясында өскелең ұрпақты жан-жақты қолдау шаралары белсенді түрде жүзеге асырылды.

Волонтерлар жылы да жастардың зор әлеуетін ашуға ықпалын тигізді.

Пандемияға қарсы күреске бір миллионға жуық ерікті жұмылды. Солардың басым бөлігі жастар болғаны белгілі.

Жастарға елдік мәселелерге араласып, маңызды шешімдер қабылдауға тікелей атсалысатын мол мүмкіндіктер беріліп отыр.

Мемлекет басшысының бастамасымен Мәжіліс және мәслихат сайлауы кезінде партиялық тізімдерде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 пайыздық квота белгіленді.

Осы норма соңғы сайлауда жастардың заң шығару және өкілді органдарға көптеп келуіне жол ашты.

Мемлекет тарапынан жастар үшін әділетті әлеуметтік лифт қалыптастыру қағидасына да баса мән берілуде.

Осының негізінде Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталып, білікті жастар іріктелді.

Бүгінде резервтегі 200-ге жуық жас азамат жауапты қызметтерге тағайындалды.

Бұл шара биыл да жалғасын тауып отыр.

Құрметті достар!

Күні кеше Елбасымыз «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің отырысында Тәуелсіздігімізді нығайтудың маңызды міндеттерін атап, «Елдіктің жеті тұғыры» атты тұжырымдаманы жариялады.

Соған сәйкес, Тәуелсіздікті, бірлікті, ата-бадан мирас болған жерді, отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрді, ұлттық мәдениетті сақтаудың маңызына тоқталды.

Сондай-ақ, Елбасымыз білім мен прагматизм елдің өсіп-өркендеуіндегі маңызды басымдықтар екенін айтты.

Жастарымыз осы жеті тұғырды терең түсініп, оларды ту етіп, елге қызмет етуі керек.

Қазір уақыт өткен сайын әлем күрделеніп келеді. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда.

Мұның бәрі біздің елімізге де өз әсерін тигізері сөзсіз.

Осындай жағдайда Тәуелсіздігімізді нығайту, егемендігімізді баянды ету – Елбасымыз айтқандай, өскелең ұрпақтың ең басты міндеті болуы керек.

Біздің жастарымыз отаншыл, патриот азаматтар. Сонымен бірге, өз ісінің нағыз шебері, білікті, кәсіби маман болу да аса маңызды.

Қазір адамзат пандемияның салдарын еңсеріп келеді. Бұл індет әлем елдері үшін үлкен сынақ болды.

Соған байланысты қалыптасқан өмір сүру салтын қайта зерделеу қажеттігі туындап отыр.

Әлемнің болашақ келбетін өзгертетін, адамдардың өміріне тікелей ықпал ететін пост-пандемиялық үрдістер қалыптасуда.

Жастарымыз елімізді алдағы түрлі сын-қатерлерден сүріндірмей, аман алып шығу үшін осы үрдістерді терең білу керек.

Біріншіден, бұдан былай қоршаған ортаны қорғаудың маңызы арта береді.

Табиғатпен үнемі үйлесімде болу – біздің бабаларымыздың өмірлік философиясы.

Біз осындай көзқарасты қалпына келтіруіміз керек.

Жер – бүкіл адамзатқа, бізге дейін және бізден кейінгі ұрпаққа ортақ. Ал, оның мүмкіндігі шектеулі.

Уақыт өткен сайын таза ауа, су, құнарлы өнімдердің тапшылығы айқын сезіліп келеді.

Егер біз қазіргідей, есепсіз тұтыну дағдысын жалғастыра берсек, Жердің ресурстары ұзаққа жетпейді.

Халқымыз «судың да сұрауы бар», дейді. Сондықтан табиғатты қорғау өмірлік ұстанымға айналуға тиіс.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында осы бағытқа бас мән берді.

Жалпы, еліміздің алдында тұрған экологиялық мақсат-міндеттер – Мемлекет басшысының үнемі басты назарында.

Қоршаған ортаны қорғау – ортақ міндет. Осы жауапкершілікті бәріміз сезінуіміз керек.

Сондықтан жастарымыз экологиялық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуге тиіс.

Екіншіден, тұтынушылық идеологиясынан бас тарту қажет.

Пандемияға дейін тұтыну мәдениеті бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті.

Тіпті тұтыну өмірдегі ең басты мақсатқа айналды десек те, артық бола қоймас.

Жастар арасында да осындай үрдіс қалыптасқаны жасырын емес.

Толассыз тұтыну тоқырауға, құндылықтардың құлдырауына әкеліп соғады.

Сондықтан дұрыс құндылықтарды қалыптастыруымыз өте маңызды.

Ол үшін жанашырлық, жауапкершілік, сабырлық, мейірімділік сияқты адамгершілік қасиеттерді кеңінен дәріптеген жөн.

Бұл ретте рухани кемелдікке, Абай атамыз айтқан «толық адам» болуға ұмтылудың маңызы зор.

Үшіншіден, денсаулыққа бас мән берген жөн.

Бұл жерде «бірінші байлық – денсаулық» деген халқымыздың ұстанымына берік болуымыз керек.

Коронавирус індеті кезінде денсаулықтың қадірін жете түсіндік.

Сондықтан саламатты өмір салтын ұстану аса маңызды.

Жастардың гаджеттерге үңіле бермей, спортпен шұғылдануына басымдық беруі де өте өзекті.

Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану, таза ауада жиі болу, демалыс және жұмыс режимін сақтау – денсаулықтың негізгі факторлары.

Сонымен қатар, бұл қағидалар – қазіргі таңда жетістікке жетудің маңызды шарты.

Жалпы, денсаулықты сақтау, саламатты өмір салтын ұстану – адамның өз болашағына салған ең басты инвестициясы.

Жастарымыз осыны түсініп, өмір салтына айналдыруы қажет.

Төртіншіден, алдағы уақытта білім мен ғылымның, технологиялардың рөлі күрт артатын болады.

Пандемия жағдайы ғылымның қаншалықты маңызды екенін дәлелдеді.

Бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен вакциналар ойлап табылды.

Бұл өз кезегінде індетті салыстырмалы түрде жедел еңсеруге мүмкіндік берді.

Жалпы алғанда, күнделікті өмірімізде ғылымның рөлі артып келеді.

Кейінгі бес жылда елімізде магистратура мен докторантурада білімін жалғастырғысы келетін жастар саны өсіп отыр.

Алайда, олардың 9 пайызы ғана оқуларынан кейін ғылыми қызметпен айналысады.

Мемлекет ғылымды және жас ғалымдарды жүйелі түрде қаржыландырып, қолдау көрсетіп келеді.

Ұлы Абай өзінің 18-қара сөзінде «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», дейді.

Сондықтан жастарымыз ғылымға ұмтылуы керек. Ғылым жолы – болашақтың жолы.

Сондай-ақ, жетістікке жетудің кілті, әрине, білімде жатыр.

Ешқашан білдім, толдым деп тоқмейілсуге болмайды. Үнемі іздену, үйрену, жаңа саланы меңгеру өмірлік принципке айналуға тиіс.

Бұл – қазіргі таңда дамудың тағы бір маңызды факторы.

Бесіншіден, бүгінде сананың ашықтығы, әлеуметтік икемділік, эмоционалды тұрақтылық, толеранттылық, ортамен тіл табысу айрықша маңызға ие.

Бұл қасиеттерді бала күннен дамыту абзал. Осыған орай орта білім беру бағдарламаларын да жетілдірген жөн.

Технологиялар мен роботтандырудың қарқынды дамуы қоғамның қарапайым еңбекке деген сұранысын азайта береді.

Сол себепті, ой еңбегін, шығармашылық көзқарасты талап ететін бағыттарға баса мән беруіміз керек.

Сондықтан Президентіміз елімізде адам капиталын, креативті индустрияны дамыту қажеттігін үнемі айтып келеді.

Міне, мұның барлығы жаңа заманның адамзат алдына қойып отырған талап-міндеттерінен туындайды.

Жастар осы талаптарға сай болуы керек.

Бұл – еліміздің болашағын баянды ету және Тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы маңызды шарт.

Осы орайда өздеріңіздей жас буынға үлкен сенім әрі жауапкершілік жүктеледі.

Ал мемлекет өз тарапынан жастарды қолдау жұмыстарын жалғастыра береді.


Құрметті достар!

Жастар елдігіміздің тірегі. Тәуелсіздігіміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда.

Егемендігімізді одан әрі нығайтып, елдігімізді күшейтетін сіздерсіздер.

Осы абыройлы міндетті табысты атқарасыздар деп үміттенеміз.

Қай қиырда жүрсеңіздер де, қандай істі қолға алсаңыздар да, ең алдымен, елдің мүддесін естен шығарманыздар.

Осы жолда, Мағжан ақын айтқандай, біз де жастарға сенеміз.

Жалпы, қазақ жастары ешкімнен кем емес. Оған әлемді мойындатқан азаматтарымыздың жеңістері дәлел.

Алдағы уақытта Тәуелсіздікті нығайту жолында жастарымыз ең биік асуларды бағындырады деп сенеміз.

Құрметті бүгінгі жиынға қатысушылар!

Қазірдің өзінде бірқатар інілеріміз бен қарындастарымыз мемлекеттік қызметте, қоғамдық жұмыстарда және басқа салаларда біраз жетістіктерге жетіп жүр.

Елге жасаған қызмет ешқашан ескерусіз қалмайды.

Талантты жастар қашанда елдің үміті. Мемлекет ондай азаматтарды үнемі қолдап, көтермелеп отырады.

Бүгін сондай дарынды жастардың бір тобына «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы тапсырылады.

Жеңістеріңіз құтты болсын!

Сіздер осы жетістіктеріңіз арқылы еліміздегі талай жасқа үлгі көрсетіп отырсыздар.

Бойларыңыздағы жастық жалын жаңа белестерге бастасын. Бұдан да үлкен жетістіктерге жете беріңіздер.

Осы жолда барлықтарыңызға толайым табыс тілеймін.

Талантты жастарымыз жасай берсін.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі болсын!

Назар қойып тыңдағандарыңыз үшін рахмет.