Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Сенаторлар Салық кодексіне енгізілген түзетулерді бекітті

Сенаторлар Салық кодексіне енгізілген түзетулерді бекітті

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар заң жобасын қарады.

Сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, құжатты қабылдады. Бұл заң жобасына Парламент депутаттары бастамашыл болды.

Заңның басты мақсаты – азаматтар мен бизнесті қолдау. Соған байланысты құжатқа жеке тұлғаның жалғыз баспанасын кепіл ретінде қабылдауға шектеу қоятын норма енгізілді. Бұдан басқа, жеке салық төлеушілерге алдағы төлемдер мен салық берешегі туралы, оның ішінде банктердің мобильді қосымшалары және «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ арқылы хабарлау міндетті болады.

«Бүгін қабылданған заң Мемлекет басшысының Жолдауда жарияланған жекелеген бастамаларын іске асыруға арналған. Соған сәйкес, енді ең төменгі жалақыны салықтық есептік көрсеткіш ретінде қолдану жүргізілмейді. Сонымен қатар, құжатта экспорттаушыларды валюталық табысты ішкі валюта нарығына сату үшін ынталандыруға бағытталған ережелер көзделген. Жалпы, қабылданған Заң қолайлы бизнес-орта мен инвестициялық ахуалды қалыптастыруға ықпал етеді және отандық тауар өндірушілерді қолдайды. Сондай-ақ, жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер үшін салықтар мен төлемдер төлеуді жеңілдетеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар көрші мемлекеттерге әскери көмек беру жөніндегі екі Келісімді ратификациялады. Олар – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар.

Бұл Келісімдер қырғыз және тәжік тараптарына әскери мүлікті, атап айтқанда, оқ-дәрілер мен арнайы жабдықтарды бір реттік беруді көздейді. Сондай-ақ отырыста әскери мүлікті Қырғызстан мен Тәжікстанға беру Қазақстанның жауынгерлік әзірлігі мен қорғаныс қабілетіне әсер етпейтіні атап өтілді.

Бұдан басқа, Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралып, қабылданды.

«Бүгін ратификацияланған Келісімдер Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Алдағы уақытта бұл құжаттар көршілес елдермен өзара достық қарым-қатынасты одан әрі арттыруға және әскери саладағы ынтымақтастықты дамытуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді құжатқа қатысты пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.


Сенаттың Баспасөз қызметі