Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 25.11.2021

Тәулік тынысы 25.11.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті қабылдады. Президентке өңірдің биылғы он ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берілді. Облыс әкімінің айтуынша, халыққа вакцина салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, вакцина алуға тиісті тұрғындардың 100 пайызы екпенің бірінші компонентін алған. Кездесу барысында облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелері талқыланды. Даниал Ахметовтің мәліметі бойынша 2022 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 4 есе арттыру көзделген. Мемлекет басшысы облыс әкіміне жылыту маусымы кезінде тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру жұмыстарын жалғастыру жөнінде тапсырма берді.

*****

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Корольдігіне ресми сапармен барды. Мемлекет басшысы Брюссельде Бельгияның және Еуропалық Одақтың басшылығымен келіссөздер жүргізеді, сондай-ақ еуропалық ірі компаниялардың жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізеді деп жоспарланған.

*****

Енді қазақстандықтардың мобильді аударымдары реттеледі. Сенат депутаттары Салық кодексіне енгізілген өзгерістерді қабылдады. Егер Президент осы құжатқа қол қойса, кәсіпкерлер мобильді аударымдар үшін жеке шот ашуға міндетті болады. Заң жобасын әзірлегендер пандемия кезінде отандастарымыздың дені мобильді аударымдар арқылы есеп айырысып келді дейді. Одан түскен табыстан кәсіпкерлер салық төлемеген. Ал бұл көлеңкелі табыс болып есептеледі. Сондықтан депутаттар мұны заңдастыру қажет деген бастама көтерген. Жаңа заңға «мобильді төлемдер» түсінігі енгізілген. Енді клиенттер алған тауарларының ақысын, кәсіпкерлер ашқан шоттарға жібереді. Банктер де салық органдарына қажет ақпарат беруге міндетті болады,-дейді Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев.

*****

Қырғызстан мен Тәжікстанға өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсетіледі. Бүгін Сенат тиісті заң жобасын мақұлдады. Әскери мүліктер негізінен кеңес заманынан қалған. Оқ-дәрі күйінде беріледі. Бұл қадам еліміздің қарулы күштеріндегі қамтылу нормативінен артық болғандықтан жасалып отыр. Жалпы, әскери-техникалар бір ғана талаппен беріледі. Үшінші тарапқа өткізуге болмайды. Ол ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымымен бақыланады. Егер келісім бұзылса арнайы шара қабылданады,- дейді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев.

*****

Тәуелсіздік алғалы бергі кезеңде үкіметтік емес ұйымдар саны 14 есе көбейген. Бұл азаматтық қоғамның дамуына оң әсер етті. Қазақстандық ұйымдардың батыл бастамаларды іске асыруда білімі де, тәжірибесі де жетерлік. Бүгін Алматыда жалғасқан 10-Азаматтық форум барысында осындай ойлар айтылды. Демократия институттарын нығайту, адам құқығын қорғау мен өмір сүру сапасын өзгерту жайы сөз болды. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар қоғамның барлық саласына енген. Әсіресе әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар нәтижелі жүзеге асып келеді. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілеповтің айтуынша, Президент жарлығымен алдағы 10 жылға арналған азаматтық қоғамды дамыту Концепциясы қабылданды.

*****

Маңғыстауда келесі жылы да қуаңшылық болуы мүмкін. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, жұттан шығын болған малды өтеуге республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге қаражат бөлінді. Аймаққа қазіргі күні 70 мың тонна шөп жеткізіліп, ірі елді-мекендерге таратылды. Сондай-ақ 41 мың тонна жем басқа өңірлерден облысқа жеткізілді. Нұрлан Ноғаев өлген малдың басым бөлігі Ауыл шаруашылық министрлігінің қарамағындағы базаға тіркелмегенін айтты.

*****

Павлодар облысы ауыл шаруашылығы өнімдері жалпы өндірісінің өсім қарқыны бойынша көш бастады. Екі жыл ішінде бұл көрсеткіш 100 млрд теңгеге артты. Биыл өңір диқандары 30 жылдың ішінде тұңғыш рет 1 млн тоннадан астам дәнді дақылдар жинады. Сонымен бірге, суармалы егістіктер, ет, сүт, өңдеу өндірістерінің ауданы ұлғайып келеді. Жыл басынан бері ет өнімдерінің экспорты артты, - дейді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.

*****

Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында қалың қар жиналып жатыр. Қазір мұндағы ұшып-қону алаңдары ашылып, қалыпты жағдайда жұмыс істеуге көшкен. Елордада шамадан тыс көп жауған қардың салдарынан түнгі сағат екіден бастап, таңертеңгі тоғызға дейін жолақтарды мұздан тазарту ісі жүргізілді. Сондықтан оларды уақытша жабуға тура келген. Әуежай өкілдерінің айтуынша, 10 шақты рейс уақытынан кешіктірілген. Жүк рейстері Новосібірге, жолаушы рейстері Қарағанды мен Алматыға жөнелтілген. Тек соңғы тәулікте қалада қардың 1 айлық нормасы жауып қалған. Салдарынан қоғамдық көліктің қозғалысы қиындады. Ал, коммуналдық кәсіпорындар күні-түні тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр.

*****

Бүгін, UEFA Конференция лигасы топтық сатысында қазақстандық «Қайрат» бесінші ойынын Швейцарияның «Базель» командасына қарсы өткізеді. Кездесу елорда уақытымен 21.30-да басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Ойын Алматы қаласындағы орталық стадионда өтеді.