Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 26.11.2021

Тәулік тынысы 26.11.2021

Қазақстан мен Бельгия ауыл шаруашылығы және фармацевтика салаларында жаңа жобаларды жүзеге асырмақ. Қос ел мұндай келісімге Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге ресми сапары барысында келді. Мемлекет басшысы Бельгия Королі, премьер-министрі және Еуропалық кеңес президентімен келіссөздер жүргізді. Ал бүгін Еуропаның ірі компаниялары басшыларымен кездесті. Бизнес өкілдерімен жүздесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы теміржол локомотивтері мен жаңартылатын қуат көздерін жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру келешегін талқылады. Президент бұған дейін қолға алынған жұмыстардың қарқынды жүзеге асырылып жатқанына жоғары баға беріп, олардың Қазақстан үшін аса маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы елімізде жұмыс істейтін компаниялар жобаларының жүзеге асырылу барысын өз бақылауына алатынын айтты. Бұл ретте барлық экологиялық нормативтер мен нұсқаулардың сақталуы қажет екенін жеткізді.

*****

Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстан аймақаралық ынтымақтастығының III форумы өтті. Оның жұмысына екі елдің Премьер-Министрлері қатысты. Асқар Мамин мен Абдулла Арипов сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік, су-энергетика, туризм және басқа да саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың 70%-ға жуығы тиесілі. 2021 жылдың 9 айында екіжақты тауар айналымы 2,9 млрд доллардан асты. Осы жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстан Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне кіруі мүмкін. Форум аясында машина жасау, АӨК, құрылыс материалдары, электр техникалық өнімдері, медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру, инфрақұрылымды дамыту және басқа салаларда 54 келісімшартқа қол қойылды.

*****

Бүгін - 10-шы Азаматтық форум өз жұмысын аяқтады. 5 күн бойы азаматтық қоғам өкілдері демократия институттарын нығайту, адам құқығын қорғау, өмір сүру сапасын өзгерту, экология тақырыбыбын талыға салды. Жиналғандардың айтуынша, соңғы 30 жылда еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны 14 есеге өсіп, 23 мыңға жуықтаған. Олар қоғамдық мәселерді көтерумен қатар соңғы екі жылда тек «Қайырымды істер» марафоны аясында 5 миллионнан астам адамға көмек көрсеткен. Мемлекет тарапынан саланы қаржыландыру 20 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар, бүгін қоғамның дамуына ат салысқан үкіметтік емес ұйым өкілдері 15 номинация бойынша марапатталды. X Азаматтық форумның жұмысын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қорытындылады.

*****

Қарағанды облысының индустриясы заманауи кәсіпорынмен толықты. Облыс орталығында «Qaz Carbon» ЖШҚ Сарыарқа ферроқорытпа зауыты ашылды. Ол қысқа мерзімде, яғни 9 айда салынды. Жоба «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды. Кәсіпорында 300-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Зауыттың өндірістік қуаты – жылына 57 мың тонна ферроқорытпа. Ал тәулігіне 25 тонна түрлі ферроқорытпа шығаруға қауқарлы. Жыл соңына дейін зауыт толығымен өзінің өндірістік қуатына шығады.

*****

Елордада Агроқалашық және Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарының тағы бір бөлігі газға қосылды. Қазақауыл, Ақбидай шағынауданында, сондай-ақ қаланың Потанин көшесінің ескі бөлігінде көгілдір отын беріле бастады. Қазір Нұр-Сұлтанда газға Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар, Промышленный, Агроқалашық, Оңтүстік-Шығыс елді мекендері, сондай-ақ екі жылу электр орталығы қосылды. Осылайша, елорданың 11 мың үйі газға қосылуға мүмкіндік алды. Жыл соңына дейін Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендері көгілдір отынмен қамтамасыз етілмек.

*****

Ақмола өңірі үшін ерекше оқиға биыл облыстың әкімшілік- аумақтық картасында Қосшы қаласы пайда болды. Жолдау аясында өңірдің дамуы туралы есеп берген аймақ әкімі Ермек Маржықпаев осылай деді. Оның айтуынша, алдағы 5 жылда қаланың дамуына 113 млрд теңге бөлінеді.

*****

Қазір қолданыстағы карантиндік талаптарға сәйкес, Алматыда Ashyq жүйесіне тіркелген орындарда жаңа жылдық кештерді өткізуге тыйым салынбайды, алайда бірқатар шектеулерді сақтау қажет. Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабыловтың мәліметінше, бұл ретте келушілер мен мекеме қызметкерлерінің Ashyq жүйесінде «жасыл» статусы болуы шарт. Егер Алматыда коронавирусқа қатысты жағдай нашарласа, Ashyq жүйесіндегі нысандардың жұмыс режиміне қатысты карантиндік талаптар, соның ішінде жаңа жылдық отырыстар мен басқа да іс-шараларды өткізуге қатысты шаралар күшейтіледі,-дейді департамент өкілі.

*****

15 желаяқ Нұр-Сұлтаннан Оралға жолға шықты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған аламан марафонға қатысатын азаматтарды елорда тұрғындары сәт сапар тілеп, шығарып салды. Символикалық мәнге ие 2021 шақырым жолды қатысушылар 8 күнде жүгіріп өтпек. Бүгін елордадан шыққан марафоншылар Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе қалаларын басып өтіп, Оралға барады.